— Елімізде Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы өз жұмысын тоқтатты. Бұл туралы ұйым төрайымы Лариса Харькова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

«Мен Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының жетекшісі ретінде біздің ұйымның жұмысын тоқтату жөніндегі сот шешімін заңды деп мойындаймын. Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы 2016 жылдың ақпан айында тіркелген. «Кәсіподақтар одағы туралы» ҚР Заңының 10 бабы, 2 тармағына сәйкес, алты айдың ішінде, яғни 2016 жылдың тамызына дейін біз Қазақстанның 9 өңірінде бөлімшелер ашуға тиіс едік. Алайда, біз қажетті жақтастарымызды жинай алмадық. Соған қарамастан, Әділет министрлігі бізге 2016 жылдың соңына дейін қосымша уақыт берді. Біз оны орындай алмадық. Сондықтан, Әділет органы біздің ұйымның жұмысын тоқтату жөнінде сотқа талап арыз берді. Бұл біз үшін заңды»,-дейді Л. Харькова.

Тәуелсіз кәсіподақтар ұйымы сот шешімімен келісті. Сонымен қатар, Лариса Харькова алдағы уақытта кеткен кемшіліктерді ескере отырып, басқа ұйым құруға ниетті екенін айтты.

Баспасөз мәслихатында ұйым жетекшісі Маңғыстауда жарияланған аштық акциясын тоқтатуға шақырды.

«Қазіргі таңда, Ақтау қаласында «Oil Construction Company» ЖШС кәсіподақ өкілі Әмин Елеусінов менің бірнеше рет айтқан өтінішіме құлақ аспай, керісінше, осы компанияның жұмысшыларын аштық жариялауға үгіттеп жатыр. Тағы да ресми түрде айтамын, «Oil Construction Company» ЖШС жұмысшылары аштық жариялайтындықтарын менімен келіспеген, қандай да бір қарсылық акциясын өткізу жөнінде мен ешкімге, нақты айтқанда, Елеусінов пен Құшақбаевқа нұсқау берген жоқпын. Мен керісінше, «Oil Construction Company» ЖШС жұмысшыларын арандатушылыққа ермей, аштық жариялағандарын тоқтатуға шақырамын,-деді.  

Дереккөз: ҚазАқпарат