Өткен сәрсенбі күні облыс әкімдігінің мәжіліс залында «Рухани жаңғыру» өңірлік сараптау кеңесінің кезекті отырысы ұйымдастырылды. Жиынға кеңес мүшелері, өңірлік жобалық офис қызметкерлері, облыстық басқарма өкілдері қатысты.

Отырыста «Қоғамдық келісім» мекемесі ұсынған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы», «Мың бояулы Маңғыстау» көркем сурет галереясы, «Отбасы – тәрбие институты» жобалары тыңдалды. Сонымен қатар Маңғыстау облысында палеонтология экспозициясын жасақтау, Ә.Кекілбайұлының «Ұйқыдағы арудың оянуы» публицистикалық кітабының желісімен осы аттас деректі фильм түсіру, С.Қондыбайдың «Арғы қазақ мифологиясы» атты төрт томдық еңбегін түрік тіліне аудару идеялары бірауыздан қолдау тапты. Жиын барысында Маңғыстау өңірінің материалдық емес мұраларының электрондық жиынтығының жобалық құжаттамасын толықтыру, «Шақпақ ата» қорымының айналасын абаттандыру туралы бастамалар қызу талқыланды.

Түпқараған ауданында балаларға арналған «Каспий керуені» жиналмалы жазғы демалыс алаңын құру жобасының паспорты, жастардың этно-мәдени демалыс орталығын құру туралы бастаманың бюджеті нақтылануы тиіс болғандықтан келесі отырысқа қайта ұсынуға жіберілді.

Сараптама кеңесінің мүшелері Саламат Нұрұлы, Ордалы Қосай, Қайролла Ережепов, Сайын Назарбекұлы, Қойлыбай Қаражанов, Мұрат Ақмырзаев, Қуаныш Əбдірахманов, Жəнібек Қожық, Сұлтанбек Құдайберген, Уайс Ерсайынұлы, Тимур Бектұр, Тамара Жұмалиева, Бибіайша Нұрдəулетова парасатты пікір, ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.

Жиын қорытындысында жоба жетекшілері айтылған ұсыныс-пікірлерін ескерілетінін жеткізді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ

Тағы оқыңыздар: Мұнайшылар балаларға қуаныш сыйлады