Сочида «Хрустальная магнолия» атты жас орындаушылардың XXV халықаралық фестивалі мәресіне жетті. Өнер додасына қатысқан 300-ге жуық жас талант вокал, аспапты орындау, хореография, цирк және сән өнері бойынша бақтарын сынады. Олардың арасынан «Абай» мәдени-демалыс кешеніне қарасты «Радуга» балалар шығармашылығы студиясының қыздары Әдемі Өтешова, Екатерина Ганюшкина және Самира Гаджиева өз жас ерекшеліктері бойынша бірінші орындарды иеленіп, облыс мерейін өсірді.

20160326_180411— Байқауға Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи, Якутия және Қазақстанның 7 мен 21 жас аралығындағы жастары қатысты. Олардың өнерін Мәскеудің белгілі өнер қайраткерлері бағалады. Біздің өлкеміздің намысын қорғаған үш қызымыз да бұған дейін бірнеше халықаралық байқауларға қатысып жүрген қыздар болатын. Бұл жолы да жақсы өнер көрсетіп, қазылардың жоғары бағасын алды. Сочилік көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, үмітімізді ақтады. Байқаудың ережесіне сай қыздарымыз екі әннен дайындап апарды. Бірінші әніміз орыс тілінде болуы керек болатын. Оны қыздарымыз жоғары деңгейде орындап шықты. Одан бөлек біздің репертуарымызда екінші әнді орындау үшін қазақ, орыс, ағылшын және итальян тілінде әндеріміз болды. Қыздарымыздың кең дауысына, өнеріне тәнті болған қазылар алқасы «Қазақстандық қыздардың талантына тәнтіміз. Дауыстарына сай ән таңдау, оны көрерменге жеткізе орындау шеберлігі бізді таң қалдырды»,-деп айтып жатты. Халықаралық фестивальде қазылық еткен өнер қайраткерлерінен мұндай баға есту біз үшін зор мәртебе. Байқау қорытындысында қыздарымыздың әрқайсысы өз жас ерекшеліктері бойынша бірінші орынды иеленді, — дейді «Радуга» балалар шығармашылығы студиясының жетекшісі Ольга Хныкина.

Екатерина Ганюшкина бұған дейін бірнеше халықаралық байқауларға қатысып, аймаққа абыроймен оралған. 2014 жылы Түркияда өткен «Art Olympia» халықаралық фестивалінде және «Бозторғай» халықаралық байқауында лауреат, «Золотой микрофон» халықаралық вокалистер байқауында дипломант атанған. Бұл жолы байқауда А. Дүйсеновтің «Өсиет» және А. Пугачеваның орындауындағы «Нас бьют, мы летаем» әндерін орындап, бірінші орынды қанжығалаған.

— Сочиге жол жүрер алдында мен ауырып қалдым. Анам, ұстазым қатты уайымдады. Өзімде де «вокальдік мүмкіндігімді көрсете алмайтын болармын, егер өз деңгейінде әнімді орындай алмай қалсам қайтемін» деген қорқыныштар да болды. Оның үстіне мен орындайтын әндер вокаль жағынан өте ауыр әндер болатын. Сәтін салып жазылып та кеттім, әнді де жоғары деңгейде орындап, көрерменнің қошеметіне де бөлендім. Сочида біз Санкт-Петербургтан келген «Ровесники» бишілер ансамбілінің жастарымен тіл табысып, достасып кеттік. Жастардың талантын шыңдап, өнер жайында ортақ пікір алмасуына жол ашатын осындай байқаулар жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегіміз бар, — дейді Екатерина Ганюшкина.

Венера МИРЛАН