Киелі топырақтан нәр алып, тылсым тарихын бал-бал тастарға мүсіндеген, рухани әлемін зергерлік әшекейлермен, күміспен күптеп, күйлерінің күмбірімен көмкеріп, жырларымен жиектеген, өткені өнегелі, келешегі көңілге шалқар ұялататын киелі Маңғыстау топырағында есімі әлемге танылған жазушы, қоғам қайраткері, қазақ елінің мақтанышы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы басталды. Жазушының туған ауылы Ондыда бастау алған шарағаҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Мемлекет және қоғам қайраткерлері Оралбай Әбдікәрім, Зейнолла Өтежанұлы, Рабиль Тәжіқараұлы, ҚР Парламенті депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Премьер-министрі кеңсесінің басшысының орынбасары Ермек Әмірханұлы, жазушы-драмматург Төлен Әбдік, Мереке Әбдешұлы, Қойшығара Салғараұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Батташұлы қатысты.

Заңғар жазушының кіндік қаны тамған ауылға келген меймандар ең алдымен Әбіш Кекілбайұлының анасына тұрғызылған «Ай ана» мүсініне келіп, тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Алғашқы сөз Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Жеткізгенұлына берілді. «Құрметті қонақтар! Маңғыстау ауданының қара тауының баурайындағы Онды ауылына қош келдіңіздер! Әбіш Кекілбайұлы осы өлкеде өмірге келді. Ол алғаш мектеп табалдырығын Таушық орта мектебінде аттап, 2-8 сынып аралығында осы Онды мектебінде оқыды. Балалық шағы осында өтті. «Ай ана» ескерткіші 2009 жылы Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдық мерейтойында өз ұсынысымен соғыстан қайтпаған балаларын, жарын күтіп отырған аналардың құрметіне қойылған еді. Қазірде бұл ескерткіш ауылымызға келген сыйлы қонақтардың тағзым етіп, гүл шоқтарын қоятын орынға айналды», — деген аудан басшысы жазушының мерейтойы өте үлкен ауқымда өтетінін, аудан орталығы киіз үйлер қалашығы бой көтеріп, ұлттық спорттар, бәйге, көкпар секілді сан алуан шаралар ұйымдастырылатын жеткізді.

Жазушымен бір мектепте білім алып, бірге есейген сыныптасы Алдаберген Құрмашев қайраткер тұлға туралы естеліктерін айтты. «Әбіштей аңыз адамды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген сіздей анаға күн сайын тағзым етсек те артық болмайды. Мен – Әбішпен бірге оқыған адаммын. Бала Әбішпен бірге өстім. Екеуміздің де тағдырымыз –ортақ. Әкелеріміз соғыстан оралмады. Ана тәрбиесінде өстік. Оқуды бірге аяқтадық. Әбіш бала кезінен өмірге ерте араласып, қоғамдық шараларға белсене қатысты. Ауылдың барлық шаруашылық іс-шараларына үн қосты. Ол өте белсенді болды. Біз аналарымыздың соғыстан кейінгі қиыншылықтарын көзімізбен көріп, ерте есейдік. Шешелеріміздің мал бағып, қой суарып, арқалап келе жатқан бір уыс отынына үйдің іргесінде жастық қылып қисая кеткенін көзімізбен көрдік, ерте ес жидық. Әбіштің замандастары қандай дегенде осыны айтар едім. Ананың тәрбиесін көрген ұрпақтың ешкімнен кем болмай өскенін айтамын. Әбіш артына өлмейтін, өшпейтін із қалдырды. Ол анасынан алған тәлімді айтты, жазды, мәңгілік мұра қылып қалдырды. Сол арқылы біз Әбішті танимыз. Әбіштей замандасыммен бірге өмір сүргеніме бек ризамын. Аналарымыз мәңгі жасасын», — деп жүрекжарды тілегін білдірді.

Астанадан мерейтойға арнайылап келген ҚР Сенат депутаты, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов заңғар жазушы есімі қазақ елі үшін қастерлі екенін айтып, кемеңгерге көрсетілер сый-құрмет ешқашан толастамасын атап өтті. Жазушының абыройын асқақтатқанерекше қадір-қасиетіне тоқталды. «Сәлем бердік, ағайын. Барлығымыз да ерекше бір сезімде, толқып тұрмыз. Айсәуле әжемізді, аға досымыз Әбіш Кекілбайұлын еске алып келіп отырмыз. Құрметті бауырлар, Клара Жұмабайқызы! Әбекеңнің өмірден көшкені, әулеттің кеткені, одан бұрын Айсәуле анамыздың кеткені бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Бірақ мынау дала осы Әбекеңдей дана, Әбекеңдей кемеңгер әкелді.Мынау үстірт, мынау Онды – сол Алланың әмірімен Әбіштей текті ұлды дүниеге әкеліп, қазаққа керемет сый жасады. Әбекең қазақтың ұлылығын көрсету үшін туып, ұлылығын көрсетіп өтті өмірден. Қазақтың кемеңгерлігін тек бойына жинап қоймай, халықтың санасына жеткізіп, әлемнің дәрежесіне көтеріп кетті. Соның арқасында мынау құладүз дала үстірттің үсті дәл бүгін жердің кіндігіндей болып тұр. Ол – осы Әбекеңнің дарының күші. Талантының ерекшелігі. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылында, дүние тапшы болып тұрған, экономика құлдырып тұрған кезде осы елдің пейілін көріп марқайып кетіп едік. Осы өңірдің бәрін аралап, көрдік. Әбекең бір жұма депуттаттар, министрлер, оқымысты ғалымдар бар, бүкіл қазақтың зиялыларын жинап әкеліп, үстіртті аралатып еді. Әбіштің дәрістерін тыңдап едік. Содан бері Әбекеңнің ұлағатты сөзін тыңдаған әрбір азамат өз кіндігін осы Онды жерімен іштей байланыстырып жүретіні хақ. Ол туралы көп жазылды, көп айтылды. Ерекше зерек Айсәуле әжеміздің өмірдегі жасаған ерлігі де ерекше. Ұлы Отан соғысы жылдарында мөлдіреген жап-жас келіншек Әбекеңдей алыпты өсіріп, қанатын қайырмай, тұмсығын мұқалтпай өсірді. Бүкіл қазаққа ана болып еді. Соның бір баласы мен едім. 1981 жылдан бері Әбекеңмен бірге жұмыс істедік. Әртүрлі салаларда әріптес, дос болып, аға-іні болып кеткен едік. Сол сәттердің бәрі көз алдымызда, санамызда жаңғырып тұр. Бүгін, міне, Әбіштің 80 жасын бүкіл ел, халық тойлап жатыр. Өзі оқыған Алматы қаласында көшенің аты беріліп, конференциялар өтіп, Маңғыстау жерінде түрлі шараларға жалғасып жатыр. Әбекең елдің жұрттың, Айсәуле анамыз елдің тілегін тілеп, жақсылық тіледі. Айсәуле әжеміздің тілегін бүкіл елге жеткізген Әбіш ағамыздың, аналарымызды жандары жәннатта болсын. Елі-жұрты аман болсын, қазағының мәртебесі әлемде биік болсын», — деді Қ.Сұлтанов.

Әлем таныған алыпты дүниеге әкелген Айсәуле анамыз бүкіл алаштың анасы. Анаға биік құрмет көрсетіп, тағзым ету мен қазақпын деген әрбір жанның парызы болса керек. 2009 жылы ел тілегін тілеген аналардың құрметіне Ұлы Отан соғысына аттанып оралмаған жарларын күткен аналарымыздың символикалық белгісі ретінде, Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анамызға арналып маңғыстаулықтар «Ай ана» ескерткішін тұрғызған еді. Сайын Назарбекұлының «Айсәуле анаға арнауын» Ә.Кекілбайұлы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айназым Сәкенқызы оқыды.

Мемориалдағы рәсімнен шыққан қонақтар Әбіш Кекілбайұлы атындағы орта мектепті аралады. Орта мектеп облыстағы үздік білім ордаларының бірі саналады. Мұнда Әбіш Кекілбайұлы есімі ерекше әспеттеліп, оқу бөлмесі мен музейі ашылған. Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаев озат оқушылардың Әбіш шығармаларынан оқыған үзінділерін тыңдап, жастарға болашағы ризалық білдіріп, оқуда сәттілік тіледі.

Ондыдағы оңды істер

Мерейтой қарсаңында Онды ауылында қазіргі заман талабына сай, өскелең ұрпаққа имандылық нұрын құйып, тәлім-тәрбие беретін жаңа мешіт ашылды. Мешіт құрылысы ауыл халқының бастамасымен қолға алынып, облыс, аудан басшылықтарының, жомарт жүректі жандардың қаржылай көмегінің арқасында аяқталған. Ашылу рәсімінде бас мүфти Серікбай қажы Ораз Құран оқып, ата-бабалар рухына дұға бағыштады. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жаңа мешіттің ұлт руханиятына қызмет ететініне сенім білдіріп, Әбіш Кекілбайұлы сынды тұлғаларды кейінгі ұрпақ танып өсуі қажет екенін айтты.

Ондыдағы оңды істер

«Құрметті халайық, қадірлі Клара Жұмабайқызы! Қазақта киелі, қасиетті жерлер, елдімекендер көп. Бірақ соның ішінде Маңғыстау өңірінің, мынау Онды ауылының орны бөлек. Себебі қазақтың біртуар азаматы, ұлы ойшыл, кемеңгер, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы осы топырақта дүниеге келді. Алақандай ғана ауыл сол Әбекеңнің арқасында тек Қазақстанға ғана емес, әлемге танымал болды. Әбіш Кекілбайұлы туралы қазақта «қазақтың қара нары» деген сөз бар. Түйелі ауыл болғандықтан нардың қасиетін жақсы білесіздер. Барлық ауыртпашылықты, қиыншылықты, жақсылықты, ізгілікті бойына сіңірген. Біз Әбекеңнің үзеңгілес інісі ретінде ақыл-кеңесін, өнеге-өсиетін естіп өстік. Батасын алдық. Әбекеңнің орны – қазақ үшін ерекше. Әбіштің мерейтойы тек Маңғыстау емес, еліміздің түкпір-түкпірінде ел болып тойланып жатқаны бекер емес. Алматыдан бастау алып, бүгін туған жері Маңғыстауда жалғасты. Ең негізгі іс-шаралар еліміздің астанасында өтеді. Әбекеңнің ел алдындағы сый-құрметі жоғары. Біріншіден Әбекеңнің әруағы алдындағы бір міндетіміз болса, екіншіден бүгінгі ұрпақ осындай дара тұлғаларын жете тануы тиіс. Жастар елдің атын кімдер танытқанын, кімдер дамытып жатқанын білуі қажет. Ондыда осындай кереметтей мешіт ашылғаны көңіл қуантады. Мешіт адамды имандылыққа, тәрбиеге, бірлік пен ынтымаққа шақырады. Имандылық, ұлттық тәрбие қазақ халқы үшін қазіргі сәтте өте қажет дүние. Құтты болсын!», — деп мешітке арнаулы сый-сияпатын табыстады.

«Онды ауылы мешіті» қоғамдық қорының жетекшісі Жәнібек Қожық құлшылық ордасы халықтың қолдауымен, елдің бірлігінің нәтижесінде бой көтергенін айтады. «Бұл – әуелі Алланың оңдауымен, халықтың қолдауымен, бүкіл халықтың тілегімен, ауызбіршілігімен бой көтерген мешіт. Оның құрылысын жеке бір компания жүргізген жоқ, яки жекелеген кәсіпкер салған жоқ. Қарапайым халық тұрғызды. Сегіз жасар баладан бастап, еңкейген қарияларға дейін көмек қолын созды. 200 адамдық мешіт. Имамымыз осы ауылдық Азанбай деген ақсақалымыз. Ауылда 150-дей түтін, 1000-нің үстінде халық бар.Алладан тілейтініміз еліміз аман болғай, жамағатымыз ауызбіршілікте, тура жолдан жаңылмағай», — дейді Ж.Қожық.

Онды мешітінің негізгі көлемі – 256 шаршы метр. Мұнарасының биікті – 15 метр, күмбезі биікті – 12 метр, диаметрі – 7 метр. Мешіт құрылысы сапалы, бағалы материалдарменжүргізілген. Есігінің өзі таза емен ағашынан жасалған екен. Ал мешіт құрылысына қажетті қаражатты бүкіл халық көтерді. «Сол себепті бірінің атын атап, екіншісін атамай кету қиянат болар. Бәрі де қал-қадерінше көмек берді. Жеке бір демеушіміз жоқ», — дейді мешіт қорының төрағасы. Мешіттің 130 адамға шақталған негізгі үлкен залы, әйелдер залы, имам бөлмесі және сауат ашуға арналған дәріс бөлмесі бар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз мешіт салудың сауаптылығы мен имани құндылықтарды сақтаудың мән-маңызына ерекше тоқталды. Бас мүфти тарихтың қиын кезеңдерінде қазақ халқының діні мен дәстүрін жоғалтпағанын жеткізді.

«Құрметті маңғыстаулықтар, ондылықтар! Алла Тағала адамзат баласын махаббатпен жаратқан. Жаратушының ұлы құдіретін және өзінің пенде екенін мойындап, Құдайға бір табан жақындайтын орын. Алаш елі осындай үлкен мерейтойда бас қосып, бүкіл елдің жақсылары мен жайсаңдары жиналды. Алла Тағала Құранда: «Өзіне иман келтірген, бұл дүниені пәни, ақыретті бақи деп сенген адамдар жер бетінде мешіттер салады» деген екен. Міне, сол имандылықтың, мұсылмандықтың ерекше сипатының бірі үлкен сауапты амал саналатын мешіттің салынуына атсалысқан барша жамағатқа, елдің азаматтарына ерекше алғыс-ризашылығымызды білдіреміз. Әулиелер мен машайықтардың мекені, діні мен дәстүрін басынан қанша алмағайып замандар өткізгенде де ешқашан мойымастан мешіті мен медресесін молдасы ұстап келгенін тарихтан жақсы білеміз.Баршаға белгілі тарихта, Шопан атаның, Шақпақ атаның, Бекет атаның жерасты мешіттері бүкіл әлем мұсылмандарына танылды. Бұл ерекшелік тек қана біздің елде бар. Мешіт адамдарды бірлікке шақыратын, имандылыққа үндейтін орта. Тәуелсіздігіміздің арқасында ата-бабамыздың діні мен дәстүрі қайта жаңғырып, жыл сайын құлшылық үйлері көбейіп келеді. Мемлекетімізде руханиятымызды көтеруге бар мүмкіндік жасалып отыр», — деген бас мүфти мешітке өз атынан және мүфтият атынан қасиетті Құран кітаптарын сыйға тартты.

Ондыдағы оңды істер

Мәртебелі меймандар мешіт лентасын қиып, жаңа құлшылық ордасында бас мүфти бастаған жамағат екі бас намаз оқыды. Осыдан кейін дүйім жұрт жайылған ақ дастарқаннан дәм тартып, рухани әңгімелер айтты, дәм соңынанҚұран оқылып, әруақтарға дұға бағышталды.

Жайық НАҒЫМАШ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН