Иран кемелері Дамаванд

Ақтау теңіз сауда портына алғаш рет Иран ислам республикасының кемелері достық сапармен келіп, үш күн ақмаржан қаламызда аялдады.

Көрші елден келген қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов, ҚР әскери-теңіз күштерінің өкілдері және Қазақстандағы Иран ислам республикасының бас консулы Махмуд Адиб құшақ жая қарсы алып, ұлттық тағамдармен күтіп алды.

— Сапарымыздың басты мақсаты – қос елдің әскери-теңіз күштерінің арасындағы байланысты берік етіп, қарым-қатынасты дамыту. Екі елді байланыстырған қарт Каспийде достықтың туын көтеріп, бейбітшілік пен татулықты нығайтуды көздейміз. Ақтауда үш күн болып, қаладағы мәдениет ошақтарына бас сұғып, өңірдің тарихын паш ететін музейлерді аралап, футбол, арқан тарту, қол күресінде қазақстандық әріптестермен күш сынасамыз. Бұл мәдени және спорт шаралары – екі елдің теңізшілерін жақындатуға серпін,-деді Иран кемелерінің командирі, І деңгейлі капитан Махмуд Амузеш.

DSC_4567

Әскери айлаққа тоқтаған «Дамаванд» эсминеці мен «Пейкан» зымыран кемесінің экипажында 200-ге тарта адам бар. «Дамаванд» кемесі 2013 жылы ирандық мамандардың күшімен құрастырылып, суға түсірілген. Кеме атауы Иранның Мазендеран провинциясында орналасқан елдің ең биік нүктесі саналатын таудың құрметіне қойылған. «Дамаванд» эсминеці тікұшаққа арналған алаңмен, әскери жабдықтармен, заманауи техникалармен қамтылған. Ал «Пейкан» зымыран кемесі жүйріктер қатарына кіреді. Оның да жабдықтары озық.

— Ирандық теңізшілердің Маңғыстауға сапары – екі елдің әскери-теңіз күштері бойынша сындарлы серіктестігінің алғашқы қадамы. Бұрын ирандықтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп көрген емеспіз. Сондықтан бұл достық сапар бізге де ерекше маңызды,-деді ҚР ҚК әскери-теңіз күштері қолбасшысының орынбасары, әскери-теңіз базасының командирі, І деңгейлі капитан Қанат Ниязбеков.

Иран ислам республикасынан келген, технологиясы үздік, әлеуеті зор кемеге экскурсия ұйымдастырылып, етене таныстырылды.

DSC_4598

Келесі күні ирандық меймандары, Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов, қала әкімінің орынбасары Қуаныш Берішбаев, ҚР ҚК әскери-теңіз күштерінің өкілдері өшпес ерліктің символы — «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен жауынгерлердің рухына тағзым етіп, құрмет көрсетті.

— Қазақстан елінің бізді құрметпен қарсы алғанына қуаныштымыз. Біздің елде де сұм соғыста жанын пида еткен сарбаздарға арналған ескерткішке гүл қою, тағзым ету шаралары бар. Бұл ескерткіштер – баға жетпес құндылығымыз, өткеніміздің жарқын куәсі. Осы рәсім арқылы қос ел өткеніне құрметпен қарап, мақтан ететінін айғақтап отыр,-деп түйіндеді сөзін «Дамаванд» кемесінің командирі, ІІ деңгейлі капитаны Аббас Раеиси.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор