Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік маңыздағы азық-түліктердің бағаларының өсуіне жол бермеу, облыс тұрғындарының ЭКСПО-ға баруы және құжаттамалық тапсырмалардың орындалысы қаралды. Аппарат мәжілісіне облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, аймақ басшысының орынбасары Шолпан Илмұханбетова, облыстық басқарма мен мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн қосылды.

Алдымен аймақ басшысы Ералы Тоғжанов «Қазақинвест» АҚ» ҰК облыстағы филиалының басшысы әрі облыс әкімінің инвестиция тарту мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып Айнұр Тумышеваның, облыс әкімінің инвестиция тарту мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып Махамбет Әбдібековтің, облыс әкімінің туризм мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып Рүстем Қараевтың, «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметіне Қайрат Қойшыбековтің, «Мемлекеттік сараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының батыс өңірі бойынша филиалының директоры болып тағайындалған Қанат Мыңбаевтың тағайындалғанын айтып, таныстырды.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бағытында жасалып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Жиында облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жұмыс жүргізудің көрсеткіші бойынша ең төменгі деңгейдегі Қарақия ауданының әкімі Әділбек Дауылбаевқа бұл мәселені осы аптаның аяғына дейін шешуді тапсырды.

Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов барлық жеке кәсіпкерлер қызметкерлеріне медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына жарна аударуын бақылауды облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаеваға тапсырды. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нури Тумышев жеке кәсіпкерлер мен белсенді емес жеке кәсіпкерлердің қызметкерлерінің медициналық сақтандыру қорына жарна аударуында айырмашылық болғандықтан, екеуінің ара-жігін ажыратып алу қажеттілігін қаперге салды. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева облыстағы кәсіпкерлердің 88 пайызының белсенді екенін айтып өтті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева аймақтағы денсаулық сақтау мекемелерінің ақпараттық жүйемен қамтылуы жөнінде мағлұмат берді. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жауапты мекеме басшыларына облыстағы денсаулық сақтау мекемелерінің саны, қазіргі жағдайы, жаңа технологиялардың енгізілуі туралы ақпарат беруді тапсырды.

Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Венера Мұстапаева әлеуметтік маңызды бағаларының өсуіне жол бермеу бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстарды таныстырып өтті.

Жиында облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыс тұрғындарының «ЭКСПО –2017» көрмесіне бару көрсеткішін арттыруды, Астананы көрмеген алыс аудан мен ауылдардың тұрғындарын жіберуді, тұрғылықты халықтың санын ескеріп, халықаралық деңгейдегі шараға маңғыстаулықтардың атсалысу кестесін қайта жасақтауды тапсырды. Аппарат мәжілісі барысында қатысушылар назарына облыс әкімі аппаратындағы құжаттамалық тапсырмалардың орындалысы туралы ақпарат берілді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