Құрылыс индустриясы — қашанда экономиканың негізгі іргетасы. Бұл саланың дамуы елдің күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының айнасы іспеттес. Содан болса керек, құрылысты «экономиканың локомотиві» деп атау қалыптасқан. Тамыз айының екінші жексенбісі құрыш қолды құрылысшылардың төл мерекесі. Осынау мереке қарсаңында «Жаңаөзен» газетінің тілшілері қаламыздағы «Кен-Құрылыс- Сервис» мекемесінде болып, өндіріс орындарын аралап, жұмыс барысымен танысып, серіктестік басшысы Салтанат Қыдырбайұлы Ысқақовпен әңгімелесті.
Іргетасы 1970 жылы қаланған мекеме негізінен мұнай өндірісіне қызмет көрсетуге негізделген. Кеңес дәуірінен бері қала құрылысына елеулі үлесін қосып келе жатқан мекеменің ауқымды жобалары ретінде Кендірлі аймағындағы ең бірінші балалар лагерін, қалалық сот, ІІБ-ның ғимараттарын, ел аузында «Сапаров», «Француз» үйлері аталып кеткен тұрғын үйлерді, бертін келе салынған Кендірлі демалыс аймағын айтуға болады. Бұдан өзге де ірілі-ұсақты құрылыс нысандары жетерлік.
Мекеме Жаңаөзен құрылыс құрастыру, жөндеу құрылыс, жол жұмыстары, автотранспорт және арнайы техника басқармаларынан құралған. Одан бөлек Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ-на қызмет көрсететін тағы бір филиалы бар. Бүгінде мекемеде жалпы саны 1000-ға жуық адам еңбек етеді. Олардың 800-і тұрақты қызметкерлер болса, 200-і аутсорсинг әдісімен жұмысқа қабылданғандар.

ЖОСПАР КӨП, СЕНІМ МОЛ

Шаһардың шырайы мен келбеті— Салтанат Қыдырбайұлы сұхбат алдында өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.
— Өзім Атыраудың тумасымын. 5 жасымда әке-шешем ең алғаш осы жерде мұнай кенорыны ашылғанда көшіп келді. Содан бері Өзенде тұрамын. Қаладағы №3 орта мектепті бітіріп, Қазақ бас сәулет және құрылыс академиясына оқуға түстім. Оқуды бітіргеннен кейін жолдама бойынша Ақтаудағы Каспий жағалауындағы құрылыс басқармасында бір жарым жыл жұмыс жасадым. 2 жыл Балтық жағалауында әскери борышымды өтеп, Өзенге келдім. Міне, содан бері осы құрылыс саласында жұмыс жасап келемін. Мемлекеттік мекемелерде, қалалық әкімдікте қызмет атқардым. 1998 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ-на келіп, «Кендірлі» аймағындағы демалыс орнын салу жұмыстарының құрылысын басқардым. Жоба аяқталғаннан кейін мекеме құрамында әртүрлі басшылық қызметтерде болдым. Былтыр басшылықтың шешімімен осы мекемеге директор болып келдім.
— «Кендірлі Құрылыс», «Жол-Сервис», «Кен-Құрылыс-Сервис» сияқты серіктестіктерді біріктірудегі себеп.
— Бұл «Қазмұнайгаз» БӨ АҚ-ның шешімімен жасалған жоба. 3 мекеме де мұнай өндірісіне қызмет ететіндіктен біріктіріп, бір үлкен трест құру көзделді. Өз басым бұл шешімді дұрыс деп қабылдаймын. Күш пен қаржы бір жерге жинақталғанының арқасында біз қазір кеңейіп, Атыраудан да филиал ашып отырмыз. Болашақта Ақтау, Қызылорда, Орал және Қазақстанның басқа да қалаларынан филиалдар ашу жоспарда бар.
— Мекеме жұмысын жандандыру бағытында қандай жұмыстар жасалып жатыр?
Бүгінгі таңда құрал-жабдықтарды, техникаларды жаңартып жатырмыз. Биыл 12 жартылай автоматты дәнекерлеу агрегаттарын алдық. Осыған орай тамыз айынан бастап дәнекерлеушілерді оқыту басталды. Келесі жылы да дәл осындай құралдарды аламыз деп жоспарлап қойдық. Оған дейін қызметкерлерімізді оқытуды жалғастыра береміз. Сонымен қатар, «Carmix» деген итальяндық бетонараластырғыштар алып жатырмыз. Әлі де жақсы жаңа технологиялар енгізе береміз. Барлығы жұмыс өнімділігін арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар. Былтыр жаңа асфальт-бетон зауытымыз іске қосылды. Зауыттың жанынан 30 адамдық қызметкерлерге арналған демалатын орын салынып, пайдалануға берілді. Мекеменің қазіргі таңда отырған кеңсе ғимараты да жаңадан салынды. Қызылсай жолына жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда өндірістік аймаққа кететін Жетібай-Жаңаөзен-Қызылсай жолын жөндеп жатырмыз.
— Құрылысқа қажетті материалдар қай жақтан жеткізіледі?
— Барлық материалдар тендер арқылы алынады. Мүмкіндігінше жергілікті тауарды тұтынамыз. Шебін, құм, цемент Маңғыстауда өндіріледі. Шет елден көбінесе құбырлар аламыз. 70 пайызы Ресейден келсе, 30 пайызы Қазақстан зауыттарынан. Бүгінгі таңда «АрселорМитталАктау» деген зауыттан үлкен диаметрлі құбырлар алып отырмыз. Тауар өте сапалы. Сонымен қатар, тербелмелі қондырғыларды да Ақтаудан аламыз.
— Демеушілік жасап, болашақта қалаға құрылыстық нысандар салу мекеменің жоспарына қойылды ма?
— Осыған дейін «Қазмұнайгаз» БӨ АҚ-ның демеушілігімен көптеген жұмыстар жасалды. Бірақ дәл қазіргі уақытта, мұнай бағасының күрт төмендеп кету себебінен әзірге ондай жобалар жоспарымызда жоқ, оған қосымша қаржы қарастырылмай отыр.
— Көп жылдар мұнай саласында еңбек еттіңіз. Дегенмен де ойыңызда жүзеге асырсам ба деген сәулет туындылары, құрылыс нысандары бар ма?
— Жүзеге асқан армандарымның бірі деп, Қызылсайға бара жатқан жолдағы «Өзенмұнайгаздың» 50 жылдығына арналған ескерткішті айтар едім. Жаңадан ашылған «Кендірлі» аймағындағы жағалау да — менің авторлық жобам. Әкімге идеясын ұсынғаннан кейін, қаржы бөлініп жоба іске асқанына қатты қуандым. Енді бір ойым — Жаңаөзенге кіреберісте саябақ зонасын жасап, ортасына алақандағы мұнай тамшысы бейнесінде сәулет туындысын орнату. Жас жұбайларда қазір тілек тілеп, алқа салып, кілтін суға лақтыратын дәстүр трендке айналды ғой. Жаңағы саябақтың ішінен сондай бір орын жасасам. Одан өзге ең үлкен арманым — «Кендірлі» жағалауын дамытсам, тұрғын үй кешенін салсам, сол жерді дамытуға бағытталған құрылыс жұмыстарына қатыссам. «Кендірлінің» болашағы зор, ол курорттық аумақ болуы керек. Ол үшін барлық табиғи жағдайлар жасалған. Жағалауды дамыту үшін қорықпай жеке кәсіпкерлерге беру керек дер едім. Әлемде көптеген туристік аумақтар жалға беру әдісімен дамыған. Қарапайым мысал, Антальяның өзін кезінде немістер 25 жылға жалға алып, туризмін дамытып кетті. Міне, осылай бізде де жалға беру дегеннен қорықпау керек. Инвесторлар тарту қажет. Бірақ алдымен барлық талаптарды заң жүзінде тиянақтап алу керек. Сонда ішкі туризмді де жолға қояр едік. Идея көп, қалғаны болашақтың еншісінде.

МЕТАЛЛ БҰЙЫМДАРЫН ДАЙЫНДАУ ЦЕХЫ

Металл бұйымдарын дайындау цехы — «КҚС» ЖШС-ның өндірістік бөлімшесі. Аталған цехта темір жонушылардың орны бөлек. Бұл мамандар кез келген қара теміріңізді жонып, қажетті өлшем мен формадағы бөлшегіңізді дайындап береді. Темір жонушы болу — анау айтқандай оңай шаруа емес, қарапайым техникалық мамандық та емес.
Әділбек Махамбетовтың темір жонушы мамандығын игергеніне 22 жыл болыпты. Маңғыстаудың тумасы, қаладағы №1 орта мектепті бітіріп, Семей қаласында әскери борышын өтеп келген соң еңбек жолына араласты. «КҚС» мекемесінде темір жонушы болып бес жылдан бері еңбек етіп, цех жұмысының өркендеуіне үлес қосып жүр. Бес баланың әкесі Әділбек жұмыста өзі станок ойлап шығарған.
Шаһардың шырайы мен келбеті— Менің негізгі мамандығым — электрик. Бірақ темір жонушы кәсібіне қызығып, өздігімнен ізденіп, осы салаға араласып кеттім. Мен жұмысқа келгенде листогиптер болған жоқ, қолдан жасадық. Шарқайрақпен (болгарка) жұмыс жасау өте қауіпті, кесіп өтуі мүмкін. Сондықтан құбыр кесетін басқа құралды бір көргенім бар еді, соны осы жерде жасап, қазір қолданып жүрміз. Пайдасы көп, тиімді. Сондай-ақ, темір кесетін болванкарезді де пеш жасағанда қолданамыз. Ол құралдың идеясын өзім таптым. Сол үшін де басшылар тарапынан сыйақыға ие болдым. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ. Әріптестерім әмбебап болып кеткен. Бір-бірімізге көмектесіп, білмегенімізді сұрап, үйретіп жатамыз. Қызметіме ризамын, — дейді Әділбек Махамбетов.
Шаһардың шырайы мен келбетіРахат Жайлау 5-ші дәрежелі электрдәнекерлеуші. Саланың нағыз ардагері, ғұмырының 35 жылын осы мекемеге арнады.
— Біздің цехта мықты жастар өсіп келеді. «Серпін» бағдарламасы арқылы келіп, үйреніп жатқан жастар бар. Цехтың ұйымшыл ұжымы өндірістің өркендеп, алға қарыштап дамуына белді үлесін қосып келеді. Жалақымыз жақсы, балаларым өсіп, жетілді. Бес немерем бар. Соңғы 3-4 жылда 300-ге жуық пеш шығарып, топтық қондырғыларға жібердік. Басшыларымыз да, мастерлеріміз де жақсы кісілер. Осы мекемеден басқа еш жерге кеткім келмейді Құрылысшылар мерекесі қарсаңында әріптестеріме отбасылық бақыт және байлық тілеймін», — дейді Рахат аға.

ЖӨНДЕУ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ

Шаһардың шырайы мен келбетіБіз барған №2 Скважиналарға қызмет көрсету басқармасында «КҚС» ЖШС-ның Жөндеу құрылыс басқармасы күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. 12 жылдан бері прораб қызметіндегі Бауыржан Мұрзабаевтың айтуынша, «КамАЗ» цехында жөндеу жұмыстары 12 мамырда басталып, 15 тамызда бітеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, «АжТБ» және «Өзенэнергомұнай» мекемелеріне қарасты объектілерде де қазіргі таңда жөндеу құрылыс басқармасының мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Негізі құрылыс ер адамдардың жұмысы, дегенмен осындай сырлау, сылақ, әрлеу жұмыстарында нәзік жандылар көп кездеседі. Себебі олар дәл осы істе өте икемді, жауапты және ұқыпты келеді.
Бүтін саналы ғұмырын отбасы мен құрылыс саласына арнаған Рабиға Махамбетова мен Ару Итебаева аталған мекемеде сылақшы болып еңбек етеді. Екеуі Теңге ауылында бірге өсіп, бір мектепте оқып, қазір де бірге еңбек етіп, әріптес болып жүргендеріне де аттай 40 жыл уақыт зымырап өте шығыпты.
Шаһардың шырайы мен келбеті — Екеуміз бірге талай жылдар бойы қызмет етіп келеміз. Балаларымыз өсті, өнді. Немере, жиен көріп, қызықтап отырмыз. «Кендірлі» демалыс аймағындағы санаторийде, лагерьде де жұмыс жасадық. Құрылыс саласы әйел адамға оңай емес. Бірақ үйренген адамға еш қиыны жоқ. Артымыздан білімді жастар, қабілетті құрылысшылар келе жатыр. Зейнетке кететін уақытымыз да жақындады. Біз барлығына ризамыз, — дейді күлімдеген құрбылар.

