дәрігер

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында елдің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету, азаматтардың денсаулығын жақсарту мақсатында жұртшылыққа тегін медициналық көмек көрсететін «Жәрдем» пойызы Жаңаөзен қаласына келді.
Негізгі кеңсесі Астана қаласында орналасқан теміржол ауруханалары еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шегіп, Елбасы жолдауында көзделген нақты мақсат – қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізу жолында аянбай енбек етуде. Мұндай ауруханалардың әр аймақтарында бөлімшелері бар. Ал, Батыс Қазақстан экономикалық аумағы бойынша орталық Ақтөбе қаласында орналасқан. Қазіргі таңда қаламызда медициналық көмек көрсетіп жатқан пойыз құрамындағы дәрігерлердің дені ақтөбелік азаматтар.

IMG_7602
«Самұрық-Қазына» қоры қаржыландырып отырған «Апаттар медицинасының теміржол ауруханасы» акционерлік қоғамына қарасты бұл құрамның аға дәрігері – дәрігер-эндоскопист Ғиззат Саматұлы. Жаңаөзен қаласынан бұрын Қарақия ауданы, Болашақ ауылында болған дәрігерлер ауыл тұрғындарының көбінесе тері ауруларына шағымданатынын, жалпы Маңғыстау облысы бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларының, қан қысымы тұрақсыздығы, егде жастағылардың арасында буын ауруларының кең етек жайғанын айтады.
Негізгі құрамы 8 вагоннан тұратын бұл пойыздың 4 вагоны медициналық көмек көрсетілетін аурухана іспеттес. Осы теміржол ауруханасының бірінші вагонында кардиолог маман К.Бралова, неврапатолог Э.Аватаева, гинеколог У.Еңсепова, екінші вагонда лаборатория, офтальмолог О.Қуанышбаев, педиатр – медицина ғылымдарының кандидаты Н.Нұрғалиев, терапевт А. Даулетиярова, үшінші вагонда хирург Н.Айбасов, УДЗ маманы М.Нығметуллин, эндоскопист Ғиззат Саматұлы және соңғы төртінші вагонда стоматолог Е.Әбнасыров секілді білікті дәрігерлер мен әр дәрігер жанында медбикелер қызмет көрсетуде. Ал қалған төрт вагонда дәрігерлер тамақтанатын мейрамхана мен демалатын орындар орналасқан.
Таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін медициналық қызмет көрсетіп жатқан дәрігерлер Жаңаөзен қаласына 11 шілде күні келіп, 15 шілдеге дейін болуды жоспарлап отыр. Алғаш қалаға келген күннің өзінде-ақ дәрігерлерге 70 адам қаралып үлгергендігіне қарағанда заманауи техникамен жабдықталған бұл аурухана қызметі жергілікті халықтың көңілінен шығуда.

Әсел ҚОЙШЫБАЕВА