«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында ҚР Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге жарияланған мораторийді қолдау бағытында брифинг өтті. Брифингке «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Тарас Хитуов пен Жексенбай Дүйсебаев қатысты.

«Мәңгілік ел» патриоттық акциясы аясында бірнеше күн бойы өндірістік мекемелерде еңбек ұжымдарымен кездескен депутаттар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын түсіндіріп, насихаттау жұмыстарын жүргізді. Олардың айтуынша, тұрғындар тарапынан жолдарды жөндеу, жерді жалға беру және сату, үй салу туралы сұрақтар қойылған.

нур отан 2— Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған, бізге мұраға қалған жер- құнды қазынамыз. Сондықтан жерді ұқсатып пайдалана білу, игілігімізге жарату арқылы экономикамызды дамытуымыз керек. Пайдаланылмай жатқан бос жерлерді ешкімге бермейміз, өзіміз де пайдаланбаймыз деп қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің отырысында лауазымды тұлғаларға халыққа түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді жүктеп, бірқатар өзгерістерге мораторий жариялады. Бұл мақсатта арнайы комиссия құруды тапсырды. Ассамблеяның XXIV сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы халықты толғандырған жер мәселесіне қатысты пікірін білдірді.    «Қазақтың даласы- халықтың меншігі» деген Елбасымыз ұлан-байтақ қазақ даласының бір тұтам жері шетелдіктерге берілмейтінін және алып-қашпа әңгімелердің негізсіз екенін айтты. Меніңше, ауыл шаруашылығындағы жерлерді тиімді әрі мақсатты пайдалану арқылы экономикамыз әртараптандыруымыз керек,-деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев.

Брифинг барысында халық қалаулылары бұқаралық ақпарат өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

     -2013 жылға дейін елімізге оралған қандастарымызға азаматтық берілді. Сол жылдан кейін Атамекенге келген оралмандарға азаматтық беру тоқтатылған. Қазіргі таңда оралмандар азамттық ала алмағандықтан, үй-күйсіз жүр. Осы орайда ҚР Азаматтық туралы заңына өзгерістер енгізілсе деген ұсынысым бар. Тағы бір мәселе, шетелдің азаматы еліміздің қызына үйленсе, Қазақстан азаматтығы беріледі. Ол азаматтық алғаннан кейін жерді жалға алуға немесе сатып алуға құқығы бар. Сондай-ақ қыздарымыз шетелдің азаматына тұрмысқа шықса, еліміздің азаматтығынан шығару мәселесі әлеуметтік желілерде, халық арасында жиі көтеріліп жүр,-деді Есберген Іңірбайұлы.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жексенбай Қартабайұлы аталмыш мәселелер назарға алынып, жіті қадағаланатынын жеткізді.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