латын әліпбиіне

Елбасы бұдан бұрын «Болашаққа бағдар: рухани жаңарту» мақаласын жариялағанда  «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім» деген  болатын.  Аталмыш мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлімінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығы  да айтылған. Енді міне, сол мақсат айқындала түскендей. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше «қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіреміз» деп мәлімдеді. Бұл жөнінде өзінің пікірін де айтты. Өз пікірінде: «… 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек»  дей отырып, 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін атады. Сондай-ақ 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісу керегін, алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізіліп,  жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде бел­гілі бір уақыт кириллица алфавиті де қол­даныла тұратынын ашып айтты. Президентіміздің  ел игілігі үшін, ұлтымыздың болашағы үшін қабылдаған мұндай маңызды шешімін әр қазақстандық қолдап, қоғамдық сананы бірге жаңғыртуымыз керек. Бұл орынды шешім.  Латын әліпбиіне көшуіміз —  әлем өркениетінің көшінен қалмаудың қамы екенін әр азамат жете түсінеді деп ойлаймын.  Себебі бізбен қатар көптеген көрші мемлекеттер әлдеқашан бұл жаңалықты жасап қойған.

Дүйсенбай АТАҒАРАЕВ,

Аудандық мәдениет, дене шынықтыру

 және спорт бөлімінің басшысы

Тағы оқыңыздар: Ел ертеңі—Отанын сүйген білімді жас