Ақтауда «Техникалық және қызмет көрсету саласына кадрлардың жоғары   даярлығы   мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін қолайлы  жағдайлар   жасау   туралы»   қоғамдық  тыңдау  болып  өтті. Облыс  әкімдігі  өкілдері, мәслихат  депутаттары, департамент  басшылары мен  кәсіптік   оқу   ордаларының    қызметкерлері  қатысқан  алқалы   жиында  арнайы  орта  білім  беру жүйесінің  бүгіні  мен  ертеңі сөз болды.

  • Бүгінгі мақсат-  кәсіптік  білім  беру жүйесінің  бүгінгі  өзекті   мәселелерін  талқылап,  техникалық  және  қызмет  көрсету  саласындағы  мамандардың  даярлығын   құнттау  үшін  ортақ  шешімге келу. Ол   үшін   жас мамандардың   бәсекеге   қабілеттілігін  қамтамасыз ету   керек.  Қазіргі  кезде  техникалық  және кәсіптік білім алған  жастардың  көбісінің  жұмыссыз жүргені  ақиқат. Бүгінгі шара барысында  мәселелер  мен  білім сапасының  барысы  ортаға  салынады,- дейді «ҚазАзот»  ЖШС-і «Шағырлы-Шөмішті» филиалының директоры А.Меңдібаев.

Облыстық  мәслихаттың  ұйымдастыруымен  өткен  жиын  барысында  осы  саланың  бүгінгі  жағдайының сын көтермейтіндігі сөз болды. Ал, қазіргі  кезде  техникалық мамандардың қажет етілмейтін жері жоқ. Мемлекет басшысының өзі жұмысшы мамандықтарын даярлау ісін алға қоюды тапсырған болатын.  Жұмысшы маман даярлайтын кәсіптік-техникалық  оқу  орындарының  барлығы  дерлік  бүгінде  колледжге айналып кеткен.

  • Өздеріңізге белгілі,  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, 2017 жылдан баршаға тегін кәсіптік-техникалық   білім  берілетін  болады. Ондағы мақсат – бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Ал, біздегі білім саласының жағдайы көпке аян. Облысымыздағы 26 орта арнайы білім беретін оқу ордаларының көрсеткіштері жаман емес. Бірақ, қажеттілігі төмен мамандар заңгерлер, экономистер мен есепшілер көп. Жыл сайын 4 мың маманға мемлекеттік тапсырыс беріледі. 8 топтан 25 студент  яғни 200-дей жоғарыдағы мамандардың  білім  алуын  мемлекет қамтамасыз етеді. Бұл жұмыссыздықты  өзіміз  қолдан  көбейтіп  отырмыз. Меніңше, техникалық білімді  жаңғыртудың  бір  жолы – дуальды оқыту. Статистикалық мәліметтер  бойынша,  осы жаңа  білім  жүйесімен  оқыған  студенттердің 70 пайызы жұмыспен қамтылған,-деді Х.Нұрғалиева.

Алдағы жылы еліміз бойынша колледждер аккредатациядан өтеді. Көптеген  оқу  ордаларының  жағдайы  сын  көтермейтіндіктен, бірқатарының  өтпей  қалу  қаупі  бар.  2015  жылы  аймағымыздағы  арнайы білім  беру  орындарына  бюджеттен  75  млн.теңге  қарастырылса,  биыл  бұл мақсатқа мүлдем қаржы қарастырылмаған. Дуальды  оқытудың  қиыншылықтары   жоқ   емес.  Орта  арнайы білім ордаларының кәсіпорындар  мен  өндіріс орындарымен байланыстары  тығыз  емес. Сондай-ақ, осы салаға қатысты заңнамалар да толық емес. Білім министрлігінің бұйрығында мардымды негіз жоқ. Облыстық білім басқармасының   басшысы   Зейнеп  Тастемірованың  айтуынша,  өңіріміздегі 26  колледждің  материалдық-техникалық  базасы ескірген. Мұнда  оқитын  6000  студентке арналған  небәрі 3 жатахана бар. Жетекші елдерде техникалық-кәсіптік  маман иелерінің өз орындары бар. Ал, біздің елімізде жұмыс берушілерді тарту тетіктері де жетілдірілмеген. Қазір оқу бітірген жастардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы қиындық туғызып отыр. Өйткені, олар еңбек нарығындағы сұранысқа көңіл аудармаған. Сондықтан да, олар бәсекеген қабілетті емес.

  • Бастапқы кәсіптік білім алуға қызығушылықтың төмендігі оның ескі мазмұны  мен  төменгі  сапасында болып тұр. Сонымен қатар, қоғамдық ортада  орын  алған  ұстаным  да  әсер  етіп отыр. Көптеген ата-аналар  «Менің  балам  неге  жұмысшы  болуы керек?»,  «Ұл-қызым жоғары білім алуы  тиіс» деп санайды.  Кейде 10-11 сыныптардың  бағдарламасысын қиынсынып, оқушыларды колледждерге  итермелейді.  Бұл – кәсіптік  және  орта арнаулы  білім  беретін  мекемелердің  беделін  түсіреді. Маңғыстау – мұнайлы   өлке   болғандықтан,  бұл   салаға  мамандықтар  даярлауымыз керек. Бірақ, біз қызмет көрсету саласының қызметіне де мұқтажбыз. Шаштараз, аспаз, электрик, сантехник, стаушы, тұрмыстық техника мен газ пештерінің  жөндеушілері жоқтың қасы,-деді «Жастар жетістіктері» қоғамдық  қорының  директоры  Ж. Маханбетова.
  • ког тындау 2
  • ког тындау 3

Анар ШАМШАДИНОВА

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