Суретті Жігер Бектұрғанов ұсынды

Маңғыстау өлкесінде салған әні сан ұрпақтың жадында сақталған, қазақ елінің биік шоқтығына айналған өнер иесі көп. Бұл өлкеде толғауы тоқсан қызыл тілмен жырды көркемдеп, кестелі сөзбен талай талант иесі өнер биігіне шыққан. Олар күміс көмей даусымен кең даланы тербеп, ұлттық өнермен ұрпаққа үлгі бола білген-ді.

Бүгінде маңғаз өлкенің ұлттық өнерін өлтірмей, даралар салған сара жолды жалғап жүрген жастар баршылық. Соның бірі – Жігер Алтынбекұлы. Ол 1994 жылдың қыркүйегінде Жаңаөзен қаласында туған. Қазіргі таңда дәстүрлі әнді дәріптеп жүр. Жас болса да домбыраны серік еткен әнші-термеші Жігер Бектұрғановпен әңгімелесудің сәті түсті.

 – Жігер, естуімше маңғыстаулық шайырлардың жолын жалғап, ән мен жырды нақышына келтіре орындап жүрген талантты жансыз. Домбыраға, соның ішінде дәстүрлі ән өнеріне қызығушылық қалай пайда болды?

Бала кезімнен өнерге ынтық болдым. Содан болар жастайымнан домбыра үйрендім, ән мен жырды орындауға әуестендім. Оқушы кезімде «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары» сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болғаным есімде. Міне, көркемсөз оқу арқылы өнерге қызығушылығым пайда болды. Алыс жолдың өзі жақыннан басталады емес пе?

Нағашы атам дәстүрлі ән айтады, жыр-термені төгілте орындайды. Сол кісіден сабақ алдым, жыр-термені, дәстүрлі әнді орындауды үйрендім. Жыр додаларда жетістікке жеткен соң, өнерге деген құштарлығым одан сайын арта түсті. Осылайша бала арманмен 2010 жылы Маңғыстау өнер колледжіне оқуға түстім. Оны 2014 жылы бітіріп, арман қуып Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваторияда білімімді жалғастырдым. Былтыр оқуды аяқтадым, қазіргі таңда халыққа қызмет етіп жүрген жайым бар.

Өнер жолында кімдерді үлгі тұтасыз? Ұстазыңыз кім?

– Ең бірінші ұстазым – нағашы атам, Қуан Нұрмағамбетұлы. Одан кейін Маңғыстаудың жыр мектебін дамытып, тереңде жатқан өнерді қалқытып судың бетіне, халықтың назарына алып келген Елдос Еміл деген азамат. Ол кісінің алдында отырып сабақ алмағаныммен жырларын көп тыңдадым. Бір түсінгенім, ұстаз я шәкірт болу міндетті түрде дәріс берумен немесе алдына отырып тәлім алумен шектелмейді екен.

Одан кейін Ақылбек Өтешов, Аманбек Көмекұлы, Жеткірген Сейтов, Ақмарал Ерімбетова деген ұстаздарым бар. Айгүл Қосановадан білім алдым. Ол қанатымды кеңге жаюға көп көмектескен ұстаз, өнер жолындағы жанашырым. Есімі аталған осы кісілерді өзіме үлгі тұтамын.

Жырды орындау аса шеберлікті, тілдің анықтылығы мен әуездің тазалығын талап етеді. Домбырада ойнауы да тыңдарманға әсер етпей қоймайды. Осы ретте айтыңызшы, жыршыға тағы қандай қасиет керек?

– Жыршы үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Көп білу, кітап оқу жыршыға артықтық етпейді. Қазір екі-үш жырды жаттап, әр барған жерінде соны қайталап айта беруден жалықпайтын жыршылар бар. Әрине, «соқырға қарағанда қылилау». Сол үшін олардың өнерін бағалаймыз. Десе де кез-келген сұранысқа, тапсырмаға, ұсынысқа дайын болатындай жыршы атану қажет.

Байсалды болу да жыршы үшін маңызды. Қазір жас бала өнер иесіне қарап бой түзейді. Бір сөзбен айтқанда жыршы бір ғана жыр мектебімен шектелмейтіндей білімді, айтқан жыры мен сөзінде тал бесіктен жер бесікке дейінгі сұрақтардың жауабы тұратындай заңғар, биік шың болуы керек.

Жігер Бектұрғанов: «Жыршы – заңғар, биік шың болуы керек» (ФОТО)
Сурет Ж.Бектұрғановтан алынды

– Осы ретте айтыңызшы, өзіңізді жыршымын деп айта аласыз ба?

