суда құтқару

10 тамыз күні сағат 11:30 шамасында ішкі істер басқармасына «3 адам суға кетті, шұғыл көмек керек» деген хабарлама келіп түскен. Полиция қызметкерлері бірден бағытты сол жаққа бұрып, 4 минут ішінде оқиға орнына жетеді. Олар әйелді киімге тағатын белбеулерінің көмегімен құтқарып қалды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақтау қалалық ІІБ 2-рото командирі Ысқақов Ерғали Жандулаұлы айтып берді.

Ақтауда  қызды белбеудің көмегімен судан құтқарған (ВИДЕО)

— Келген бойда теңізде жанталасып жатқан қызды көрдік. Арнайы құтқарушы арқан болмағандықтан, кәдімгі белбеуімізді шешіп, бір-біріне байлап, суға лақтырдық. Қыз белбеуді ұстады, ал біз белбеуді жалма-жан жағаға қарай тарттық, — дейді Ысқақов Ерғали.

Командир сол маңда теңізге түсіп жатқан тұрғындар дер кезінде хабарласқанын, құтқару кезінде қол ұшын созғанын айтты. Дегенмен, куәгерлер  құтқарушыларға суға түспеуін өтініп, толқын алып кету мүмкін екенін ескерткен.

Оқиға Тарас Шевченко жағалауында болған. Суға алдымен күйеуі, кейін  күйеуінің досы түседі, олардың суға батып бара жатқанын көрген әйелі соңынан жүгірген.

Жол патрульдік полиция қызметкерлері «Сұңқар – 1», «Сұңқар – 4»  құтқару экипаждарының көмегімен қызды 10 минут ішінде аман алып қалады. Өкінішке қарай, аман қалған 1987 жылғы азаматшаның күйеуін сол мезетте жағаға шығара алмады. Оның денесі бүгін таңғы 07:45-те табылды.

Қайтыс болған азаматтардың бірі  1981 жылы, екіншісі 1985 жылы дүниеге келген. Ауа райы қолайсыздығынан жел туып, қатты толқын соққан.

Аз уақытта оңтайлы әдіс тауып, ерлік жасаған рото командирі Ысқақов Ерғали бастаған азаматтарға алғыс білдіреміз.

Айгүл ДӘДЕН