Abish Kekilbai Әбіш Кекілбайұлы

Түркі әлемінің дамуына, басының бірігіп, беделінің артуына, айтарлықтай атсалысқан ұлт ұлдарының бірегейі – Ә.Кекілбайұлы. Ол аузымен құс тістеген жүйріктердің де бірегейі еді. Әлемнің атақты 200 ақын-жазушыларының бірі. Бұл атақ – жазушы еңбегінің еленуі ғана емес, ел мерейі, мемлекет мәртебесі, исі қазаққа ортақ қуаныш.

Оның әлемдік деңгейде танылуы – 28 жасында Ш.Айтматовтан 15 жыл бұрын мәңгүрттік мәселесін көтеруі еді. Ә.Кекілбаевтың көрегендігі мен қаламгерлік тағылымының маңызы – 28 жасында саяси еркіндік пен шығармашылық бостандық жоқ кездің өзінде ежелгі аңызға, ұлттың мүддесі тұрғысынан мән беріп, тарихи шындық аясында көркем бейнелеп көрсетуі. Бұл проблема – күні бүгін де өзекті. Сондықтан да «Күй» шығармасының салмағы романмен пара-пар екендігін оқырман жақсы біледі.

Оның суреткерлік қырлары сан алуан. Ол – биографизмді, географизмді метафоралап алуан түрлі ойнатып беруге машықтанған жазушы. Ол – өзінің романдарында батырлар образын сомдауда ерлік аңыздар желісін жиыстырып, типтендіруде ерекше образдар жасай білген қаламгер. Батырлар бейнесін типтендіруі «Күй» повесі, «Елең-алаң», «Үркер» романдарында жазылып, егемен- дік алған кезде Отпан тауда сөйлеген сөзінде Төлеп батыр туралы айтқан. Сол Төлеп батыр кім еді? Адайда батыр көп. Жазушы Кекілбаевқа батырдың бейнесі несімен ұнады? Оның Абыздығының бір қыры – Төлеп батырдың ел аузында қалған тұлғасын екшеп, саралап барып ұнатуында және шебер сомдауында.

Ер Төлеп Әнетұлы шамамен 1752–1754 жылдары Маңғыстаудың қара ойында дүниеге келген. Әкесі Адайдың ала туы түбінде тұрғандардың бірі – Әнет Текейұлы. Атақты би Ерменбеттің сөзінде берілгендей: Ер Төлеп 85 жасына дейін ат үстінде ел шебін қорғаған. Батыр, қолбасшы 80 рет Маңғыстауға келген жауды қайырған. 50 рет жекпе-жекте жеңіске жеткен. Жекпе-жектегі ұрыс шебері, 7 рет жалғыз өзі саны көп жауды жеңгендігі сол тарихи оқиғаларды кезінде жырланған шығармалар арқылы жеткен. Дүнияуй шапқыншылыққа араласпаған, олжадан үлес алмаған адамдық адамгершіліктің шырқау биігіндегі кісілігімен аты аңызға айналған батыр. Оның адами құндылығының жоғарылығы – осында.

Соғыс өнерінің қыр-сырын, соның ішінде қол оқты шебер меңгерген адам. Тактикасы– шапқыншылықта көпшіліктен оқшаулау жүріп, көз ілеспес жылдамдықпен қол оқпен ұшырып, дұшпан көзіне «бір өзі мың кісі болып елестейтін қасиет иесі». Оның бұл қасиеті заңғар жазушы Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдары мен «Күй» повесінде берілген. Оның аруағы екі иығына қонған бүркітте екен. Жыр-аңыздарда анасының бүркіттің жүрегіне жерік болғаны айтылады.

Кез келген адам Ту ұстамайды. Ту – мемлекеттің айбыны. Ту – мәртебелі. Ту – киелі. Ту түбінде тұратын адам да осал болмауы керек. Ту елдің сеніміне кірген, ата-бабасы тыным таппай, елдің тыныштығын күзеткен, айлалы, ерлік даңқы әйгілі адамдарға тапсырылған. Маңғыстауда ту ұстаған батырлар туралы аңыздар өте көп.

Егемендік алғанға дейін Отпан тауда соңғы Ұран оты 1931 жылы жағылды. Отпан тау қазір «Қазақстанның 100 киелі мекені» қатарына енгенін қаперге береміз. Қастерлі Ұран отын да кез келген адам жақпаған. Халықтық қағидада «Ата баласынан кім бар?» – дегенде Төлеп батыр немересі Рахмет бағбан шығып жаққан екен. Қазақ  тарихындағы ерлік, тағылымды ұрпақтар сабақтастығын дәріптеудің озық үлгісі осындай болса керек. Абыз Әбіш бала кезінен бұл әңгімелерді құлағына құйып өскен еді. Отпан тау басында Ақсарай емес, бірінші Төлеп батырдың құла атымен ескерткіші қойылуға тиісті еді. Ел қорғаудың мәртебесі қашан да үлкен. Көп істі тындырып жатқан ақын Сабыр ініміз алдағы уақытта осыны ескерсе.

Қазір Маңғыстау өңірінде Тұщыбектегі «Үш жұрт» жерінде сақталып, сыны бұзылмай бізге жеткен Төлеп батыр туының тас тұғырына назар аударарлық. Таңбалы тасты жергілікті ел Төлеп батырға байланыстырып аңыздайды. Отпан таудың оңтүстігіндегі ай бейнелі тас хас бетімен қағбаға бағытталып орналасқан. Биіктігі – 80 см, ұзындығы – 200. Батыс жағының ені – 40 см, шығысы – 95 см. Үстіңгі бетінде 3 шұңқыр бар, ортасындағы ойығы үлкен, тереңдігі – 15, диаметрі – 80 см және батысы мен шығысында 2 тайыз ойықшасы бар. Ел арасында «Ер Төлептің ту тігер тасы» деп аталады. Тастың хас беті мен үстінде бірнеше таңба бар.

Мекеннің «Үш жұрт» деген жер аты ойландырады. Осы мекенде бас қосқан үш жұрт кім? Ру, тайпа ма, әлде үш жүз бе? Олар неге жиналды?! Әрине, елдің басы жайдан-жай жиналмасы анық. Тастағы арабша жазылған «жиыншы жұрт» деген сөз тіркесінде үлкен мән бар. Осы жерде елдің игі жақсылары бас қосып, елдік мәселелерді талқылаған. Төлеп баласы би Мәмбетнияз «Үш ананың дауын» шешкен. Ол осы жердегі сондай дауларды шешуі де әбден мүмкін деп пайымдаймын.

«Күй» повесін жазарда жазушы бұл жайларды естіді.

Әрине, жиынды шақырушы – Төлеп батыр. Алдын ала шайқасқа дайындыққа келген әр ру батырлары тасқа өз руының туын тігіп, таңбасын қашаған. Тастағы таңбаларды оқи отырып, ойланып, бұл орын сарбаздарды дайындау орны деп танимын. Қазіргі әскери дайындық өтетін орындар сияқты. «15 жасар Ер Төлеп қол оқты атудың шебері» деп бағалаған халық, сол батыр қай жерде жүріп жаттықты? Сонда бұл – шайқас алдындағы дайындық алаңы. Тастағы таңбалар да соны меңзейді. Таста Адайдың, Кердерінің, Беріштің, Шектінің т.б. бірнеше ру таңбалары бар. Олар ел басына қиын- қыстау заман туғанда күш біріктіргені анық. Тас тұғыр – туған өлке төсіндегі бұрын зерттелмеген ерекше құндылық. Қазақстан бойынша мұндай әскери орынның, таңбалы тастың сақталуы өте сирек. Ел қорғаудың қашаннан мәртебесі биік. Ол сондықтан да құнды.

Өткен күннен ескерткіш боп қалған осы бір жұмбақ – Таңбалы тасты, 15 жылдың үстінде Отпан тауда бүтін ел тыныштығын күзетіп, шепте тұрған Төлеп батырға теңелуі тегін емес. Аңыз да бар. Отпан тау – Төлеп батырдың атакүлдігі. Өзінен өрбіген тұқымының бәрі Тұщыбектің Ұлы көзінің жанындағы қауымда жерленген. Ақтық сапарға өзі де осы жерден дәреттеліп, Сисем атаға жеткізілген. Сондықтан да тасқа тігілген туларды қорғаушы – Төлеп батыр. Тастың «Төлептің ту тұғыры» деп аталуы да сондықтан деп пайымдаймыз. Бір ескеретін жай – тастың батырдан да бұрын болғандығы таңбалардан байқалады. Ата-бабалар жү- ріп өткен жолмен кейінгі жылдардағы сарбаздар дайындықты өз кезінде батыр осы жерде жүргізді деп қисындауға негіз бар.

