ЭКСПО-да Маңғыстау күндері

«ЭКСПО-2017» көрмесінің 15-18 тамыз аралығы Маңғыстау облысына арналады. Маңғыстаулықтар «Қарт Каспийден сәлем ал, Ерке Есіл!» мәдени бағдарламасын астаналықтарға сыйға тартады.  Сол күндері көрмеге келушілер киелі өңірдің əдебиетімен, тарихи-мəдени құндылықтарымен, рухани мұрасымен танысатын болады. Бұл туралы брифингте облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина мәлімдеді.

Этнографиялық театрландырылған мәдени шара көрсетілімі 17 тамызда өтеді, мұнда ұлттық ойындар насихатталады.

Конгресс-холлда А.Тарақұлы атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің қатысуымен М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония концерті өтеді.

«Шыңырау» спектаклі 18 тамызда  М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық театрында көрсетіледі.

Мәдени күндері аясында Маңғыстаудың ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдары таныстырылады. Сондай-ақ, ұлттық тағамдар мен зергерлік әшекей бұйымдардың этнографиялық көрмесі өткізіледі. Бұдан бөлек, этноауылда ұлттық ойындар ойналады.

— Маңғыстаудың мәдениеті мен менталитетіне сай барлық қасиеті мен болмысын осы күндерде танып білуге болады. Шарада эстрада әншілерімен қатар, дәстүрлі классикалық ән орындаушылар да өнерін көрсетпек. Өз шығармашылығын Маңғыстау өңірінен бастаған Айгүл Қосанова, Лұқпан Жолдасов, Тамара Асар, Кәмшат Жолдыбаева сынды белгілі әншілер ән шырқайтын болады. Барлығы 40-қа жуық шара өткізіледі, — дейді Гүлжан Исмурзина.

Айта кетейік, «Экспо-2017» халықаралық көрмесінде Маңғыстаудың мəдени күндерін өткізуге облыс бюджетінен 220 миллион теңге шамасында қаржы бөлінді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық мәслихат сессиясында облыс əкімінің орынбасары Шолпан Ильмуханбетова  айтқан болатын.

Астанаға «Маңғыстау күндері» аясында облыстан 600-ге жуық адам барады.