«Жүз табыс тарихы» жобасы қатысушыларының бірі – «Психоневрологиялық интернат үйі» мемлекеттік мекемесінің директоры Амангүл Нұрлаева. Маңғыстау тұрғындарын әлеуметтік қорғау саласында 30 жылға жуық жемісті жұмыс істеп келе жатқан Амангүл Келдібайқызының еңбек жолы 1987 жылы Маңғышлақ облысы, Мұнайлы ауданында басталған. Өз мамандығын жанындай сүйіп, оған өмір жолдарында әрқашан адал болған ол бірқатар марапаттарға ие болып, «Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері» атанып отыр.

Тұрғындарды әлеуметтік қорғау саласында отыз жылдан бері тер төгіп келе жатқан Амангүл Нұрлаева 1988 жылы Мұнайлы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне әлеуметтік қызметкер болып орналасады. Қиын да күрделі қызметін адалдықпен бастап, зор сүйіспеншілікпен жалғастырған ол Ақтау қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне ауысады. Еңбек жолында білікті маман ретінде көріне білген Амангүл Келдібайқызы жетекші маман, кейінірек, бөлімше меңгерушісі болады. 2001 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің есепші-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған ол Ақтау қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бас есепшісі, көп ұзамай директоры болып тағайындалады. Жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, 2011 жылы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі директорының орынбасары, облыстық мүгедектерді оңалту орталығының директоры, 2013 жылдан бері психоневрологиялық интернат үйінің басшысы қызметін абыроймен атқаруда.

— Өз мамандығымды жақсы көремін. Жүйке жүйесі бұзылған, ақыл-есі кемдеу жандармен жұмыс жасап, оларға қызмет көрсету оңай емес. Дегенмен, оларға шынайы қамқорлық жасап, жанашырлық таныту – әрбір маманның міндеті дер едім. Қызметім қаншалықты қиын болса, менің жауапкершілігім де соншалықты зор. Интернатта ауруы асқынғандар да, жүріп-тұруға мүмкіндігі жоқ мүжәлсіз жандар да, аса өнерлі сырқаттар бар. Кейде іссапарға немесе демалысқа кетсем, қайта оралғанша асығамын. 200-ден астам қызмет алушылар мені күтіп жүргендей, оларға өзімді керек сезінемін,-дейді психоневрологиялық интернат үйінің директоры А. Нұрлаева.

Амангүл Келдібайқызы басшылық ететін «Психоневрологиялық интернат үйінде» бүгінде он ұлт өкілдерінен құралған 240 қызмет алушы тұрады. Олардың 33-і І топ, 207-сі ІІ топ мүгедектері екен. Тағдырдың қатыгездігіне тап болып, жүйке ауытқуына ұшыраған жандар мейірім мен күтімге зәру. Бірқатарынан төрт құбыласы тең, жан-жағы бүтін болса да, жақын-жуықтары бас тартқан. Ендігілері жыл он екі ай есікке қарап, «Іздеп келер ме?» деп бауыры мен баласын күтеді. Өкінішке орай, көбісінің үміттері ақталмайды. Кеткендер оралмайды, күткен жандар келмейді. Бұл қызмет алушылардың денсаулығына кері әсер етіп, жан дағдарысына әкеледі. Солардың бірі – Раушан апай. 20 жылдан бері интернатта тұратын сырқат жан 1 ұл, 2 қызды өмірге әкелген. Киім шкафына перзенттерінің суретін сақтап, олардың күлімдеген жүзінің бейнесін жұрттың бәрінен қызғыштай қоритын ананың арманы – балаларымен қауышу, олармен бірге тұру. «Бір ұлым, екі қызым бар. Балаларым маған келіп тұрады, мен ылғи оларды күтіп жүремін. Немерелерім мен жиендерім бар. Кіші қызымның күйеуі елге танымал әртіс. Қазір денсаулығым жақсы» деп мақтана жымиып, маған олардың отбасылық бақытты суретін көрсетті Раушан апай. Мен ананың күлімсіреген жүзіндегі мұң мен дауасыз дертті анық көрдім. Көрдім де, ана жүрегіне тағы бір таң қалдым. Сырқаты жанын жеп, санасын уласа да, тоғыз ай, он күн көтеріп, алпыс екі тамырын иіп, ақ сүт беріп өсірген перзенттері бағуды қиынсынып, интернатқа әкеліп тапсырса да, ана жүрегі күліп, үмітінен күдерін үзер емес. Оларды күтуден жалықпайтынын маған асығыс айтып жатыр. Мен қасымда тұрған интернат басшысы Амангүл Келдібайқызына қарадым. Ол басын шайқады. Раушан апайдың ұл-қыздары аналарын іздемейді, мүлдем келмейді екен. Мынау жарық дүниені сыйлаған, көздеріне жарық нұрын берген аналарының сырқат болса да, бар екендіктерін ұмытып кеткендей.

-Интернат үйіндегі қызмет алушылардың әрбірінің өз тағдыры бар. Көбісінің отбасылары, балалары бар, бірақ, ата-аналары жоқ. Өз тәжірибемде түйгенім – ата-аналар өз балаларын қандай ауруға ұшыраса да, бағып-қағады. Ал, перзенттері психикалық дертке шалдыққан ата-аналарына күтім жасауға құлықсыз. Ең өкініштісі, жүйке ауытқуына ұшыраған жандардың саны бүгінгі таңда азаяр емес. Тұрғындар мұндай ауруға тап болған жақындарын тез арада дәрігерге көрсетудің орнына, бақсы-балгерге апарып, уақыт өткізіп алады. Соның салдарынан, дерт дендеп кетеді,-дейді А. Келдібайқызы.

Ақтаудағы психоневрологиялық интернат үйінде қызмет алушыларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-медициналық қызметтер көрсетіледі. Интернат қызметкерлері сырқат жандарды бөгде адамдардың көмегіне сүйенбей тұрмыстық мұқтаждықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді, олардың денсаулықтарын жақсартуға қолдау жасау, дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету және жеке бас гигиенасы талаптарын сақтауға бейімдейді. Мамандардың айтуынша, көктем мезгілінде психикалық аурулар асқынады. Бұл кезде үдемелі асқыну түріне шалдыққандар дәрігердің көмегіне көп жүгінуге мәжбүр. Осы санатқа жататын шизофрения ауруы – адамның ой-санасының әлсіреуінен туындайды. Ауыр ақыл-ой кемістігі саналатын дерттің асқынуына әлеуметтік қиындықтар себеп болып, жүйкесіне күш түскендер мен күйзеліске ұшырағандар жүйке ауруының осы түріне шалдығады екен. Мұндай науқастардан туған-тумаластары бас тартып, әкеліп тастаған соң, мүлдем ат ізін салмай кететін көрінеді. Өздігінен жүріп-тұруға ақыл-ойы жете бермейтін сырқат жандарға арнайы күтуші қажет.

— Статистикалық мәліметтер бойынша, іштен туа біткен жүйке ауруына шалдығатындардың қатары азайып келеді. Бірақ, соңғы жылдары интернат үйін мекендеуге мәжбүр жандардың саны көбейіп барады. Сондай-ақ, жүйке жүйесі зақымданғандардың арасында жасөспірімдер жетерлік. Соның кесірінен, суицид дертінің өршуі байқалып отыр,-дейді А.Нұрлаева.

2015 жылы интернат үйіне 25 адам қабылданып, 2 адам Тараз қаласына ауыстырылып, 4 науқас қайтыс болған. Ал, биылғы жылы 10 адам интернат тұрғыны атанса, 2 сырқат интернат үйінен о дүниеге аттанған. Интернат үйінің ең жас тұрғыны 18-де болса, үлкені сексеннің сеңгіріне шыққан. Мекеме басшысы Амангүл Келдібайқызының айтуынша, мұнда науқастарға барлық жағдай жасалған. Ескі ғимарат үйі жөндеуден өткізіліп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. 2009 жылы екі барак типтес ескі үйге 100 орынға арналған үш қабатты қосымша ғимарат салынды. Кітапхана, дәрігерлер бөлмесі, дене шынықтыру залы, тігін тігу, аяқ киім жөндеу, ағаш жону шеберханасы, компьютер және шаштараз бөлмелері жүйке жүйесінің ауруына шалдыққандарға қызмет көрсетуде. Мекемеде 126 қызметкер жұмыс жасайды. Ал, өзекті мәселе – маман жетіспеушілігі болып отыр. Жүйкесі тозған, ақыл-есі кемдеу жандарға қызмет етіп, күтім жасауға ниет білдіретін мамандар саны кемде-кем. Оның үстіне, бюджеттік сала болғандықтан, мардымсыз жалақы және интернат үйінің қала сыртында орналасқандығы да дефектолог, емдік дене шынықтыру кабинетінің нұсқаушысы, психиатрлардың жетіспеушілігіне әкеліп отыр.

Анар ШАМШАДИНОВА