– Өзімді жыршы деп айта алмаймын. Бар болғаны дәстүрлі ән мен терме орындайтын өнерпаз ретінде бағалаймын. Бірақ ел жыршы деп өз бағасын беріп жатса, онда қуаныштымын.

Жігер, жыршыға харизма, мінез керек пе?

– Батыс өңіріндегі дәстүрлі ән мектебінде мәртебеге ие азаматымыз бар. Есімі – Ғарифолла Құрманғалиев. Ол кісі харизмаға келгенде өзінің кәсібилігін көрсете білген. Ерекше қызуқанды, орындаушылық шеберлігі, көзі, қас-қабағымен жырды көркемдеген. Актерлік қабілетін қосқанда сахнада ән айтып отырған Ғарифолла ағамыздың бүкіл болмысы өзгеріп тыңдармандарын толығымен өзіне баурап алатын. Оны құлағы естімейтін адамның өзі көріп отырса, жырдың мазмұнын оңай түсінеді. Бұл харизманың дәстүрлі ән өнерінде алатын орнын анықтап берсе керек.

– Жыршыларға тоқталсаңыз?

Ал жыршылыққа келетін болсақ, ол мүлдем басқа түсінік. Әрбір жыршының жыр орындауы, тыңдарманға жеткізу тәсілі бар. Біреу қолының қимылы арқылы, екіншісі қас-қабағымен, енді бірі тербеліп, басын қозғалту арқылы жырды көпке ұсынады. Ол туғаннан берілетін қасиет. Менің ойымша, жыр айтып отырғанда бей-берекет қозғалу ерсі көрінеді. Ал кейде жырдың тақырыбына сәйкес еріксіз кескін-келбетпен суреттелетін сәттер де болады. Бастысы – жасандылыққа бой бермеу керек. Жасанды іс-әрекет көзге көрініп тұрады. Сондықтан бойына біткен талант арқылы жырды тыңдарманға жеткізу әлдеқайда жақсы. Кей жыршылар бір орында тапжылмай, мүсін ретінде орындайды. Ондай орындаулар да көпке ұнамай қалуы мүмкін. Менің ойымша, өнерді түсінетін жыршы ешкім үйретпеген, ешкімнен үйренбеген мінезбен жырды суреттейді.

– Шамғұл жырау жырды бәсеңдетіп, бірде сағалатын, дауыс пен домбыраның үйлесімін сақтап орындаса, Сүгір сарыны ойнақылығымен, қоңыр үнімен ерекше есте қалған. Жанжігіт жырау бірқалыпты орындау мәнерімен дараланса, Айтқұл жырау дыбыстың шырқау биіктікте айтылуымен есте. Ал Жігер дәстүрлі ән мен жырды қалай орындайды?

– Дәстүрлі ән өнерінде Ғарифолла Құрманғалиевты көп тыңдадым, соған ұқсағым келді. Оның орындауында «Он алты қыз» деген ән бар. Сол қас-қабақ, көз-қимыл, тұрыс-отырыс, тербеліс, жалпы козғалыстың және әнші шеберлігінің арқасында көптің көңілінен шықты. Қазір осы ән сұраныста. Харизма болмаса бұл әнді ешкім білмес пе еді? Уақытында айтылып қалуы да мүмкін ба еді?

Абай ақын «Болмасаң да ұқсап бақ» деген ғой. Бейнежазбадан көріп, тыңдап, өздігімнен үйрену арқылы менде осы әнді ойнақылықпен орындап көрдім. Мұның барлығы өнерге деген сүйіспеншіліктен болар. Әншіге қиқу берсең, танымай қаласың. Кейде қиқулатып, шабытқа өріс беріп жатсақ, мұндай мимикалық көріністер өздігінен көрініс табады екен. Әнді айтып болған соң бейнежазбадан өзіңді көрсең танымайсын (күлді). Қазір ойнақылықпен орындауды азайттым.

Жігер Бектұрғанов: «Жыршы – заңғар, биік шың болуы керек» (ФОТО)

– Өз аудиторияңызды саралай аласыз ба?

– Өте жақсы сұрақ. Мақтанғаным емес, барлық жастағы адамдар ән-жырымды тыңдайды деп айта аламын. Мені үлкен асқа, тойларға жиі шықырады, сол кезде ұлттық өнерге құлақ түретін адамдарды байқаймын. Сонымен қатар гитара мен аккордион деген аспапты да ойнаймын. Сондықтан тындалмай қалатын ән, тыңдамайтын орта жоқ сияқты.

Жігер, ғаламторға жарияланған орындауларыңызды тыңдадым. Дауыс ырғағыңыз ерекше екен. Дауысыңызға қаншалықты мән бересіз?

