Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауынан

Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың дамуымен байланыстырар болсақ, оның ішінде басты орын алатын кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Бүгінде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау, жеңілдетілген несие, кәсіпкерлікті дамыту қорларының көмегі, арнайы қабылданған бағдарламалардың шапағаты тиіп, бизнестің өркендеуіне кең өріс ашылып отыр. Осы бағыттағы жұмыстар жайында БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізген қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Жанна Тоқбаева баяндады.

Бүгінде облыс орталығында 26 мың 420 шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкер бар. Оның 5288-і заңды тұлға болса, 25-і шаруашылықпен, 21107-і жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Жеке кәсіп ашып, нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлер экономикалық белсенді халықтың 66 пайызын, яғни 71 мың 555 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Жиында қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Жанна Жұмабайқызының келтірген деректеріне сүйенсек, 2015 жылы шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 544 млрд.теңгені, биылғы жылдың 9 айында шамамен 300 млрд. теңгені құрап отыр.

– «Бизнестің жол картасы- 2020» бизнесті дамыту және қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында 7 пайызға дейін субсидиялау және несиенің пайыздық мөлшерлемесін азайту шеңберінде 2015 жылы құны 3774,3 млрд.теңге болатын 21 жоба, 2016 жылы 5 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асты. Жобалардың жүзеге асуымен өткен жылы 966, биыл 750 жаңа жұмыс орны құрылды. Туризмді дамыту бағдарламасы бойынша 900 млн.теңге болатын 9 жоба іске асты. Бизнестің буынын бекітіп, кәсіпкерлердің жолында кесе көлденең тұратын кедергілерді азайту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыс орнатылды. Өңірлік филиалда жергілікті кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі, қалалық жер қатынастары бөлімі, жұмыспен қамту орталығының мамандары қызмет көрсетуде,– деді қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Жанна Тоқбаева.

Оның айтуынша, қалалық әкімдікпен 2016-2018 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту картасы жасақталған. Карта аясында шағын және орта бизнес субъектілерінің қазіргі жағдайы мен мәселелері жан-жақты зерттеліп, қалада кәсіпкерліктің керегесін кеңейтудің 4 бағыты анықталған. Атап айтсақ, қазіргі таңда өңірімізде қызмет көрсету кластерін, туризмді, азық-түлік және құрылыс материалдары өндірісін дамытуға ден қойылып отыр.

– «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалы тарапынан ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында шағын несие берілмеді. Өйткені, шағын несие бөлу тетігі шілде айында бекітілді.Қазіргі таңда 10 жоба шағын несие бөлу комиссиясының қарауында. Мал базарын ашу, автокөлік жуу орталығын ашу және бизнесті кеңейтуге бағытталған 3 жоба мақұлданса, автокөлікті жөндеу және қарау орталығын салуға несие берілді. Ауылшаруашылықты қолдау қоры арқылы жыл басынан бері құны 8,5 млн.теңгені құрайтын бөдене өсіру, мал шаруашылығын дамыту, автокөлікті жөндеу және қарау орталығына негізгі жабдықты сатып алуға несие берілді, – деді қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Жанна Жұмабайқызы.

[social icon=»enotype-icon-paperclip» link=»#» size=»32″ ]Қазіргі таңда Ақтау қаласында 15 базар, 634 дүкен, 34 супермаркет бар.   

 Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, аталмыш бөлімнің мониторинг жүргізуінің нәтижесінде халық тұтынатын тауарлар өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға қымбаттаған. Баяндамашының айтуынша, кәсіпкерлердің басым көпшілігі қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің көмегіне қаржы ресурстарына қол жеткізу, жылжымайтын мүлікті кепілге қою, жер алу, инфрақұрылым тарту, бизнес жобаларды жүзеге асыру жолдары сынды мәселелерді шешіп беру мақсатында жүгінеді.

–Индустрияландыру саясаты бойынша «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 10 жоба іске қосылса, 6 жоба жүзеге асу үстінде. Алдағы жылдары Индустрияландыру картасына енген 13 жоба жемісті жүзеге асады деп жоспарлап отырмыз.

[social icon=»enotype-icon-paperclip» link=»#» size=»32″ ] Келесі жылғы жаздан бастап бір уақытта 20-25 адамды тасымалдай алатын акватакси қызметі іске қосылмақ.

Бұл жобаны жүзеге асыратын кәсіпкерге мемлекеттен 100 млн.теңге несие беріледі, – деді қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Жанна Тоқбаева.

 

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