құрылысшы

Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты екендігі белгілі. Мемлекет басшысының қолдауымен Тәуелсіздік жылдары елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, жаңа нысандар мен жұмыс орындары көбеюде. Оның ішінде біздің аймақта тұрғын үй құрылысы және «Индустриялық инновациялық даму» бағдарламалары аясында ауқымды тірліктер атқарылды. Ауданымызда соңғы жылдары құрылыстың қарқынды дамығанын алыстан көз тартатын қызылды жасылды шатырлы тұрғын үйлер мен көшеге көрік беріп тұрған әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың күн санап көбейгенінен байқауға болады.

Кез келген құрылыста қолтаңбасы бар құрылысшыларымыздың өмірге деген белсенді көзқарасы мен шеберліктерінің шынайылығы жатыр. Аудан орталығы Шетпе селосының құрылысы бұдан жарты ғасыр бұрын басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын алға жылжытуда білікті де білімді, іскер де қабілетті құрылысшылар өзгелерге үлгі-өнеге болып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына айтарлықтай еңбек сіңірді. Солардың бірегейі осы салада табанды еңбек еткен Байтұрғанов Мықтыбайдың үйінде мереке қарсаңында қонақ болып, әңгімеге тартқан болатынбыз.

-«Мен еңбек жолымды 1971 жылы Забайкалдың Буратия жерінде әскери – құрылыс батальонында тас қалаушы маманы болып бастадым. Жастайымыздан ауылда өсіп, қара жұмысқа ысылғандықтан болар, бұл мамандықты игеріп кету маған қиынға соққан жоқ. Әскердегі борышымды өтеп елге оралып, кейінгі жұмыс өтілімді ауданымыздағы «ПМК – 1203» мекемесінде жалғастырдым. Ол кездегі жұмыс жасау әдістерімізде қазіргідей заманауи құрал – жабдықтарды атымен пайдаланған жоқпыз. Осы күнгі техниканың құдіретімен жасалып жатқан жұмыстардың басым көпшілігін сол кезде қолдан жасайтын едік. Аудандағы, ауданға қарасты ауылдардағы тұрғын үйлердің, кейбір нысандардың салынуында өзіндік үлесім бар деп мақтанышпен айта аламын. ПМК-1203 мекемесінде ұзақ жыл қызметімнен кейін 2005 жылы «ҚаламқасМұнайГаз» ӨБ-на қарасты «ОКК» ЖШС мекемесіне жұмысқа шақырту алып, 10 жыл абыройлы жұмыс жасап, бүгінде немерелерімнің қасында отырған зейнеткермін», — дейді ардагер құрылысшы.

Осы мереке қарсаңында, барша құрметті құрылысшыларымызға бар өнерлері мен жандарын салып жасаған ерен еңбектері үшін шын жүректен алғыс айтамыз! Сіздерге мықты денсаулық, сәттілік және еңбектеріңізде жаңа табыстар тілейміз!

Мұратбек КӘДІРБАЕВ