даму көмек

Жыл басында «Даму» Қорының Маңғыстау аймақтық филиалына мүмкіндігі шектеулі 5 кәсіпкер «Даму–Көмек» бағдарламасы аясында демеушілік көмек алуға өтініш білдірген. Жақында жоба аясында мүмкіндігі шектеулі 5 кәсіпкерге арнайы көмек көрсетілді.

— Бағдарламаның негізгі мақсаты — мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлерге қолұшын беру. Маңғыстау облысында «Даму-Көмек» бағдарламасы бастау алғалы бері 68 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге демеушілік көмек көрсетілді. Соның ішінде ағымдағы жылы 6 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер демеушілік көмегін алып отыр. «Даму» Қоры атынан демеушілік көмек көрсеткен барлық демеушілерге алғыс хаттар табысталды. Олар: «Банк ЦетрКредит» АҚ-ның аймақтық филиал басшысының орынбасары Ербол Таласбаев, «ForteBank» АҚ-ның аймақтық филиалының басшысы Абат Урисбаев, «Асыл Транс Груп» ЖШС-нің басшысы Раушан Аймурзаева,-дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» бағдарламалар бойынша біліктілікті арттыру менеджері Абай Момбеков.

Жоба арқылы жұмысын жалғастыруға көмек алған кәсіпкердің бірі-Маңғыстау ауданы Шетпе селосының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек, Гүлбала Досатова. Ауруы жанына батып, Астана қаласына барып ұзақ уақыт емделген Гүлбала туған жерге келіп, кәсіпкерлікпен айналысуға бел байлапты. Сол мақсатпен азық-түлік дүкенін ашуды қолға алған.

— Дүкенге қажет тоңазытқыш және микротолқынды пешті алуға қаражатым жетпеді. «Даму көмек» жобасы жайында газет беттерінен, интернеттен оқып, «Даму қорына» келіп, жолықтым. Бүгін міне, дүкеніме қажетті заттарды алып отырмын. Өте қуаныштымын. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген жандарға әрдайым мемлекеттен осындай қолдаулар көрсетіле берсе деген тілегім бар,-дейді Гүлбала Досатова.

Жобаның тағы бір жеңімпазы-екінші топтағы мүгедек, Жаңаөзен қаласының тұрғыны Жұмағали Ақназаров. Екінші топтағы мүгедек саналып, жұмыс жасауға қабілеті болмағандықтан Жұмағали отбасылық кәсібін жандандыруға бел байлапты. Оған жеке тіс емханасында жұмыс барысында қолданылатын, залалсыздандырылға медициналық саймандарды сақтауға арналған, УФК камерасын алуға демеушілік көмек көрсетілді. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы бір адамды жұмыспен қамтитынын айтты.

Сондай-ақ, екінші топтағы мүгедек, Мұнайлы ауданы, Даулет селосының тұрғыны, табиғи сүт өнімдерін өндіріп сатумен айналасатын Бибатпа Кенжебековаға мұздатқыш камерасы сыйға берілді. Ақтау қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек, қолөнер шебері Күләш Қозыбақоваға және Ақтау қаласының тұрғыны, үшінші топтағы мүгедек Виктория Чариковаға тігін машиналары тапсырылды.

Венера МИРЛАН