– Әсіресе өтпелі кезеңде дауысым шықпай қалған. Содан көп уақыт ән айтпай қойған едім. Шынымды айтсам дауысты жоғалтып алудан қорықтым. Дауысқа күтім қажет екенін Маңғыстау өнер колледжіне оқуға түскеннен кейін бір-ақ білдім. Сол уақытта дауысқа бап жасауды үйрендім. Дауыс қою, оған күтім көрсетудің түрлі әдіс-тәсілдері бар. Екі-үш апта дауыс қойып, дайындалып жүріп, бір күні жаттығу жасамай қалсаң еңбегіңнің еш кететін кездері болады. Домбыра алып, ән айту оңай деп көбісі ойлайды. Жоқ, оның ешкім біле бермейтін үлкен белестері бар. Бір қуантарлығы салқын нәрсе дауысыма әсер ете қоймайды. Сондықтан салқын ішуден қорықпаймын (күлді).

Жалпы өңірде дәстүрлі өнердің насихатталуы қай деңгейде?

– Мына қарбалас қоғамда ата-бабамыздан қалған нағыз өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізе алмай, мойнымызға  артылған жүкті көтере алмай, үмітті ақтай алмай қаламыз-ау деп өнерге жаны ашып жүрген азаматтар бар. Содан болар дәстүрлі өнер өңірде жақсы насихатталып жатыр. Дегенмен нәтиже қуантпайды. Республикалық деңгейде өзімізді көрсете алмай отырмыз. Себебі жастар тарапынан қолдау аз. Елдің барлығы қызыл-жасылға әуестенді. Бұлай жалғаса берсе, ертеңгі ұрпаққа береріміз аз бола ма деп ойланамын, кейде.  Біз өзге елді мәдениетіміз арқылы таңқалдыра аламыз. Сондықтан нәтижеге жұмыс жасау керек. Мұның барлығын алып жүру үлкен іс, бас қасында майталман мамандар жүрген шығар. Сәттілік тілеймін. Десе де көңіл көншімейтін мәселе жеткілікті.

Жігер Бектұрғанов: «Жыршы – заңғар, биік шың болуы керек» (ФОТО)
Сурет Ж.Бектұрғановтың инстапарақшасынан алынды

– Осы орайда өзіңіздің қандай да бір ұсынысыңыз бар ма?

БАҚ өкілдері дәстүрлі ән өнерін, жыршылық өнерді көп насихаттаса екен деймін. Осы дәстүрлі бағыттағы өнерді насихаттау мақсатында «Жеті қайқы, бес жүйрік» деген бағдарлама ашқан болатынмын. Бағдарлама оң нәтижесін көрсетті, бірақ ол аз. Әрине жаспын. Осы авторлық бағдарламаның кейбір тұстарын білмей қалған, білетіндер айтпай қалған кездері болған. Ұлттық өнерді дәріптеуде бір ғана адам болмауы керек. Оған жұмылу керек екендігін түсіндім.

– Жігер,  өзіңіз білесіз, заман дамыған сайын, адамның талғамы да таңдауы да өзгеруде. Қазіргі таңда жыраулық өнерге сұраныс бар ма?

 – Дәстүрлі өнерге сұраныс ауылдық жерде көп. Тіпті ән мен жырды тыңдап өскен, өнерге бас иетін ортада болдым. Ондай жандар тойларын дәстүрлі ән мен жырсыз өткізбейді. Сол үшін ақы беріп, атан нарын беріп жыршы шақыртады. Мұндай сәтте өнеріңді бағалайтын, шын өнерді түсінетін тыңдарманыңның барына қуанасың.

Ал кейбірі жыршыны «той басында көрінсе, келіннің бетін ашса болды» деген оймен шақырады. Ән-жырды көп айтсаң, домбыра ұстаған өнерпаздан құтылуға тырысады. Олар үшін екі қайырып кетіп қалу керек. Ондай сұраныстың барынан жоғы жақсы деп ойлаймын. Қазіргі таңда той-томалақтан басқа, дәстүрлі әншілер мен жыршылардың шөлін қандыратын, бойындағы тұнып тұрған талантты шығаруға себепкер болатын концерттер мен додалар керек. Бірақ оның өзі тапшы.

– Жас болсаңыз да қара домбыраны серік етіп, мазмұны терең өлең-жырдың насихатталуына үлес қосудасыз. Одан басқа қандай өнеріңіз бар?

Бойында жоқ қасиетті бар етіп көрсететіндерді және мақтанғанды ұнатпаймын. Той-томалаққа барғанымда туған-туыс, дос-жаран қалжың-шыны аралас «мынау әнші, жыршы, термеші, сазгер, ақын» деп көп айтады. Шынымен де осы өнерлер менен табылады екен. Дәстүрлі әннен бөлек, бала жұбатар ән мен өлең шығарамын. Поэзия оқитыным да бар. Өнердің үлкен-кішісі болмайды, барлығы бір-бірімен байланыста ғой. Кейде тыныштықты қалап сурет салғанды, балық аулағанды жақсы көремін.

Жігер Бектұрғанов: «Жыршы – заңғар, биік шың болуы керек» (ФОТО)
Ж.Бектұрғановтың инстапарақшасынан алынды

– Эстрадалық бағыттағы «Гүлім», «Еркем дейін ерке қыз», «Ғашықтар ізімен» сынды төл туындыларыңыз бар екен.

Жатақхана – шабытты шақтың нағыз өзі. Студенттер міндетті түрде жатақхананың табалдырығынан өту керек. Жатақханада түнімен ән айтатын кездер көп болады. Сондай сәтте «ыңылдап» ән шығарған едім. Әнді көпке көрсетуге ұялып жүрдім. Әнші балдар сұрағанда «біреудің әні» деп ұялғанымнан өтірік айтатын едім. Сөйтіп жүргенде бұл әнді отырыста бір ағамыз ұнатып қалған соң әнді берген едім.

Ал «Гүлім» деген ән өзімнің құдай қосқан жұбайыма, қазіргі келіншегім Гүлсара деген қызға арналған. Есімі гүлден басталған соң «Гүлім» деп әнге ат қойдым. Бұл ән қыз-бозбала болып жүрген шақта шыққан еді. «Жеңгеңізге бұйымшылап барар едім, Болмағанда сынып жетекшім» деген тармақтары бар. Сол шықпай қойды (күлді). Бірақ Гүлсара екеуміздің арамызда жеңге, сынып жетекші де болған жоқ. Тек осылай шығару ойыма келді. Басқа туындыларым да келіншегіме деген махаббатымнан шыққан әндер. Қазір әндерімді Ғалымжан Жолдасов деген әнші орындап жүр.

– Сонда «Гүлім» ең алғашқы шығарған әніңіз бе?

– Жоқ, ең алғашқы ән «Күлімдеген көзіңді» деген атпен колледжде шықты. Оны қазір Қосаман Сапарбаев дейтін бауырымыз орындайды. Алла қаласа бейнебаян түсірілмек. Алғашқы жазған әнімді әлі күнге дейін колледж студенттері орындап жүр екен.

Шабытты қайдан аласыз?

– «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дейді. Десе де шабытты жалғыздықтан аламын. Жалғыз қалғанда әннің екі жолы келеді. Ал соңғы екі тармағын шығару қиын. Ойды жинақтау үшін жалғыздықта қалған мен үшін тиімді.

Жігер Бектұрғанов: «Жыршы – заңғар, биік шың болуы керек» (ФОТО)
Сурет Ж.Бектұрғановтың инстапарақшасынан алынды

Жігер, өзіңіз білесіз. Шілденің бірінші аптасы домбыра күні. Айтулы күн аймағымызда қалай тойланды? Көңіліңіз толды ма?

– Жоғары деңгейде тойланды деп айта алмаймын. Мүмкін енді мереке қатарына енгеннен соң айтулы күнді атап өтуде кемшіліктердің бары заңдылық шығар. Дегенмен бұл мереке үлкен мәртебеге ие болуы керек сияқты. Акциямен шектелмей, жоғары деңгейде концерттік бағдарлама ұйымдастырылғанда керемет болар ма еді. Бұл күні халық қайда қараса көзге домбыра көрінетіндей, құлағы домбыраның қоңыр үнін еститіндей, ұлттық өнерді ұлықтайтындай шаралар көп болғанда ғана ауыз толтырып айтуға болады. Біткен іске сыншы көп, әрине, алайда уақыт өте келе алдыңғы қатардан орын алатын мереке болатынына сеніммен қараймын.

– Өзіңіз білесіз, ел президенті Қ.Тоқаев «Домбыра сабақтарын мектепке енгізу қажет» деген болатын. Бұл туралы сіз не ойлайсыз?

– Осы пікірді оқығанда мен кәдімгідей қуандым. Өте дұрыс айтылған, мектепке пән ретінде енгізу керек. Сол уақытта қолына домбыра алып, жыр айтатын өнерлі жастар көбейер еді.

Жігер, салмақты сұхбат үшін рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер Жігер Бектұрғановтың инстапарақшасынан алынды