Сот жүйесі күн санап дамуда. Елбасы айтқандай, «сот жүйесінде елеулі өзгерістер жасалуда». Осы өзгерістердің басы-қасында жүріп, 33 жыл бойы сот-құқық саласында еңбек еткен Маңғыстау облыстық сотының судьясы Бекзат Шоқанованың еліміздің ең ұлық мерекесі қарсаңында еңбегі әділ бағасын алып, абырой арқалаған жұлдызды сәті туып, кеудесіне қос медаль тақты.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай әрбір азамат өзінің өткеніне ой салып, келешегіне айқын бағдар түзгені анық. Осыдан ширек ғасыр бұрын еліміз тәуелсіздігін жариялаған уақытта дүние есігін шыр етіп ашқан сәбилер бүгінде жарқын болашақтың кілтін қолына ұстаған Тәуелсіздіктің төл құрдастары болса, енді біреулер 25 жыл бұрын шаңырақ құндылығын қолына алып, отбасын құрған екен. Ал, Маңғыстау облыстық сотының судьясы Б.Шоқанованың судьялық қызметте жүргеніне 25 жыл толып отыр.

Тәуелсіздік тойына орай Бекзат Шоқановаға Қазақстан Республикасы мемлекеттігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі салтанатты түрде табысталды. Осындай марапатқа Маңғыстау облыстық сотының отставкадағы судьясы С.Қауылтай, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Сабырбаев, Маңғыстау облыстық сотының судьясы А.Молбаева, Ақтау қалалық сотының судьясы Г.Айжарикова, Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің талдау және жоспарлау бөлімінің басшысы Б.Деменова мен Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің бас маманы А.Өсербаева да ие болды.

Мемлекеттік наградаларды тапсыруда марапат иелерінің ұзақ жылдар бойғы жемісті әрі мінсіз қызметі, сот-құқық жүйесін дамытуға қосқан салмақты үлесі мен еңбегі еленді.

Бекзат Шұғайқызы – судьялық қызметінде өзін жағымды жағынан көрсете білетін білікті заңгер, теориялық білімін үнемі жетілдіре отырып, тәжірибеде заң нормаларын дұрыс қолданып жүрген судья. Сот төрелігін жүзеге асырудағы еңбектің жоғарғы сапасын қамтамасыз еткені үшін бұған дейін де бірқатар марапаттарға ие болып келген. Заң мен ар алдында абыройлы борышын өтеп жүрген Бекзат Шоқанова Маңғыстау облысы Соттар әкімшісінің, облыстық сот төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының орталық кеңесінің алғысымен және Құрмет грамотасымен, өңірлік-мерейтойлық төсбелгі-медалдарымен, «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен марапатталған.

Ханым ҚУАТ