Маңғыстау локомотив пайдалану депосының машинисі Арапа Ағатаевтың теміржолда тепловоз жүргізіп жүргеніне қамал бұзар уақытқа жақындады. Кәсіби мереке қарсаңында оған ұжым басшылығы тарапынан саланың ең жоғарғы марапаты «Құрметті теміржолшы» төсбелгісі тағылды.

Арапа Жолболдыұлы қазір 57 жаста. «Тоғыз жолдың торабына» мойын бұрғанда ол небәрі 17 жастағы бозбала еді. Оның әкесі де, анасы да мектепте мұғалім болған. Бірақ, өзі теміржолшы болуды бала кезінен армандапты. Мұның бір себебі, Бейнеудегі теміржол мектебінде оқығандығы болса, екіншісі, ауылдас аға буынның тең жартысы теміржолда еңбек етіпті. Бұл туралы Арапа ағаның өзі «жұмысқа кетіп бара жатқан, келе жатқан көршілерімнің бәрі теміржолшылар еді», — деп есіне алды. Ары-бері ағылған жылжымалы құрамдарды тамашалап өскен жігіт мектепті бітіре сала, яғни 1976 жылы вагон депосына жұмысқа тұрады. Бір жылдан кейін машинист көмекшісі боп, 7 жылдан соң машинистікке өтеді. Кәсібінен нәсіп тапқан теміржолшы уыздай жас шағынан еңбекке араласқанына еш өкінбейді. Тиісінше, жұмысқа да, білімін жетілдіруге де бірдей уақыт тапқандығына қуанады. Ең бастысы – отбасында ата кәсіпті жалғастырып әкететін ұрпағы  өсіп келеді. Жұбайы дәрі-дәрмек маманы болса, үш ұлының тұңғышы вагон пайдалану депосында, ортаншысы Бейнеу ауданында тоқ бөлімшесінде, кіші ұлы Маңғыстау депосында машинист көмекшісі боп еңбек етеді. Үшеуі де жоғары білімді азаматтар.

─ Теміржолдың жұмысы қиын жұмыс. Күн-түн, таң-түс демейді. Демалыс, мереке жоқ. Белгісіз уақытта шақырады. Қызығы, жастық шақта шаршау білінбейді. 206 шақырымда 16 сағат жол жүретінбіз. Бейнеуден Құлсарыға, Сайөтеске қатынаймыз. 1986 жылы бізге Өтеген Наурызбаев деген жаңа директор келді. Басшымен бірге зауыттан су жаңа тепловоздар әкелінді. 1982 жылы Атырауға машинистік оқуға бардым. 1984 жылы машинист боп іске кірістім. Класс алғаннан соң жолаушылар пойызын айдауға көштім, — дейді Арапа Ағатаев. Оның айтуынша, теміржол – қауіпті аймақ. Өйткені, күтпеген жерде қайғылы оқиғаларға тап келуіңіз мүмкін. Мұның бір мысалы биылғы қаңтардың 28-нде орын алған. №377 «Маңғышлақ-Алматы» бағдарындағы жолаушылар пойызы газ таситын автокөлікпен соқтығысып, салдарынан машинист (Арапа Ағатаев) көмекшісінің аяғы сынып, көлік жүргізушісі сол жерде қаза табады. Бірақ, Арапа Ағатаев лезде майысқан локомотивтен шығып, тепловоздың екінші секциясымен жолаушылар вагондарын 350 шақырым қауіпсіз жерге жеткізеді. Сөйтіп, жолаушыларды апаттан аман алып қалды. Десек те,  мұндай көңіл қынжытарлық деректерге тап келмес үшін әрбір адам теміржол бойында үнемі қырағылық танытып, сақтық ережелерін бұзбағандары жөн.