Маңғыстау ауылына 50 жыл Мұнайлы ауданы маңғыстау облысы фото Тәуелсіздікке 25 жыл

50 жыл. Тарих тезіне салсақ қас-қағым сәт. Адам өмірімен жарты ғасырлық ғұмыр. Бұл арада қаншама ұрпақ алмасты. Әралуан оқиғалар орын алып, өмір өзені бірде қайтса, бірде тасты. Бірақ осы жылдарда cәні өзгерсе де мәні өзгермеген бір нәрсе бар. Ол-ауыл. Біздің айтпағымыз — Маңғыстау ауылы. Әлі де сол жер, сол мекен. Тек бірнеше  қайта қалыптасу, жаңғырулардың бастан өткергені болмаса, бүгінде темір жол мен теңіз жолының қақпасы іспетті іргелі қонысқа айналған. 

Ауыл биыл, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тұсында ел ағасы болар елуді еңсерді. Әубаста теміржолшылар қоныстанған  шағын қыстақ қана болған ауыл өсті, өркендеді. Аумағы 3063 гектарға созылып, іргесін теміржолшылар стансасынан бастау алған Маңғыстау ауылы өз алдына отау тіккен 5 ауылға бөлінді. Маңғыстау-1,2,3,4,5 тұрғын массивтері болып кеңейді. Жылына шамамен 8 пайызға көбейіп отыратын халық саны 28 мыңнан асты. 65 көпқабатты үйі, 4364 тұрғын үй ауласы, 4 орта  мектеп, 10 балабақша, 2 мектепке дейінгі шағын орталық, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 аула клубы, 1 спорт, 1 өнер мектебі, 5 ашық спорт алаңы, 11 балалар ойын алаңқайы, 1 орталық кітапханасы, 2 үчаскелік полиция тірек пункті, 203 кәсіпкерлік нысаны бар, өзге де мекемелер орналасқан елдімекенге айналды. Бірақ біз бүгін «стансаның» бүкіл тарихын тізбектемейміз, 50 жылдық өмірі мен осынша өзгергені бар ауылдың басты жаңалығы неде? Осы сұрақпен аудан әкімінің тұрғын-үй коммуналдық шарушылығы мәселелері бойынша орынбасары Нұрлыбек Жолбаевқа жолыққан едік.

 Нұрлыбек Жолбаев Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Маңғыстау облысы Маңғыстау ауылына 50 жыл фото сұхбат−  Нұрлыбек Бергенқұлұлы, биыл аудан орталығы орналасқан Маңғыстау ауылы мерейлі жасында. Оның өткенінен де, келешек жоспарынан да бір кісідей хабардарсыз. Атаулы датаға орай өзіңіз үйлестіріп отырған салада маңғыстаулықтарды қандай қуанышты хабар күтуде?

−  1960 жылдары темір жол мекемелерімен бірігіп алғашқы кірпіштері қалана бастаған қыстақтың қазір қалай өзгергені өздеріңізге де белгілі. Биылғы 50 жылдық мерейтойы қарсаңында тағы да жақсы жаңалықтар орын алуда.  Бүкіл облысқа темір жол арқылы кіретін жалғыз қақпа осы ауылда орналасқан. Мерейтойға қарсы вокзал аумағы кеңейтілуде. 1969 жылдары іргесі қаланған вокзалдың алды сол кездерге ыңғайлап салынғандықтан, келіп-кетушілерге тарлық ететін. Көліктері тұраққа сыймаған жүргізушілер «темір тұлпарларын» көпқабатты үйлердің алдына қалдырып, ауланың арасымен жүретін. Соған байланыстьы вокзал аумағын кеңейту жоспары жасалып, жұмыстары жүру үстінде. Қазір 250-300 көлікке дейін сиятын қосымша орындар салудамыз.Үстіміздегі айдың аяғына толық дайын болады. Бұл жұмыс біткесін, вокзалдың алдына көлік кірмейтіндей қылып, басқа да қосымша жоспарларымызбен жолаушыларға оңтайлы жағдай жасаймыз. Сонымен қатар жол жүрушілеріне қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында өткен айдың соңындаауылдағы темір жол өткелі жанынан айналма жолдың құрылысын аяқтап, қолданысқа бердік.

Жалпы аталған жұмыстар аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша «Маңғыстау ауылындағы темір жол вокзалы маңын абаттандыру және автокөлік тұрағын кеңейту және айналма жол салу» жұмыстарына бөлінген  қаржыға сәйкес жүзеге асуда. Мемлекеттік сатып алу заңы негізінде өткізілген конкурс бойынша құрылысты «СИКО» ЖШС жүргізуде. Серіктестікпен 71 млн 680 мың теңгеге келісімшарт жасақталды.

Тағы бір қоса кететіні, ауылдың 50 жылдығы қарсаңында «Маңғыстау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан «Жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде магистральдық жылу жүйесінен көпқабатты үйлерге дейінгі жөндеу жұмыстарының қолға алынуы. Мұны дербес қазандықтарға өтуге дайындық десе де болады. Тұрғын үйлерге дербес қазандық орнату жоспарының іске асырылуына орай, аталаған жөндеу жұмыстары үймен жылу қазандығы арасында жылудың ескі құбырмен ысырап болмауын қамтамасыз етеді. Оған 91 млн теңге қаржы қаралып, 54 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіне дейінгі аралықтағы жылу жүйелері жаңартылуда. Жалпы көлемі 1500 метр. Өйткені, ауылдағы көпқабатты үйлердің алғашқы легі 1966-67 жылдары салына бастаған. Көбінде жылу құбырлары ескірген. №1-ден №19-ға дейінгі екі қабатты ғимараттар сол жылдары тұрғызылған. Ол үйлер кезіндекөмірмен қыздырылған. Қазіргі «гараж» деп жүргеніміз сол кезде көмір салатын сарай қызметін атқарған. 1970 жылдардан кейін теміржолдың жылыту қазандығы салынып, жылуды содан алуға көшкен. 1978 жылдары үлкен үйлер бой көтере бастап, 80 жылдарға келіп МАЭК-тің жылыту магистралына қосылған. Кейінінен №20-дан №27-ге дейінгі үш қабатты тұрғын үйлері, №40-дан №45-ке дейінгі тұрғын ғимарататар салына бастаған. Ауыл көп қабатты үйлермен толыққан.

−   Дербес қазандық деп қалдыңыз, бұл да мерейтойға тартудың бірі. Десек те, дәл осы мәселе тұрғындар арасында көп талқылануда. Бірі қазіргі күйімізден де айырылып, жылуға жарымаймыз ба десе, басқасы жаңа жүйе қалтаны қақпай ма, деп алаңдаулы.

−  Қазірде ауылдағы 65 көпқабатты үйдің 53-і жылуды«МАЭК» КазАтомпром» ЖШС-нен ұзындығы 25 шақырым арқылы келетін орталықтандырылған құбырдан пайдаланады. Жаңадан салынған 10 үйдің өз алдына жылу қазандықтары бар.  Жалпы бұл мәселенің көтерілгеніне 10-15 жылдың жүзі болды. Кезінде техника-экономикалық негіздемесі де жасақталып, жобалаушылар бәрін есептеп шыққан еді. Осы негіздеме МАЭК-тен алып отырған жылудың экономикалық жағынан тиімсіз екенін дәлелдеп, жеке қазандықтарға өту қажеттігін ұсынған еді. Оның жобасын жасақтағанымызға да оншақты жылға қарады. Бірақ қаражат жоқ дедік, басқа да кедергілермен артқа сүріліп қала берді. Қанша кідіріске ұшырағанымен бәрібір ол шаруаны қолға алу қажеттігі туындады. Сондықтан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 710 млн.теңгеге Маңғыстау ауылындағы көп қабатты үйлерге 10 дербес қазандық орнатуға ақша бөлініп,  «Альянс ЛТД» ЖШС жұмысын бастап кетті. Жыл соңына дейін толық аяқтап, келесі жылы маусымға дербес қазандықты қосатын боламыз. Оның ішінде №1 орта мектеп, Халыққа қызмет көрсету орталығы, туберкулезден сауықтыру балабақшасы өз алдына қазандықпен қамтылса, қалған 7-еуі көп қабатты үйлерге орнатылады. Әр блок модуль орта есеппен 45 млн.теңгеден тұрады. Бір блокта екі қазандық бар, біреуі резервте. Қазандықтың қасында 20 текшеметрлік су сақтау қоймасы қойылады. Одан бөлек өз алдына трансформатор орнатылып, тоқпен қамтамасыз етіледі, ГРП-сы, соның барлығы жобаға кіреді. Осы жерде ауыл жұртшылығына ескерте кететін жайт-дербес қазандыққа өтуге байланысты тұрғындардың үйлері қайта жөндеуге келмейді. Бұрынғы жасап тұрған жылу жүйесіне қосылады.

МАЭК-тен Маңғыстау ауылына жылу келетін құбырдың ұзындығы 25 шақырым болса, диаметрі 730 миллиметр. 125 ГКал/сағатқа арналған құбырлар кезінде 12 мұнай компаниялары, ЗПМ, 16 теміржол мекемесі мен 18 бюджеттік кәсіпорын, 53 көпқабатты үйлерге арналып салынған. Алайда қазір орталықтандырылған жылу құбырынан тек 53 көпқабатты үй мен 4 мекеме ғана жылу алады. Өзге тұтынушылардың бәрі жеке қазандыққа өткен. Сондықтан жылутрассасының бастапқы жоспарланған қуатының бүгінде небәрі 5-7 пайызы ғана тұтынылуда. Бұл оның гидравликалық жүйесін бұзған. Құбыр 1970 жылдары салынғандықтан сыртқы жылу өткізбейтін қабаттары түсіп, тозығы жеткен. Осыған орай, Маңғыстау ауылына жеткенше жылу-энергия стансасынан (ТЭС-2) шыққан жылудың25-35 пайызы жолда жоғалады. Оны өңдеу көп қаражатқа тіреледі. Және экономикалық жағынан да бұл тиімсіз. Ауылға жылу «Маңғыстау жылу» мекемесі арқылы берілетіндіктен артық шығын, былайша айтқанша «жемеген астың ақшасы» осы кәсіпорынның өзге пайдалары есебінен өтеліп келеді. Мекеме тұрғындар тұтынған жылудың 1 шаршы метріне 108 теңгеден ақша алса,өздері 202 теңге қылып төлейді. Соңғы 10-15 жылдан бері осындай жағдайдамыз. «Маңғыстау жылу» артық шығынға жұмыс жасауда және бұл жүйемен келетін жылу қажеттілікті толық қанағаттандырмайды. Соңғы нүктеде орналасқан үйлерге жылу өз деңгейінде жетпейді. Тұрғындар шағыммен келеді. Өздері насос қойып, әлекке қалады. Енді мұның шешімін 5-6 үйлерден біріктіріп, әрқайсысына дербес қазандық қоя арқылы таппақбыз. Осындай 10 дербес қазандық қойылатын болады. Жобаға Ұлттық қордан қаражат бөлініп, негізгі жұмысы кешегі шілде айында басталды. Жыл соңына дейін бітеді. Бірақ бұл жылуды үйлерге қосу жұмысы келесі жылғы жылу науқанына қалады. Себебі биылғы қазан айына үлгеру мүмкіндігі жоқ. Ал енді мұның тиімді тұсына келсек, жылу қазандығы үйге жақын маңда тұрғындақтын одан шыққан жылу өзге бағыттарға іркілмей тіке жетеді. 80 градус температурамен шықса, сол жылуымен тұрғындардың үйіне барады.Бұл Ақтау қаласының тәжірибесінде сыналған. 32 шағын аудандағы, әскери қалашықтағы халық баспанасын осылай жылытып отыр. Бағасы да қаладағы өзге жылу жүйесінен қымбат емес, шаршы метріне 80 теңгеден төлейді. Бізде жобамен шаршы метріне 90-100 теңге аралығында болады деген болжам бар. Төлемі қазіргі көлемінен 10 пайыз ғана ауытқуы мүмкін, одан артық емес. Әрі жылу, энергия, өзге де ресурсттардың үнемделуіне септік етеді. Ақтау қаласындағы бір тұрғын үй мысалында айтсақ, 2 бөлмелі пәтер үшін айына 6-8 мың теңге аралығында шығады екен. Әрине бұған ауа райы да әсер етеді.

Дегенмен бір айта кететін жайт, дербес қазандық жүйесімен ыстық су келмейді. Өйткені онда үйлерге дейін баратын ыстық су жүйесі жоқ. Жалпы ауыл 1990 жылдарға шейін ыстық суды қыстыкүні МАЭК-тің жылу магистралынан, жазға қарай басқа жүйеден алған. 1990 жылдан соң ыстық су тек қыс мезгілінде берілгендіктен жазда әркім өзі су ысытатын құрылғылар арқылы қажетті суын жылытып, пайдаланып келген. Жеке қазандықтар орнатылғаннан кейін де халық ыстық суға сұранысын осылай, жеке үйлеріндегі жылыту құрылғыларымен өтейтін болады. Бұл үшін салқын су күні бойына беріледі. Қазір жалпы аудандағы 25 мың тұрғын үйдің тек мыңға жуығына ғана жылысу құбырмен келеді. Қалғандары баспаналарына су қыздыратын аппарат орнатқан.Суды осындай жолмен жылытып, пайдалану орталықтандырылған жүйеден ыстық су алудан әлдеқайда тиімдірек. Себебі тұрғындар орталық құбырмен келген жылы судың 1 текше метріне 157 теңгеден төлейтін болса, өз үйлеріне қондырған жылыту құрылғысымен бұл қаржы жобамен 80 теңгеге шығады. Сол үшін қыркүйек айының 14-і күні көп қабатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, қазіргі жасалып жатқан жұмыстарды қаперіне бермекпіз. Егер олардың орталықтандырылған құбырменжылы су алғысы келсе, техникалық-экономикалық негіздемесін жасақтап, әрі қарай орталықтандырылған ыстық судың мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бұған белгілі бір уақыт қажет болады. Оған дейін жеке құрылғылары арқылы пайдалануға ұсыныс береміз.

− Біраз нәрсенің басын ашып бердіңіз, енді ауылдың абаттандырылуы, жоғарыдағы әңгімемізге арқау болған тұрғын үйлердің салынуы жөнінен де сөз етсеңіз?

−   Ауыл халыққа қажетті негізгі энергоресурстармен, соның ішінде электр энергиямен, жылумен және газбен толықтай қамтамасыз етілген. Ауыз суды құбыр арқылы Маңғыстау ауылының 47%-ы, атап айтқанда Маңғыстау ауылының өзі және Маңғыстау-2 тұрғын үй массиві алады. Қалған тұрғын үй алаптарына ауыз су тасымалды түрде жеткізіледі.

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Маңғыстау ауылының кварталдарында орналасқан үйлерге ауыз су құбырын жүргізу үшін құны 167,2 млн. теңге тұратын ЖСҚ-сы дайындалып, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Осы қыркүйектің 25-не дейін мердігер мекемесі белгіленіп, жұмыс жыл аяғына дейін аяқталады.

Сонымен қатар, Маңғыстау-4 елдімекенін ауыз сумен қамтудың ЖСҚ-сы жасақталып, қаржыландыруға ұсыныс берілді. Маңғыстау-3,5 елдімекендеріне де құбырмен ауызсу жеткізудің ЖСҚ-сы дайындалып, мемлекеттік сараптамаға тапсырыс үшін құжаттары әзірленуде.

Бағдарлама шеңберінде ауылдың елдімекендеріне орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу үшін бюджеттен 50 млн.теғге ұаражат қарастырылып, ЖСҚ-сы әзірленді. Бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптама қорытыныдысынан кейін қаржыландыруға ұсынамыз.

