ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев Маңғыстау өңіріне іссапары аясында Маңғыстау облыстық ауруханасына бас сұғып, дәрігерлер ұжымымен кездесті. Басқосуда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» Басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов облыстағы медициналық ұйымдардың жаңа жүйеге дайындығы жайлы баяндады. Аймақтағы ақпараттық жүйелерді интерациялау, медициналық сақтандыру жүйесін сандық форматқа толықтай әзірлеу, электронды құжат алмасу жүйесін біріздендіру мәселелері қызу талқыға түсті.

«Облыстық әкімдіктер мен медициналық ұйымдар арасында семинар өткізіп, әрбір медициналық жүйені толықтай тексеру қажет. Бұл өте күрделі мәселе. Әкімдік есебіне сүйенсек, өңір аумағында үш мекемеде ғана ғылыми интеграция тетіктері іске қосылмаған. Алайда техникалық даярлықты пысықтау үшін міндетті түрде сынақтан өткізу қажет деп есептеймін. Бұл іс-шаралар 15 қарашаға дейін өткізілуі тиіс. 2018 жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры  тегін медициналық қызмет көрсету жүйесін қаржыландырумен айналысады. Бұл бағытта жыл сайын триллионға жуық қаражат жұмсалуда», — дейді Айбатыр Нышанбайұлы.

Сондай-ақ әңгіме арасында сақтандыру жүйесін толықтай автоматтандыру, халықтың арасында тегін медициналық қызмет алу құқықтары жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, халықпен кері байланыс орнату турасында сөз қозғалды.

«1 желтоқсаннан бастап Қаржы министрлігімен бірлесіп, қор порталы жасақталады. Негізгі мақсат — медициналық қызмет көрсетуді сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету,  тиімділікті арттыру, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу. Жаңа жүйе аясында төлем жүргізу толықтай автоматтандырылған. Жеті пайызы ғана әр бағыт бойынша қағаз түрінде жүргізіледі. Жыл аяғына дейін сақтандыру жүйесін толықтай автоматтандырып, электронды сандық қолтаңба арқылы ғана ақпарат алмасу көзделген. Бұл әсіресе шалғайда орналасқан ауруханалар қызметкерлері үшін  аса тиімді. Алайда кейбір мекемелердің электронды қолтаңбалары әлі күнге дайын емес. Алдағы уақытта осы мәселе бойынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Облыс бойынша медициналық ұйымдарда 2000-ға жуық дерекқорлар орналасқан. Маңғыстауда жеке кәсіпкерлердің медицина саласына қызығушылығы байқалып отыр. Біз бұл бағытты толықтай қолдаймыз. Себебі өзара бәсекелестік медициналық қызметтің оң сапасына әсер етеді» — деп атап өтті А.Жұмағұлов.

Айбатыр Нышанбайұлының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда тұрғындарды ақпараттандыру және халықпен кері байланыс орнату мәселесі  туындап отыр. Десек те, қор тарапынан халыққа тегін медициналық қызмет алу құқықтары жайлы ақпарат беру үздіксіз жүзеге асырылуда. Бұл бойынша орталықтандырылған 1446 қызу желісі қызмет етуде. Биыл халықтан 2000-ға жуық өтініш келіп түсті. Олардың барлығы толықтай қарастырлып, шешімін тапқан. Әлеуметтік сақтандыру қорының қызметкерлері халықпен жиі кездесулер ұйымдастырады.

«2015 жылдан бастап денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы іске асуда. Бағдарлама аясында қаңтар айынан жаңа медициналық жүйе іске қосылады. Бүгінгі таңда біз қол жеткізген ең үлкен нәтиже – Қазақстан халқының орташа  өмір сүру жасының ұзаруы. Әрине, медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып, дәрі-дәрмектермен толық қамту мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Десекте өзекті мәселелер де жоқ емес. Өздеріңіз білесіздер, Мәжіліс қарауындағы жаңа медициналық Кодексті енгізудегі мақсатымыз — медициналық көмек сапасын жақсарту. Жаңа жүйе дүниежүзі бойынша зор мәнге ие. Тек қана бір жылдың ішінде біз қосымша денсаулық сақтау саласына жұмыс берушілердің, кәсіпкерлердің есебінен ең кем дегенде жарты триллион ақша қосуымыз керек. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбейеді. Қазір халық арасында «қаңтар айынан бастап медициналық мекемелер бізге қызмет көрсетпейді» деген дәйексіз ой-пікірлер қаптап жүр. Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көрсету халықтың белгілі бір санаты үшін жалғасады. Сол себепті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі қажет. Барлық қазақстандықтардың есебі дайын болуы тиіс. Қазіргі таңда 14 мемлекеттік бағдарлама бар. Сақтандыру қорының жұмысын осы бағдарламалармен сәйкестендіру қажет. 2025 жылға дейін барлық елді мекендерде медициналық пункт болуы тиіс. Екінші мәселе – қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Үшінші мәселе –медициналық мамандар жетіспеушілігін жою. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын өсіру — өзекті мәселелердің бірі. Мінеки ендігі ретте осы бағыттарда жұмыстанамыз. Үкімет өзіне  жүктелген міндеттемелерді  толығымен орындауға жұмыс жасайды. Ендігі мәселе сіздердің міндеттеріңіз жайлы. Әсіресе дәрігерлер тәртіп пен мәдениетке аса  назар аударуы тиіс. Алдыңызға келген науқас «дәрігерге барсам, жазылып кетем» деген үмітпен барады. Егер сіздер дөрекілік танытсаңыздар ауруына ауру жамап жібересіздер. Соңғы кезде баспасөзде мұндай  оғаш жайттар жайлы жағымсыз жаңалықтар жиі жариял етілуде. Дәрігер болсын, науқас болсын, кінәлі тараптар тиісті жазаланады. Балалардың екпеден  өтуі туралы  байыпты түсіндіру жұмыстары да жүргізілуі тиіс. Дәрі-дәрмектермен қамту бойынша түйіткілді сауалдар туындайды. Қазіргі таңда сатып алынған дәрі-дәрмектің қаржысын өтеу жөнінде мәселе бас көтеруде. Ел бойынша барлық өңірлердің «СК-Фармация»-ға қарызы 19 млрд. теңгені құрап отыр. Облыс басшылығы сатып алынған дәрі-дәрмектердің ақшасын тиісті мерзімде өтеуді бақылауына алуы тиіс. Өздеріңізге мәлім біз дәрі-дәрмектердің 70 пайызын шет мемлекеттерден сатып аламыз. Сондық осы жағына қатты көңіл бөлуіңізді сұраймын. Сонымен қоса медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайту үшін кәсіпкерлер мен компаниялардың қаржысын пайдалануды жолға қою қажет», — деді Бердібек Мәшбекұлы.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН