Жастар – өзгерістерге тез бейімделгіш, жаңа білімді жеңіл меңгеретін қоғамның ең белсенді және ұтқыр бөлігі.

Бүгінде қаламызға іргелес жатқан Қызылсай, Теңге, Рахат ауылдарын қоса есептегенде, 15 пен 29 жас аралығында 38053 жас бар екен. Оның 25508-і мектеп оқушылары, 5321 студент болса, 192-сі отан алдында борышын өтеуде. Және де спортпен шұғылданушылар саны 36214-ті құрайды. Қоғамның негізгі жұмыс күші жастар болып табылатындықтан, қала жастары әртүрлі салада қызмет атқаруда. Жұмыссыз есебіне тіркелген 1550 жастың 680-ні жұмысқа орналастырылған.

Міне, осынша мұнайлы өлкенің жастарымен жұмыс жасау, айналысатын істерін, атқаратын қызметтерін т.б.анықтау «Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы» КММ-ға жүктеледі. Жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік-мәдени, саяси, ұйымдастырушылық және құқықтық шараларды жыл сайын қарқынды жүзеге асыру жастар орталығының негізгі қызметі болып табылады. Өткен жылы осы мекемемен 200 іс-шара ұйымдастырылып, барлығы 22820 жас тартылған. Ал 2016 жылдың қаңтарынан бастап шілде айын қоса алғанда, 19862 адамды қамтыған 125 іс-шара өткізіліп үлгерген.

2015 жылдан бері Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығы ерікті және белсенді жастармен жұмысты қолға алып отыр. Олардың қатарына 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қосыла алады. Белсенді жастар клубының арнайы жоспары да жасақталған. Оларды интелектуалды тұрғыдан дамыту мақсатында аптасына екі рет тренинг, айына бір рет квест ойындары ұйымдастырылады. Нәтижесінде, «Жеңіс» республикалық жобасы аясында «СамрұқҚазынаТраст» даму қорының жанындағы ұлттық еріктілер желісімен бірігіп жұмыс атқаруда.

2015-2016 жылдың ақпан-мамыр айларында жастар орталығы бастамасымен жастар мен жасөспірімдерге кәсіби бағдар беру бойынша жұмыстар жасалған. Ол жерде, мамандық таңдау, оқу орындары мен қабылдау шарттарын және талаптарын түсіндіру шаралары жасалған. Жалпы, орталықта құқықтық, психологиялық, әлеуметтік мәселелер бойынша тегін кеңес беріледі.

Жастар орталығы қала жастарының бойын жаман әрекеттерден аулақ ұстау бойынша да жұмыстар жасайды. Жастар арасында қылмыстың алдын алу және болдырмау, нашақорлық пен алкоголь өнімдерге әуестікті мүлдем жою мақсатында басқосулар өткізіп отырады. Биыл қалалық жастар орталығының мамандары маргиналды жастармен жұмыс жүргізу аясында орта мектептерде Германиядан алынған ішімдік пен темекі түтінінің салдарымен таныстыратын презентациялық құралдарды назарға ұсынуда. Сондай-ақ, жастардың теріс діни ағымның жетегінде кетпесі үшін имамамдар, теологтармен кездесулер үнемі өткізіледі.

Бүкіл ел бойынша жүзеге асырылатын «Жасыл ел» бағдарламасы да биылғы жазда аяқсыз қалған жоқ. Өткен жылы Жаңаөзен қаласы «Жасыл ел» еңбек жасақтарын жұмыспен қамту бойынша облыс көлемінде рекордтық көрсеткіш көрсетіп, 400 баланы жұмыспен қамтыған. Биыл бір айға созылған маусымдық жұмысқа 100 бала тартылып, қала тазалығына өз үлестерін қосуда.

Сонымен, қалалық жастар ресурстық орталығы жастарды патриоттыққа, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, әдебиетті насихаттау мақсатында және өз елін, жерін, Отанын, туған халқының тілі мен салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін қастерлейтін саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу жолында іс шараларды өткізіп отырады және жасалған жұмыстар нәтижесіз емес. Жаңаөзендік жастар ірі, ауқымды шараларды ұйымдастыруды жалғастыруда.

Жаңаөзен-Ақпарат