Тұрғын үй құрылысы мәселесіне келсек, үстіміздегі жылдың ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы әрқайсысы 24 пәтерлік 4 қабатты 12 несиелек үйдің құрылысы басталмақ. Толықтай сметалық құны 1 746,706 млн. теңгені құрайды. Жаңа баспана келесі жылдың сәуір-мамыр айларына дайын болып, пайдалануға беріледі деп отырмыз. 2017 жылға әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен бюджет қызметкерлеріне арналған тағы 8 үйдің құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар, Маңғыстау ауылы бойынша өзекті мәселелердің бірі — пайдалану мерзімі өткен көп қабатты 52 тұрғын үй мен барақ типтес үйлердің техникалық жағдайы болып отыр. Мұндай проблема еліміздің өзге өңірлерінде де кездеседі. Бұл мәселені шешу мақсатында республика деңгейінде «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында № 41, 45, 48, 50 тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтті. Бағдарламаны одан әрі жалғастыру үшін, № 6, 10, 22, 23, 37, 39, 40, 42, 43, 86, 99, 104 тұрғын үйлері кондоминиум объектілері ретінде Әділет басқармасына тіркелді. Ал, № 22, 39,40,42,43 тұрғын үйлердің күрделі жөңдеу жұмыстарының ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, бюджеттік тапсырыс берілді.  Бағдарлама бағытын тұрғындарға түсіндіру жұмыстары аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп жалғасын табуда.

Ауылды көркейту бағытында «Жеңіс аллеясы» кешені орналасқан, көлемі 3, 2366 гектар саябақ қайта жарақтандырылды. Саябақтың құрылысын «Құрылыс инвест груп» ЖШС жүргізді. Мердігер мекеме аталған құрылыс жұмыстарын 155 034 900 тенгеге жасады, 2015 жылдың маусым айында күрделі жөндеу жұмыстарын бастап, пайдалануға берді. Аталған орынға көктем келісімен жасыл желектер отырғызылып, көзтартар көрініске келтіріледі. Ішіне үлкен «Тәуелсіздік монументі» салынады. Ескерткіштің жоспары дайын.

Оған қоса, ағымдағы жылдың ішінде жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын есебінен салынатын инвестициялық жобалар тізіміне кітапханасымен бірге 500 орындық мәдениет үйі, 160 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылыстарын бастау жоспарлануда. Бюджет саласында жұмыс жасайтын жас отбасыларға жағымды жаңалық болғалы тұр, ауылдан оларға арналған 100 орындық жатақхана бой көтеретін болады.

−   Ауылда темір жол вокзалы орналасқандықтан бұл жер сырттан келген қонаққа ауданның ғана емес, аймақтың айнасы сияқты. Темір жолмен келген әрбір жолаушы алдымен осы ауылдың ішінен көлік жолымен жүріп өтеді. Сөзіміздің нүктесін осы бағыттағы жұмыстармен қойсақ?

−   Маңғыстаудағы ауылдағы ауылішілік автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 80,8 шақырым. Соның ішінде асфальт жолдар – 13, қатқыл табанды жолдар – 24,60 шақырым. Маңғыстау-3,4 тұрғын үй массивтерінде ауылішілік 15 шақырымды  автокөлік  жол  құрылысының сметалық құны бойынша 540 289 000 теңге қарастырылған еді. Құрылысын бастап кетуге 100 млн.теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша мердігер мекеме «Ақжол құрылыс» ЖШС. Қазіргі таңда құрылысы жүріп жатыр. Аталған құрылыс жұмыстарының жалпы соммасы 540 280 000 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар, ауылішілік жолдардың жағдайын жақсарту мақсатында, сметалық құны 835, 302 млн. теңгелік Маңғыстау-5 тұрғын үй алабы бойынша 15 шақырымды жолды, сондай-ақ, сметалық құны 79 536 млн. теңгелік Маңғыстау-4 қоныс алабындағы № 11 мектептен орталық асфальт жолға дейінгі ұзындығы 2,2 шақырым жолды асфальттау үшін ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамадан шықты. Осы мезетте қаржысы бөлініп, мердігер мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүруде. Сондай-ақ, Маңғыстау-1,2 тұрғын үйлеріне автокөлік жолдарын төсеуге ЖСҚ әзірлеуге қаржыландыру көздері іздестірілуде. Жаяу жүргінші жолын салу жұмыстары да жасалуда. Бұған «Жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 45 млн. теңге қаражат бөлініп, ауыл ішіне жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын жаяу жүргінші жолдары салынбақ.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Шахида ЖҰМАН