— Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ Өңірлік диспетчерлік орталығының (ӨДО) жұмысымен танысты.

Құны 1,3 млрд теңгені құрайтын жоба «Маңғыстау ЭБК» акционерлік қоғамының 2014-2016 жылдарға арналған Инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.

Диспетчерлік орталық энерго жүйесінің ауытқуы кезінде қызметкерлердің қысқа уақыт ішінде жедел әрекет етуіне мүмкіндік беретін жаңа техникалық және бағдарламалық құралдармен жабдықталған. Заманауи технологиялар тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын және аймақтағы энергожүйесі жұмысының сенімділігін айтарлықтай арттырады. Инвестициалық жобанының іске асырылуы кезінде 300-ден астам әр түрлі мамандық иелері тартылды.

Аймақта өңірлік диспетчерлік орталықтың енгізілуімен SCADA (мониторинг және электр желісін басқару объектілерінен түсетін ақпаратты жинау, көрсету және мұрағаттау жөніндегі жүйе) және ЭКЕАЖ (электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматты жүйесі) қолданыстағы элементтер жүйесінің базасында «Зияткерлік желі» жобасын кезең-кезеңімен жүзеге асыруға мүмкіндіктер ашылады.

Жаңа өңірлік диспетчерлік орталыққа аумағы 45 шаршы метр болатын бейнеқабырға қондырылды. Онда нақты уақыт режимінде «МЭБК» АҚ электро жүйесінің көптеген нысандарының ақпараты көрсетілетін болады. Бұрынғы диспетчерлік мнемосызбада электр желісін тиімді басқарудың мүмкіншілігі болмаған еді.

«Маңғыстау ЭБК» АҚ-ның 2016-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасына жалпы соммасы 27,7 млрд теңге болатын жабдықтарды жаңғырту және 220 кВ ЖВЖ құрылысын жүргізу бойынша 47 жобаны жүзеге асыру кіреді.

ҚазАқпарат