Адам қашаннан табиғатпен етене, бұл тастағы таңбалар олардың өзі өмір сүрген уақыттың ең негізгі  заттарын  бедерлеген. «Ата-бабамыздың тас жазулары бізге қалдырған өздері туралы мәлімет қана емес. Бұл тастарда олардың басты рухани аманаты кескінделген», – деген ғалым Ақселеу ағаның сөзі бекер емес. Маңғыстауға келген  жау  Қараған  Босағадан  келген.  Ол – «қарудың қара қанға батқан жері». Таста есік, босағаның да таңбасы бар. Бұл не деген сөз?! Есігіңе, босағаңа бекем бол! деген бабалардың кейінгіге ескертпе аманаты. Отпан тау – тәуелсіздік тұғыры. Отпан тау «Үш жұрттан» қалыс қалмайды. Жібек жолы бойындағы Маңғыстауға екі беттен – қарақалпақ және түрікмен бетінен келетін керуен жолдары әлі күнге зерттелген жоқ. Соның бірі аталған повестегі Көкбөрі, Ожабай жерлеріне қатысты да айтылатын аңызда Төлеп батыр басынан өткен әңгімелер арқау болған.

Тастағы таңбалар тыңғылықты зерттеуді керек етеді.

Таңбалардың ұқсас пішіндері Оғыз (Тұран) таңбалары мен қазіргі Маңғыстауды қоныстанып жайлаған жұрттардың таңбаларымен сәйкеседі. Махмұт Қашқари жазып қалдырған 24 таңбалы Оғыз әліпбиі болған Маңғыстауда. Бұл таңбалар соны меңзейді. Таңбалар жасы Оғыз дәуірінен жеткен деуге саяды.

Төлептің ту тұғыры сайда орналасқан. Бірақ бұл жерді жергілікті күнделікті қой жайып жүрген адамның өзі де бірден таба алмайды. Тұғыр-тас орналасқан мекен құпия сырлы тылсымды жерде орналасқан. Батырлардан басқа небір оқуы күшті қасиет иелері, діндарлар мемлекет мүддесі үшін бірнеше ғасырларға сақтық дұғаларды оқуы да мүмкін деген ой келеді маған. Әулиелердің аруағы тоқтамайды. Бұл рас. «Әулиелердің кереметі – хақ» деген дұға да бар. Бұл сай – ринг алаңы секілді әскери өнерге машықтанатын орын алаңы деуге толық ғылыми пайымдарым бар. Маңайда Қорған тауына қарай атпен қарғуға қолайлы сатылап түсетін бірнеше қозықұйрық табиғи төбелер бар. Таңбалар осыны меңзейді.

Абыз Әбіштің көркем ойлары, ұшқыр қаламынан шыққан туындылары жастарға отаншылдық сезімін арттыруда жер бетінде сақталған осындай құнды дүниелер ата жұрттың елдігі мен халықтық асыл қазыналарымызды қастерлеп, біле түсуге ықпалын тигізеді. Ол – қаламгер, көсемсөзші ғана емес, қоғам қайраткері, ұлтжанды азамат.

Академик Зейнолла Қабдолов «М.Әуезов қазақ әдебиетінің алтын жалы болса, Ә.Кекілбаев – күміс кекілі» деген. Кеңестік дәуірде академик-сыншы құндылықтарға толы Әбіш әлемінің тұңғиығын жазбай танып, ешқашан тот баспайтын, уақыт өткен сайын жарқырай түсетін асылға теңеп айтқаны деп түсінеміз. Расында да, оқыған сайын жарқырап, ашыла түсетін Әбіштану әлемінің қазақ бар жердегі ұрпақты алдағы бірнеше ғасырлар бойы тәрбиелеудегі әдеби, мәдени, рухани құндылық екені сөзсіз.

Жанбибі  ДҮЙСЕНБАЕВА,
филология ғылымдарының докторы