ЖОЛ ЖҰМЫСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ

Шаһардың шырайы мен келбетіШаһардың шырайы мен келбетіКелесі бағытымыз — Жол жұмыстары басқармасы. Аталған басқарма мамандары «Мұнай және химияландыру» басқармасына асфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. 11560 шаршы метр асфальт төсеу жұмыстары шілде айында басталып, қыркүйек айында бітеді. Бүгінде аталған аймақта 6 маман еңбек етіп жатыр, 12 техника жұмылдырылған.
22 жылдан бері слесарь-монтаждаушы қызметінде келе жатқан Жұмабай Оразғалиев жол салудың нағыз маманы.
— Құрылыстың әртүрлі саласы бар ғой. Біздің атқаратын жұмысымыз жолмен байланысты. Барлығы жақсы. Жаңа талапқа сай, заманауи техникалар болса, жол салу, асфальт төсеу және өзге жұмыстар бұдан да жақсы болар еді, — дейді Жұмабай аға.

ҚҰРЫЛЫС ҚҰРАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫ

Шаһардың шырайы мен келбетіАптап ыстықта сонау өндірістің ойында еңбек етіп жүрген мұнайшылардың жұмысын оңай деуге келмес. Құрылыс құрастыру басқармасының қызметкерлері №3 Мұнай газ өндіру басқармасының өндірістік аймағында жаңа тербелмелі қондырғыны орнатып жатыр.
Шаһардың шырайы мен келбеті— Жұмыстың жеңілі жоқ қой, — дейді бізбен әңгімесінде №2 учаске шебері Сайран Бегеев. — Соның ішінде құрылысшы болу шыдамдылықты қажет етеді. Өйткені жазды күнгі аптап ыстық пен қыстың қақаған аязды күндерінде де жұмыс істеуге тура келеді. Дегенмен де, ашық далада жер қазудан бастап, оның құбырын толықтай тартып аяқтағанда бір көңілің көтеріліп қалатыны да бар. Өйткені өз қолыңмен көтерген нысан халық игілігіне жарап жатса, оған қалай қуанбайсың. Бізде қазіргі таңда 5 бригада бар, әр бригаданың атқаратын қызметі әртүрлі. Құрылысшылар күні мерекесімен барлық әріптестерімізді құттықтаймыз. Ел экономикасының қарыштап дамуы жолында бұл салада қызмет етіп келе жатқан мамандардың орны    ерекше.    Әрқашан    аспанымыз   ашық болсын.
Түйін: Кез келген нысанның әр қабырғасында, әр кірпішінде құрылысшының қолтаңбасы мен маңдай тері бар. Құрылысшы бойына физика, геометрия, сәулет, керек десеңіз сурет пен шығармашылық өнерін жинаған кәсіп иесі. Олар уақытпен санаспайды, қыстың суығы мен жаздың ыстығына қарамай еңбек етеді. Біз де бүгін осындай сәттердің куәсі болдық. Ми қайнатар ыстықта жоспарды орындауға жанталасқан жандардың жұмысын көрдік. Ендеше, қолдарына қалақ пен күрек қана емес, тұтас бір шаһардың шырайы мен келбетінің кілтін ұстаған мамандық иелерін алда келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілейміз.

Айжан НАСЫРОВА
Гүлсім МҰРЫНОВА