дәрігер

Биылғы қыркүйек айынан бастап емханалар мамандары онкологиялық ауруларға күдікті облыс тұрғындарын компьютерлік және магниттік-резонанстық томографтарға тегін зерттеуге жібере алады. Бұл туралы облыстық онкологиялық диспансерде облыстың жеке және мемлекеттік емханалары басшыларының, «Әлеуметтік сақтандыру қоры» ҰАҚ Маңғыстау филиалы өкілдерінің, «DamuMed» ақпараттық жүйесінің және «Invivo» жеке медициналық компаниясының қатысуымен өткен кеңесте айтылды.

Облыстық онкологиялық диспансердің директоры Нұрлан Жариевтің айтуынша, Маңғыстау онкология қызметіне қымбат зерттеулерді жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 37 миллионтеңге бөлінген.

— Егер онкологиялық патологияға күдіктіні емханалардың мамандары—жалпы тәжірибе дәрігерлері мен онкологтар анықтаса, облыстың кез келген тұрғыны зерттеуден өте алады. Бұрын адамдар қымбат қызметтерге қол жеткізе алмайтындықтан науқастарды қамту нашар болған еді.

Енді мемлекет бізге тегін зерттеу жүргізу үшін қаржы бөлуде. Біз әріптестерімізбен бірге науқастың бағытын талқыладық. Қандай да бір емханаға тіркелген тұрғын, егер маманның негіздемесі болса, процедурадан өтуге құқылы. Науқаста онкопатология болуы міндетті емес, жоба халықтың онкологиялық ауруын ерте анықтауға бағытталған. Әр емханада аурулар мен жыныстық және жас санаттары бойынша онкологиялық науқастардың құрылымы бар. Науқастың мәліметтеріне сүйене отырып, мамандар оларды КТ және МРТ-ға жібереді. «DamuMed» ақпараттық жүйесі арқылы науқас қызмет алу үшін бірлесіп орындаушы компанияға қай күні, қай уақытта келу керектігін білетін болады, — деп түсіндірді Нұрлан Жариев.

Диспансер директорының айтуынша, облыстың әр емханасында екі жауапты маман тағайындалды. Олардың бірі—онколог.

— Жыл сайын 100-ге жуық науқас анықталмай қалып жатады, — деді Нұрлан Жариев.
— Бұл науқастардың шамамен 10 пайызы.Кейін олар аурудың асқынған сатысындағы науқастар қатарына қосылады. Бағдарламаны енгізудің арқасында онкопатологияларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі пайда болады. Бүгінгі таңда бізде бір орындаушы бар, халықты көп қамту үшін компьютерлік және магниттік-резонанстық томография бойынша тегін қызметтерді орындауға тағы екі үміткер қарастырып жатырмыз.

Сондай-ақ Н.Жариев үстіміздегі жылы бөлінген қаражат толық игерілсе, 2020 жылға екі-үш есе көп қаржы алуға мүмкіндік болатынын атап өтті. Ал қаржы көбейсе, көрсетілетін медициналық қызмет ауқымының да кеңи түсері анық.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА

АлдыңғыСисем ата қорымы туралы
КелесіНұрлан Әлімжанов Мәжіліс депутаты ретінде ант берді
Валентина Қозыбақова
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін, халықаралық телестудия мектебін бітірген. Түрікменстанда қазақ тілінде шығып тұрған «Жұмысшы» газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, Маңғыстау облыстық телеарнасында радио-тележурналист, республикалық «Қазақстан Заман» газетінің Маңғыстау облысы бойынша меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі.