Жуырда «Медиация күні» республикалық акциясы аясында аудандық сот ғимаратында «Ашық есік» күні өтті. Кездесу барысында аудандық сот төрағасы Ж.Салиев шараның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға түсінік берді.

– Елімізде 2011 жылы «Медиация туралы» Заңы қабылданып қолданысқа енгізілді. Медиация  — делдалдық  ету, яғни тараптарды өзара келістіру тәсілі  немесе бітімге келтірудің ізгілікті жолы. Бұл сотқа дейінде, кейінде жүре береді. Айта кететін бір жайт  2015 жылы 9 әкімшілік іс осы заң деңгейімен аяқталып, биыл 20 іс медиатор көмегімен шешімін тауып отыр. Бітімгер қызметі кәсіпқой және кәсіби емес не­гізде бөлінеді. Ауыл­дық жерлерде кәсіби мамандар жоқ болғандықтан, қызметті қоғамдық медиа­торлар жасайды. Кәсіпқой емес мәмілегер тізімін ауыл әкімдері жүргізеді және оларға өмір­лік тәжірибесі мол, абыройлы және беделі бар адамдар тартылады. Арнайы заң оқуын бітіруі шарт емес. Ол заңды екі тараптың мүддесі үшін жүргізуге және тарап­тардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен қатар, сот шығындарымен салыстырғанда медиацияның шығындары төмен болуына, уақытты үнемдеуге және істің құпиялылығына мүмкіндік беретін мәлімдеді.

Бітімгершілік арқылы екі жақтың мәмілеге келуі – қазақтың ертеден келе жатқан билер сотының бірі. Елдер арасындағы жер дауы, жесір дауы, мал дауы секілді  даулар қазақ билері арқылы шешілген, осының арқасында елдің бірлігі мен жердің тұтастығы сақталған. Яғни, бітіспестің бітімін кесіп айтатын, тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластыратын бабаларымыздың билік жасау өнері, дау шешудің озық жүйесі «Медиация» деген ұғыммен енуде. Әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, сот жүйесінде шет елдерде бітімгершілікке келу ісі 50-90 пайызды құраса, ал елімізде  90 пайыз іс сот шешімі арқылы шешілініп бітімгершіліктің үлесі 10 пайызды құрап отыр.

Жадыра ТЕЛБАЕВА