02

Якутияның Саха қаласында Азия балалар ойындары жалауын желбіретті. Алтыншы рет халықаралық деңгейде өтіп жатқан жарыста маңғыстаулық балуан, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің шәкірті Нұрбек Қуанышұлы топ жарып, қола медальді иеленіп, облыс мерейін өсірді. Төрт жылда бір рет өткізілетін дүбірлі додаға 45 мемлекеттен «мен мықты» деген 3000-ға жуық спортшылар қатысып, бақтарын сынауда.

03

-Алтыншы халықаралық Азия балалар ойындары 5-17 шілде аралығында Якутияның Саха қаласында өтуде. Спорттың 22 түрінен ұйымдастырылған жарыста балуанымыз Нұрбек Қуанышұлы самбо күресінен боз кілемге шықты. 55 келі салмақта белдескен ол сириялық, ресейлік, моңғолдық, қырғыздық балуандардың жауырынын жер иіскетіп, шешуші сәтте ресейлік балуанға есесін жіберіп, қола медальді қанжығасына байлады. Мұның өзі-жас Балуан үшін үлкен жетістік,-дейді біздің басылымға берген сұхбатында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері Берік Жұмағалиев.

04

Балуанның жеке бапкері Жомарт Қоблановтың айтуынша, 15 жасар Нұрбек Қуанышұлы үшін мешін жылы жеңісті сәттермен басталған. Жүректі балуан жыл басында Талдықорған қаласында дзюдодан өткен республикалық жарыста күміс медальді иеленіп, бапкерлер үмітін ақтаған. Сондай-ақ, сәуір айында Талдықорған қаласында самбодан өткен республикалық жарыста алтын медальді еншілеп, жеңіс тұғырынан көрінген. 2015 жылы жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Сонымен қатар, өткен жылы Бакуде өткен халықаралық жарыста топ жарып, қола медальдің иесі атанған. Қазіргі таңда Нұрбек-Алматы қаласындағы республикалық мектеп және колледж оқушыларына арналған спорт интернатында білім алуда.

Венера МИРЛАН