әліпби ауыстыру

Жалпы қай кезеңде де әліпби ауыстыру мәселесі  қоғамда  үлкен дау, пікірталас туғызатыны белгілі, өйткені ол – мемлекеттік маңызы бар мәселе, тұтас бір халықтың, елдің, ұлттың болашағы. Сондықтан да бұл мәселеде асығыстық танытпай, әбден талқыға салып саралап, дұрыс шешім шығарылуы керек. Елбасымыздың ұстанып отырған саясаты да – осы.

Тәуелсіздік алғаннан бері сөз болып келе жатқан әліпби ауыстыруға қатысты қоғамда түрлі  пікірлер, ұсыныстар айтылып келе жатыр, әлі де айтыла береді. Бірнеше жобалар да ұсынылды.

Қазіргі таңда біздің алдымызда  «латынға көшу керек пе, жоқ па» деген мәселе жоқ. Себебі  бұл кезеңнен әлдеқашан өттік. Екінші кезеңдегі мәселе және ең маңыздысы – латын жазуына негізделген жаңа әліпби қандай  үлгіде болу керек?

ҚР Парламенті Мәжілісінде Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешов ұсынған латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы тек зиялы қауымды ғана емес, жалпы жұртшылықты алаңдатқаны белгілі. Ондағы даулы мәселе – диграфтардың қолданылуы еді. Бұндай әдістің тиімсіздігін  бұдан бір ғасыр бұрын А.Байтұрсынов: «Ағылшындар ит деп жазып, шошқа деп оқиды», – деген бірауыз сөзімен-ақ дәлелдеп кеткен. Бұл пікірді тек қана мен емес, қалың көпшілік қолдайды. Демек, әліпби түзудегі басшылыққа алатын басты ұстаным – бір таңба (әріп) бір дыбысты белгілеуі тиіс. Яғни қазақ тілінде  28 дыбыс болса, әріп саны да  содан аспауы керек. Енді қазақ тіліне тән дыбыстарды белгілеу үшін қай тәсіл дұрыс? Апостроф па, диакритика ма? Міне, қазір осы сұраққа жауап іздеудеміз. Кешегі соңғы нұсқада  32 таңбадан тұратын апостроф белгілермен таңбаланған әліпби ұсынылған екен. Бұл  нұсқаға қатысты мынадай 2 мәселені айтуға болады: біріншіден, диграфтан құтылатынымыз, әрине, қуантады. Алайда, оның кедергілері мен қиындықтарын Өзбекстан мысалынан көре аламыз: техникалық тұрғыдан апостроф сөзді бөлуші белгі болғасын, кейбір бағдарламалар сөздерді бір емес, бөлек сөз деп қабылдайтыны тағы бар, екіншіден, аталған нұсқада қазақ тілінде, дәлірек айтқанда, қазақтың төл сөздерінде жоқ ф, ч, в сияқты дыбыстар таңбаланыпты. Өзіміз жаңа әліпби арқылы кірме дыбыстардан, артық әріптерден құтыламыз деп отырғанда, менің ойымша, бұл дыбыстарды енгізу қажет емес.

Тағы оқыңыздар: Көбінесе газбаллон қондырылған көліктер өртенеді

Қорыта айтқанда, қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Ал әліпби нұсқасына келсек, тіл маманы ретінде де, халықтың өкілі ретінде де айтарым: қазақ тіліне тән төл дыбыстарды  диакритикалық умляут белгілермен (әріп үстіндегі қос нүкте) берген дұрыс. Өйткені бұл әлемдік тәжірибеде бар, мәселен герман тілдері, оның ішінде  неміс тілі осы белгілерді қолданады және туыстас түркі тілдерінде (түрік, әзірбайжан) де бар. Немесе қазақтың ң, ө, ә сияқты төл дыбыстарын таңбалай алатын таңбалар ағылшын тілінің транскрипциясында да қолданылады. Соларды неге енгізбеске?  Мұндай әліпби  өзге ұлт өкілдерінің де  қазақ тілін тез үйренуіне мүмкіндік берер еді.

Маржан ЖЫЛҚЫБАЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты,

Ш.Есенов университетінің мұғалімі