Медиация институты қазақ қоғамына жат емес. Ұлтымыздың тарихында билер институты болған. Азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды билер, шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған.

Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіру, дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған.

Көбіне сот шешіміне бір ғана тарап қанағаттанады, екінші тарап сот шешіміне риза болмағандықтан, істі апелляциялық, кассациялық жəне қадағалау сатыларында қайта қарауға өтініш береді.

Аталған сатылардың əрқайсының өзінің уақыт мерзіміне байланысты істерді қарау бірнеше айға, ал, кейбір жағдайларда жылға созылып кетеді. Медиация əдісі арқылы азаматтар уақыт пен қаржы шығындарын үнемдейді. Медиацияның артықшылықтары –тараптар уақытын үнемдейді, себебі, сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлде қайда қысқалау; мемлекеттік баж салығы төленбейді және адвокаттың қымбат тұратын қызметі керек емес.

«Медиация» сөзі — латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мəмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Медиация — тараптардың ерікті келісім бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиаторлардың жəрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рəсімі. Медиацияны, қарапайым тілмен айтқанда, бітімгершілік деп түсінуге болады. Яғни, қандай да бір мəселе бойынша тараптар арасында келіспеушілік туған жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар оны соттан тыс, өзара келісім жағдайында шеше алады. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы жүзеге асырылады.

Медиацияның мақсаты — дауды бітімгершілікпен шешудің екітарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Медиацияны жүргізу кезінде еріктілік, құпиялық, медиатордың тəуелсіздігі мен бейтараптығы жəне медиация тараптарының тең құқылығы мен оның рəсіміне араласуға жол бермеушілік қағидаттары сақталуы тиіс. Медиация тəсілі сот ісіндегі тазалықты, əділ төрелікті қамтамасыз етудің негізгі тəсілдерінің бірі. Медиацияның мүмкіншілігі, келіссөзге бейтарап жақтың қатысуының оны жүргізуге оң әсер етуі фактісін мойындауға негізделген. Медиация дауларды альтернативті реттеудің әдісіне жатады және мемлекеттік және аралық соттарға балама болып табылады.

Медиация соттан тыс тәртіпте қолданылуы мүмкін, дәлірек айтқанда дау тараптары дауды реттеу бойынша бір шешімге келе алмаса және сотқа да жүгінгісі келмесе. Сотқа дейін медиация шартқа немесе басқа да құқықтық келісімдерге, туындаған дауды медиация қолдану арқылы шешу туралы, медиациялық ескертпе енгізу негізінде жүзеге асырылады. Сот процесі аясында да тараптар істі сотта қараудың кез-келген кезеңінде процесті тоқтатып медиация рәсіміне жүгіне алады, сотта тараптарға медиация рәсіміне жүгіну туралы ұсыныс жасай алады.

Медиацияны қолдану дауласушы тараптарға соттағы қағаз бастылықтан, мағынасыз уақыт және ақша жұмсаудан, қоғамдағы, БАҚ-ғы немесе Интернет желелеріндегі қажетсіз жариялылықтан құтылуға, сонымен қатар адамгершілік, іскерлік немесе серіктестік қатынастарды, бедел мен өз ортасындағы сыйластықты сақтауға мүмкіндік береді.

Ақтау қаласының №2 сотының судьясы
Р.Ш.Ержанова