«Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніндегі «Ақсарай» мұражайында «Ерім деп өткен есіл ер» тақырыбында Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Мәди Бегеновтың 100 жылдығына арналған кеш өтті. Мәдени- патриоттық шараға М.Бегеновтың туыстары, «Мәди Бегенов» кітабының авторы Д.Қомашев, шежіреші, ақын Қаржаубай Рейімбайұлы, Н.Жұбаев атындағы орта мектептің мұғалімдері мен жоғары сынып оқушылары қатысты.

Кеште Ұлы Отан соғысының ардагері Мәди Бегеновтың өмірбаяны жайында мағлұмат берілді.

— Мәди Қайбиұлы 1916 жылы Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Ақжігіт деген жерде дүниеге келген. 12 жасында айырылып еңбекке араласа бастайды. 1938 жылы күзде әскерге алынып, 1939 жылы Балтық жағалауында әскери борышын өтеп жүріп, Ұлы Отан соғысына қатысады.Ол Сталинград, Курск маңындағы ұрыстарға қатысып, кейін 203- атқыштар дивизиясына ауысады да, барлаушылар бөлімшесінің командирі болады. 1943 жылы 22 қыркүйекте Днепр жағалауында өткен шайқаста Мәди бір өзі жаудың жеті солдатын, бір унтер-офицерін жер жастандырады. 1944 жылы 19 наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша аға сержант Бегеновке Днепрден өтерде көрсеткен асқан ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Бейнеу ауданында батырдың атында мектеп бар,-деді «Отпан» МКҚК қызметкері М. Нарешова.

Батырдың туысы Таяубай Таңжарықұлы Мәдидің соғыста көрсеткен ерліктері туралы әңгімелеп берді. 2007 жылы Ақтау қаласында «Бабамұра» баспасынан Мәдидің өмірі мен ерлігі туралы Доқтырбай Қомашовтың «Мәди Бегенов» атты кітабы жарық көрген болатын. Қатысушыларға осы оқулық таныстырылып, автор жазылу барысы жайлы әңгімелеп берді. Кеште Н.Жұбаев атындағы орта мектептің оқушылары елдігіміз бен ерлігімізді жырлайтын патриоттық әндерді шырқап, өлең оқыды.

Жомарт АЙДАРБЕК,

                                                                                                                                                                                       «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің көпшілік-экскурсия  бөлімінің меңгерушісі.