жануар киік арқар

«Аспан астындағы мұражай» деп аталатын Маңғыстау жеріне көз жүгіртсең ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аң жете алмайтын кең аймақ екенін білесің. Сонау Атыраудан бері кәрі Каспийге дейін созылып жатқан осынау мекеніміздің таулары мен даласы тұнып тұрған тарих, шежіре, ән мен жыр екендігі әлемге аян.

Түмен атамыз кезінде:  

—  Маңғыстау білемісің не қылған жер
Қашаннан қалың дәулет бағылған жер
Қыры егіс, суы балық, сазы сабын
Күмістей көмірі отқа жағылған жер, — деп суреттеген.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдарға дейін тұқымы тұздай құрып кетуге айналған  жергілікті халық «киелі аң» деп санайтын Маңғыстау арқарларының саны жыл өткен сайын өсуде деген қуанышты хабарды естіген болатынбыз. Осы орайда жақсы хабарды желеу қылып жұртпен бөлісейік деген ниетпен табиғат жанашырлары қызмет ететін мекемеге бас сұққан болатынбыз. Бүгінгі таңдағы сол ұжымның атқарып жатқан жұмыстарымен аталған мекеме басшысының орынбасары Тұрмыс Айтжанов таныстырды.

— Тұрмыс Қоянбайұлы, кезінде даламыздың сәніне айналған киік, қарақұйрық, арқар қазір бұрынғыдай көзге көп ұшыраса бермейді. Оларға қазіргі таңда мемлекет тарапынан қаншалықты қамқорлық көрсетіліп отыр?

Дана халқымыз « жерінде қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей ашығына келетін болсақ, бүгінде кең даламыздың киесі саналатын арқарлар саны саусақпен санарлықтай күйге жеткендігі баршамызға белгілі. Жазықсыз жануарлар талай мылтықтың да нысанасына байланып, адамдардан осындай аяусыздық көрген тіршілік иелері аз ғана уақыт ішінде азайып кетті. Дегенмен соңғы жылдары осы келеңсіздіктерді жою қолға алынып, мемлекетімізде нақты жоспарлар жүзеге асып, жойылып бара жатырған әрбір аң мен құс қорғауға алынды. Жуырда біздің мекеменің арнайы шақыртуымен Алматы қаласының «Зоология институтының» ғылыми қызметкерлері келіп, бізге қарасты жердегі аң — құс пен жәндіктерге санақ жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде мыңнан астам арқар, үш жүзден астам қарақұйрық көзге түсті. Бұл дегеніміз, арқар санының бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі – үш есеге дейін өскендігі және мекеме қызметкерлерінің еңбектерінің жемісі деп ойлаймын.

— Ал,  өңірлік — табиғи парктің құрылу тарихына тоқтала кетсек.

— Табиғат бізге сый еткен киелі Маңғыстауды және сол мекенге қарасты табиғат кешендерін сақтау – баршамызға міндет. Осы орайда, қараусыз қалған жеріміз бен тұқымы азайып бара жатырған аң мен құстарды  қалыпқа келтіру мақсатында Шетпе селосынан 2012 жылы «Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» облыстық дәрежедегі табиғат қорғау мекемесі болып құрылды. Бұл парктің негізгі құрамына облыс бойынша жеті қорық кіреді. Атап айтар болсақ, Қызылсай, Жабайұшқан қорығы,  Тасорпа аумағы және Адамтас, Есет , Көлеңкелі, Манашы, Маңғыстау және Бейнеу. Қазіргі таңда мекемемізде 95 қызметкер түрлі мамандықта сақадай сай жұмыс атқаруда. Бүгінде барлық инспекторларымыз ауысымдық жүйеде тікелей күзет жұмыстарымен айналысуда. Нақтылы жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде, кейінгі жылдары аң – құстарға жасалатын залалдар біршама азайып келеді. Сонымен қатар, мамандарымыз арнайы техника және заманауи құралдармен қамтылған.

— Мыңдаған шаршы аумақты алып жатқан табиғи байлықты қорғауда, оны қалпына келтіруде  игілікті  шаралар жүзеге асырылып жатқан болар?

Мекеменің жетекші ғылыми қызметкерлері жыл сайынғы қорықтар мен табиғи парктерді қолдау жөніндегі Халықаралық табиғат қорғау күндерінде түрлі акциялар жүргізеді. Мәселен, жуырда мамандарымыз Маңғыстау және Бейнеу аудандарындағы мектептерде табиғаты ерекше жерлерді қорғау, дамыту мақсатында оқушыларға  таныстыру жұмыстарын жүргізді. Қазақстан табиғатының өлшеусіз байлығын пайдалана отырып, қоршаған ортаның бүлінбей, бүтін болуын сақтау да мемлекетіміздегі ең күрделі мәселелердің бірі. Ел игілігі үшін қандай іс атқарсақ та, ең бірінші қоршаған ортаға абайлап қарап, оны қорғауға бар күшімізді салуымыз керек деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рахмет.

Мұратбек КӘДІРБАЕВ