Ауылды дамытуға қатысты жобалар қашан да қолдауды қажет етеді. Маңғыстау облысында «Ауылды бірлесе дамыту» жобасы аясында 15 кәсіпкер қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Олар — Түпқараған және Мұнайлы аудандарының тұрғындары, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Жоба Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің және «Еуропалық Одақ» ұйымының қаржылай қолдауымен екінші рет өңірімізде өткізілді. Айта кетейік, ауылды дамытуды мақсат еткен кәсіпкерлерге 10 млн теңге қайтарымсыз грант бөлінген. Оған 31 қатысушы қатысып, өз бизнес-жоспарын таныстырды.

Жоба қорытындысы бойынша Түпқараған және Мұнайлы аудандарынан келген 15 қатысушы жеңімпаз атанды. Енді олар өзінің тұрғылықты елдімекендерінің өркендеуіне үлес қоспақ.

Мәселен, Түпқараған ауданынан келген Қарлығаш Борашова есімді қатысушы кондитерлік өнімді дайындаумен айналысса, Мұнайлы ауданының кәсіпкері Гүлшат Демеуова тігін шеберханасын ашып, арнайы курс өткізуді құп көріп отыр. Алайда кәсібін дөңгелету үшін тігін машинасы жетпейді, сондықтан жоба арқылы қажетті техникалық базаны түгендеп алғысы келеді. Содан кейін ауыл жастарын тігін өнеріне бейімдемек. Ал Арай Ділманова Түпқараған ауданының жастары үшін «Шет тілін үйрету» курсын ашуды жоспарлаған.

Сондай-ақ жеңімпаз жоба арасында ұялы телефонды жөндейтін шеберхана, тазарту орталығы, полиграфия, сурет салоны, ірімшіктің түр-түрі, ет өнімдерін дайындайтын кіші фабрикалар да бар. Сонымен қатар сұлулық салоны, емдеу, массаж бөлмесі, үй бөлмесін жөндеу және жиһаз жасау сынды кәсіп түрлеріне грант бөлінеді.

МО «Азаматтық Альянс» ЗТБ-нің баспасөз қызметкерінің айтуынша, жоба жеңімпаздарына қайтарымсыз грант қаржылай берілмейді екен. Бөлінген қаражатқа қажетті затты алып бергенді тиімді санап отыр.

Жеңімпаз кәсіпкерлерге қайтарымсыз грант берілген соң жоба ұйымдастырушылары 1 жыл бойы мониторинг жүргізеді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді ұсынған МО «Азаматтық Альянс» ЗТБ