түйе

Маңғыстау облыстық ветеринария басқармасы уатсап әлеуметтік желісі арқылы тараған «Онды ауылында 200 түйе құтырыпты. Оның етін бөлікке бөліп жатыр екен» деген ақпаратты «кейбір адамдардың теріс ақпарат таратуы (немесе арандатуы)» деп мәлімдеді.

Бұл туралы маңғыстаулық фесбук қолданушысы, журналист, қоғам белсендісі Жәнібек Қожық өзінің парақшасында хабарлады.

Қазір Маңғыстау тұрғындарының арасында уатсап арқылы құтыру дертіне шалдыққан түйенің видеосы тарап кетті. Сонымен қатар хабарламада «Онды ауылында 200 түйе құтырыпты. Оның етін бөлікке бөліп жатыр екен» деп жазылған.

Аталған видеоға қатысты құзырлы органдардың ресми түсінік беруін сұраған қоғам белсендісі  Ж. Қожық кеше өз парақшасына былай деп жазды:

— Мен Маңғыстау ауданы, Онды ауылында тұрамын. Біздің ауылда 170-тей үй бар. Ауылдың бар жаңалығын біліп, той, садақаға барып отырамыз. Ондыда «200 түйе құтырды» деген — жалған ақпарат. Ауылда түйе құтырды дегенді естігенім де, көрген де емеспін. Бұл хабарды «Маңғыстаудың түйесінің еті өтпесін» деп әдейі қасақана таратып отыр деп санаймын…

Онды ауылын нысанаға алу себебі де белгілі. Онды ауылында жақында «Бір ауыл — бір кооператив» болып құрылып, түйе өнімдерін өткіземіз бе деп отырғанбыз. 17.01.2018 жылы кооперативтің құрылтай жиналысы болатын еді. Бұл соған қарсы болған адамдардың теріс әрекеті деп ойлаймыз,  — деп жазды.

Сол күні кешкісін ел-жұртты алаңдатқан мәселеге қатысты Ж. Қожыққа Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары И.Көшкінбаевтың атынан xат келіп түсті.

Хатта құзырлы орган соңғы 2 жылда (2016-2017жж.) Маңғыстау облысы аумағында жерде шөптің (өсімдіктер дүниесінің) көп (қалың) шығуына байланысты, жабайы жануарлар (оның ішінде түлкі, қарсақ, шибөрі, кеміргіштер, т.б.) саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есеге көбейіп отырғанын айтқан.

«Бұл мәселені ветеринарлық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарайтын болсақ, ауылдық (далалық) аумақтарда кеміргіштер және сонымен бірге жабайы жыртқыш аңдар көбейген жылдары, әртүрлі мал аурулары да пайда болуы және көбеюі мүмкін, әсіресе, біздің аймақта адам мен жануарларға ортақ Оба, Сібір жарасы, Құтыру ауруларының қаупі басым болады. Бұл – жалпы, табиғи және эпизоотиялық заңдылық», — делінген хатта.

Хатта өткен 2017 жылдың 3-тоқсаны мен қазіргі таңда облыстың Маңғыстау, Қарақия аудандары аумақтарының әр жерлерінде құтыру белгісі бар аурумен ауырған жабайы және ауыл шаруашылығы жануарлары байқалғаны жазылған.

«Мәселен, Маңғыстау ауданы аумағы бойынша, осы уақытқа дейін құтыру белгісі бар барлығы 6 бас түйе мен 3 бас сиыр тіркелді. Олардан биоматериалдар алынып, ветзертханаларға тапсырылып, 1 бас сиырдан алынған сынамадан ауру қоздырғыштары табылған жоқ, ал қалған 8 бас малдан алынған сынамалар қазіргі уақытта зерттелу үстінде, әлі нәтижесі берілген жоқ», — делінген.

Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары И.Көшкінбаев хатта эпизоотияға қарсы іс-шараларға тоқтала келіп, мал иелерінің де малдарын вакцинациялауға мүдделуі болуы керектігін айтқан.

P.S. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың желтоқсан айының соңында да уатсап арқылы жоғарыдағыдай мәтіндегі хабарлама тарап кеткен болатын. Хабарламада «Қызылсайда бір түйе құтырған, ет алғанда абай болыңыздар» деп халықты сақтыққа шақырған.

Сол кезде МО Ветеринария басқармасының басшысы Шамғали Хамиев 7292info.kz сайтына берген сұхбатында «Осы жылдың 8 желтоқсан күні Қызылсай ауылында бір бас түйе малы ауырған. Жергілікті ветеринар дәрігерлер қарап, құтыру ауруы болуы мүмкін деген күдікпен патологиялық материал алынып, зертханаға жіберді. Оның қорытындысы әлі шыққан жоқ. Малдың өлексесі сол жерде өртеліп жойылған. Бұдан өзге малдарда ауру белгісі жоқ. Жалпы бұл ауру малда жыртқыш аңдар тістеген жағдайда болады. Алайда аталмыш түйеде ешқандай тістеу белгісі байқалмаған. Мұндай ауру белгілері құтырудан басқа да кейбір мал аурулары мен азықтан уланудан да болуы мүмкін», — деген болатын.

Дайындаған Камшат ОҢҒАЛТАЙ

Басты сурет сайттың архивінен,

Хаттың көшірмесі Ж. Қожықтың әлеуметтік парақшасынан алынды