БЖЗҚ-ға күнделікті түрлі байланыс арналары, атап айтсақ, байланыс орталығы, БАҚ, әлеуметтік желілер және т.б., т.с.с. арқылы көптеген сұрақтар түседі. Олардың ішіндегі ең көп қойылатын сауалдар «БЖЗҚ туралы 5 сұрақ» дәстүрлі айдарында.  

 Зейнетақы жинақтарының сомасы мен БЖЗҚ салымшыларының жалпы саны бүгінде қандай?

2016 жылдың 1 маусымында зейнетақы жинақтарының сомасы 6,14 трлн. теңгені құрады. 2016 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша шарттардың жалпы саны 10,13 млн. бірліктен асып түсті, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары есебінен шарт жасасқан салымшылардың (алушылардың) саны шамамен 9,7 млн. болса, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жасалған шарттар саны 400 903 бірлікті құрады. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны 38 871 бірлік.   

  1. Азаматтар зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты қандай тәсілдер арқылы ала алады? Мәліметті телефон арқылы қоңырау шалып білуге бола ма?

 БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпарат алудың бірнеше тәсілі бар. Салымшы (алушы) олардың ішінен өзі үшін ең ыңғайлысын таңдай алады, мысалы:   

— салымшы (алушы) БЖЗҚ кеңсесіне тікелей өзі келгенде (Қазақстан бойынша БЖЗҚ-ның 236 кеңсесі бар);

 — электрондық почта арқылы, оны таңдаған кезде зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпарат салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішінде не хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою кезінде көрсеткен электрондық мекенжайға жолданады;   

— логин мен пароль немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланып, www.enpf.kz  сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөлімі арқылы алуға болады. Сондай-ақ, хабарландырудың «интернет арқылы өзі хабарласу» тәсілін таңдап, БЖЗҚ мамандары Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелерінде қызмет жасайтын смартфондар мен планшеттер үшін әзірлеген ENPF ұялы қосымшасын пайдалануға болады; 

— egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы. Бұл қызмет www.egov.kz порталындағы «Азаматтар» санатының «Әлеуметтік қамсыздандыру» айдары, «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімінде қолжетімді. Қызметті алу үшін ЭЦҚ мен электрондық үкімет порталына тіркелу қажет. 

— Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе өтініште көрсетілген мекенжайға пошта байланысы арқылы ақпарат жіберу әдісін пайдалана алады.                                  

 Қор Сізге интернет-ресурстар арқылы қашықтықтан ақпарат алу тәсілін таңдап, логиніңіз бен пароліңізді тіркеп немесе ЭЦҚ бар болған жағдайда үйден не кеңседен шықпай-ақ, өз шотыңыздың жағдайы туралы ақпарат алудың ыңғайлы, жедел және үнемді тәсілдерін пайдалана отырып, жұмыс берушіден міндетті зейнетақы жарналарыңыздың уақтылы түсуіне бақылау жасау мүмкіндігіне ие болуды ұсынады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Зейнетақы қағидаларында жеке зейнетақы шотының жағдайы туралы ақпаратты қоңырау шалу арқылы алу тәсілі көзделмеген.   

  1. Зейнетақы жинақтарын мұраға қалдыруға бола ма?

Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтары заңнамамен белгіленген тәртіпте өсиетхат арқылы да, заң бойынша да мұраға қалдырыла алады. Жалпыға ортақ белгіленген тәртіп бойынша мұрагерлік құқықтарын ресімдеген және зейнетақы жинақтарын төлеу үшін қажетті заңнама талаптарына сәйкес құжаттарды БЖЗҚ-ға өткізген соң, зейнетақы жинақтары мұрагерлердің зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініштерінде көрсеткен банк шоттарына аударылады.

  1. Елден алыс шет елге шыққан кезде төлемдерді қалай алуға болады?

 Зейнетақы заңнамасына (Қазақстан Республикасының 02.08.2015ж. «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен енгізілген түзетулерді ескере отырып, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31 және 32 бб.) сәйкес,  міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығына БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен (ТТК), Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ие.  

Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар зейнетақы төлемін ресімдеу үшін БЖЗҚ-ға құжаттарды тапсыруды мына тәсілдердің бірін қолдану арқылы іске асыра алады. Біріншіден, БЖЗҚ кеңсесіне өзі келіп тапсырса болады. Бұл жағдайда олар БЖЗҚ-ға шетелдік паспорт көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасын, сондай-ақ, алушының банктік шоты туралы мәліметтерді ұсынады. 

Егер төлем үшінші (сенім білдірілген) тұлға арқылы жүзеге асырылатын болса, онда БЖЗҚ кеңсесіне сенім білдірілген тұлға келген кезде алушының шетелдік паспортының (белгі соғылған беттерінің) нотариат куәландырған көшірмесін, үшінші тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, және салыстыру үшін оның түпнұсқасын, нотариат куәландырған сенімхаттың түпнұсқасын немесе оның нотариат куәландырған көшірмесін, сондай-ақ алушының банктік шоты туралы мәліметтерді ұсынады.      

Бұдан бөлек, төлем алуға өтінішті почта байланысы арқылы да беруге болады. Мұндай жағдайда БЖЗҚ-ға БЖЗҚ-ның ішкі құжатымен бекітілген нысандағы алушының өзі толтыратын зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініші, ондағы алушының қолын нотариат куәландырады, алушының шетелдік паспортының (белгі соғылған беттерінің) нотариат куәландырған көшірмесі және алушының банктік шоты туралы мәліметтер  жолданады.   

Егер құжат көшірмесінің түпнұсқаға сәйкестігін, алушының өтініштегі қолының түпнұсқалығын растау, сенімхатты куәландыру бойынша нотариаттық әрекеттер шет мемлекетте жүргізілетін болса, Қазақстан Республикасында ратификацияланған халықаралық шарттарда басқаша белгіленген жағдайларды қоспағанда, оларды заңдастыру қажет.   

Өткізу тәсіліне қарай құрастырылған қажетті құжаттар тізімі, соның ішінде өтініштердің бланкілері мен оларды толтыру үлгісі, сондай-ақ сенімхаттардың үлгілері www.enpf.kz адресі бойынша БЖЗҚ-ның корпоративтік веб-сайтына орналастырылған.    

Егер ұсынылған құжаттар пакеті Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық талаптарына сай болса, зейнетақы жинақтарының сомасы алушының зейнетақы төлемін тағайындау туралы өтінішінде көрсеткен банктік шотына құжаттарды қабылдаған не олардың БЖЗҚ-ға түскен күнінен бастап 10 жұмыс күні ішінде аударылады. 

  1. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жекеше нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер қалай қатысады?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жекеше нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсiпкерлер үшiн бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын өз пайдасына мiндеттi зейнетақы жарналары салық кезеңiнiң әрбiр айы үшiн есептелетiн, алған табыстың 10 пайызы мөлшерiнде, бiрақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң 10 пайызынан кем емес және ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерiнiң 10 пайызынан аспайтын мөлшерде белгiленедi.

Адвокат, жеке сот орындаушысы, жекеше нотариус, кәсіби медиатор, сондай-ақ дара кәсiпкер өз пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын есептеу үшiн өз бетінше айқындайтын табыс алатын табыс болып табылады. 

Табыс болмаған жағдайда адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, сондай-ақ дара кәсіпкерлер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінің 10 пайызы есебінен өз пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы.