Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС-де  жылу және энергетика саласы өкілдерімен кездесіп, жылыту маусымына дайындық жұмыстары жөнінде әңгіме өрбітті. Әуелі Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы  Сапар Халилұлы баяндама жасады.

«Жылыту маусымын уақытылы әрі сапалы дайындау мақсатында облыс әкімі қаулысына сәйкес арнайы штат құрылып, жұмыс жоспары жасақталды. 2016-2017 жылдары жылу беру маусымы қалыпты өтті. Келеңсіз оқиғалар орын алған жоқ. Алдағы жылыту маусымына 370 білім беру нысандарының 298-і, яғни 80 пайызы,  92 денсаулық сақтау нысандарының 72-сі, ал 140 әлеуметтік нысанның   101-і  толықтай дайын»,-деді Сапар Халилұлы.

Ералы Лұқпанұлы  тамыз айының 20-на дейін білім беру нысандарын  жылыту маусымына дайын болуы тиістігін ескертті. Ал өзге нысандар қыркүйек айының орта шеніне  дейін толықтай дайын болуы тиіс.

«Өңірде орталықтандырылған жылыту жүйесі Ақтау және Жаңаөзен қалаларында орналасқан. Облыс халқының 58 пайызы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Халықтың өзге бөлігі жылу қазандықтарымен қамтамасыз етілген. Облысымызды жылумен жабдықтау желілері 779 шақырым құрайды. Биыл 20,78 шақырым желілерді жөндеу жоспарланды»,-дейді басқарма басшысы.

Облыс басшысы барлық мекемелер мен кәсіпорындар өкілдеріне, аудандар мен қалалар әкімдеріне жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.

«Қала аумағында 11 жылу қазандығы бар. 942 тұрғын үй кешені орналасқан. Басым бөлігі орталықтандырылған жылу желісіне қосылған. Бүгінгі таңда жылыту маусымына дайындық деңгейі 72 пайызды құрап отыр. Қыркүйек айының ортасына дейін толықтай аяқталады»,-деді қала әкімі Серікбай Трұмов.

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС, «КЖСА» МКК бірлесе Ақтау қаласы мен «Өзенжылу» МКК жылу желілерін жылу жеткізгіштің есептік температурасына гидравликалық сынақтан өткізуді бекітілген бағдарлама бойынша мамыр айында жүргізді.   Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ақтау және Жаңаөзен қалаларының магистралдық жылу желілерін құрама жоспарға сәйкес гидравликалық сынақтан өткізу жоспарланып отыр. 2016 жылы Мұнайлы ауданы Маңғыстау селосын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында өнімділігі 16,0 Гкал/сағ 10 жергілікті қазандықтың құрылысына «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 710 млн. тенге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда жұмыстар толықтай аяқталып, жергілікті жылу қазандықтары алдағы жылыту маусымына дайын»,-деді Сапар Халилұлы.

Облыс бойынша  сумен жабдықтау және су бұру желілері  2 934,5 шақырымды құрайды, оның ішінен осы жылы 15,129 шақырымын жөндеу жоспарланды.  Бүгінгі күні 9,394 шақырым су желілері жөнделді. Сумен жабдықтау желілері бойынша жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Жөндеуді қажет ететін су желілерін жоспарға сәйкес жөндеу керек. Ауыл-аймақтарды ауыз сумен қамту мәселесіне аса мән берілуі тиіс. Жоспарланған дүние жүзеге асуы тиіс. Ақтау және Жаңаөзен қалаларында барлығы қыс маусымына дейін дайын болуы тиіс»,-деп тапсырды өңір басшысы.

«Өңірдегі электр желілерінің жалпы ұзындығы 9637,76 шақырымды құрайды. Оның ішінде 589  шақырым желі жөндеуге жоспарланды. Сонымен қатар «МЭБК» АҚ трансформаторлық қосалқы станцияларын жөндеу жоспарланды»,-деді Сапар Халилұлы.

Маңғыстау облысының тұрғын үй қоры 1571 көп қабатты тұрғын үйлерден құралған. Ақтау қаласында — 942 үй, Жаңаөзен қаласында 262 үй және аудандарда 367 үй бар. Оның ішінде жөндеуге және тексеруге 1571 қөпқабатты үйлер жоспарланды.Қазіргі таңда 1037 үйге тексеру жұмыстары жүргізілді.

«Тамыз айына дейін тұрғын үйлерді толықтай ішкі және сыртқы желілермен жабдықтау жұмыстары аяқталады. Ал қыркүйек аяғына дейін тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау мәселесі өз шешімін табады»,-деді қала әкімі Серікбай Трұмов.

Ералы Лұқпанұлы тұрғын үйді жабдықтау жай-күйін өз бақылауына алатындығын жеткізді. Әрі жүзеге асқан жұмыстар нәтижесін көзімен көріп, сапасын сыннан өткізетіндігін ескертті. Басқосу барысында шегелеп айтылған сын-ескертпелер мен нақты міндет-тапсырмалар бекітілді.

Жиында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ МӨФ алдындағы тұтунышылардың қарыздары және қалалар мен аудандарда салынған газбен жабдықтау нысандарын «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ МӨФ балансына беру мәселесі бой көтерді.

«Аудандар мен қалалар әкімдері қарыздарды қайтару бойынша тұрғындармен жұмыс істеуі тиіс. Бұл мәселе тез арада шешімін табуы тиіс. Түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. Жұма сайын осы мәселе бойынша маған есеп берілсін»,-деді өңір басшысы.

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп»  бас директорының орынбасары кәсіпорынның қысқы маусымға дайындығы жайлы баяндады. 1-ЖЭО аумағында 2 қазанагрегатқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. АЛ 2-ЖЭО аумағында  қазанагрегат пен құбырагрегат жабдықтары жөндеуден өткен. Сонымен қоса, энергетикалық блок пен бойлерлік құрылғы құрылысына күрделі жөндеу жұмысы ағымдағы жылы аяқталады. Облыс басшысы коммуналдық тарифтер өсімі, тұрғындар қарыздары жөніндегі мәселеге ерекше тоқталды.  Мәселені шешу барысында сот үрдісіне дейін жеткізбей, тұрғындар мен жеке кәсіпкерлермен  ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп»  кәсіпорны өкілдеріне энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру жобасын қолдауға көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