Әр тозаңнан етіңе қан тиеді,
Ой мен Қырда сан зират, сан киелі.
Сүйінқара жерленген, Шотан, Қонай
Сисем ата — адайлар пантеоны, – деп Сайын Назарбекұлы ағамыз тегіннен-тегін жырламас болар. Заттық мәдениет ескерткіштерінде сол ұлттың тағдыр-талайы, оның дүниетанымы мен идеологиялық түсініктері көрініс табады. Соның бірі ретінде Маңғыстаудағы ең ірі және ежелгі қорымдардың бірі — Сисем ата қорымын айта аламыз.

Сисем ата қорымы туралы

Көне қорым — Өтес селосынан 35 км солтүстік бағытта, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан. Қорым туралы алғашқы деректер осы өлкеге 1825-1826 жж. келген орыс әскери экспедициясының басшысы, полковник Ф.Бергтің күнделігінде «Бұл — конус тәріздес жер-тас үйінділерінен тұратын қасиетті қорым, алуан түрлі сәулет пішіндерінің біртұтастығы сақталғанына қарағанда, қорым жергілікті түрікмендердің немесе осы түбекке алғаш табан тіреген қырғыздардікі (адайлар) болуы мүмкін» деп көрсетілген.

Сисем ата қорымы тарихи-мәдени кешенінде бірнеше ғылыми-зерттеу экспедициялары зерттеу жұмыстарын жүргізген. Олар 1977 жылы Әбен Итеновтың басшылығымен  жұмыс істеген Қазақ ССР Мәдениет министрлігі жанындағы сәулетшілер экспедициясы, келесі экспедиция 1979 жылы М.С.Нұрқабаевтың жетекшілігімен ұйымдастырылған.

Сисем ата қорымындағы ескерткіш – белгілер әр кезеңнің өз дәстүріне лайықты үлгі де тұрғызылған. Олар – негізінен күмбезді тамдар, сағанатамдар, құлпытас, қойтастар, бестас, арқартастар, т.б. Қорымдағы ескерткіштердің жақсы сақталуы, неше түрлі ою-өрнектермен безендірілуі халық сәулетшілерінің шеберлігін көрсетеді.

Бүгінгі күнгі Сисем ата қорымында жүздеген әртүрлі ескерткіштер түрін көруге болады. Зәулім күмбезді мазардың жанында өте қарапайым, тіпті жерге жай ғана қадай салған, өңделмеген тастан тұрғызылған тас белгілерді көруге болады. Осыған дейін жасалынған ескерткіш паспортына сәйкес қорымда барлығы 1328 сәулетшілік ескерткіштері санаққа алынған, оның ішінде 24-күмбезтам, 138-сағанатам, 81-құлпытас, 159-қойтас, 1-қошқартас, 129-сандықтас, 133-тас қоршау, 3-бедерлі тас, 70-тас үйінді, 236-тас белгілер, 286-кіші сәулетшілік құрылыстар бар.

Сисем атаға қашанда алыс-жақыннан іздеп келіп түнеуші-зиярат етушілер көп. Сисем атаға түнеу үшін әуелі Әз-әулиеге тәу ету дәстүрі қалыптасқан. Әз-әулие — Сисем атаның құбыла тұсындағы төбешік басындағы қорым. Айтушылар Әз-әулиені Сисем атаның анасы деп есептейді. Сондықтан осында тәу етіп барып, Сисем атаға түнеу дәстүрлі әдетке айналған. Сисем атаның қай дәуірде өмір сүргені жайында анығырақ дерек жоқ. Ел аузында сақталған аңыздарға қарағанда, Сисем Ата орта ғасырларда оғыз-қыпшақ кезеңінде ғұмыр кешкен. Өз заманында ел арасында алғашқы болып ислам дінін, мұсылманшылықты уағыздаушылардың бірі болған делінеді.

Батыс Қазақстанның халық сәулет өнерін зерттеуші М.Меңдіқұлов зерттеулері бойынша қорымның пайда болу уақыты шамамен 11-12 ғасырлар кезеңдеріне жатқызылады, ежелгі бөлігінің айналасында, солтүстік-оңтүстік бағытта дамыған қабірүсті ескерткіштерінде түрлі таңба-бейнелер мен дәстүрлі ою-өрнектер түсірілген, сызба суреттердің тарихы қыпшақ-ноғай дәуірлеріндегі саяси оқиғаларды меңзейді. Сисем ата бейіті біздің уақытқа дейін алғашқы қалпын сақтаған мемориалды-ғұрыптық  сәулет өнерінің үлгісі және тас өңдеу өнері ескерткіштерінің бірден-бір сирек кездесер кешені. Қорым Маңғыстау өңірінің құрылыс-сәулет өнерінің дәстүрі, діни сенім мен  халық дәстүрлерінің біте қайнап жатқан даму өзгерістерін көрсетіп бере алады. Қорым сәулеттік-көркем құндылығынан өзге, тарихи құндылыққа да ие. Қорымның тарихы  тым ертеден басталады. Адайларды осы өңірге алғаш орналастырушы  жолбарысшылардың, батырлардың, билердің баймырзалардың бейіттері осы қорымда. Сисем-ата қорымы — батырлар пантеоны саналады, мұнда Адай тайпасының небір асыл, ардақты азаматтары Қонай батыр Кенжеұлы, Есенұлы Сейіт би, Ырысалыұлы Жанұзақ батыр, Төлеп батыр Әнетұлы, Жары Сүйінқара би-батыр Үргешбайұлы, Төлепұлы Мамбетнияз би-болыс, Байбоз Боққараұлы, ру басылары Жанбозұлдары Өтеулі, Жаманқара, Матай, Өтеғұл Зорбайұлы, Адайдың 3 назарының бірі Ескелді Саназар Құдайназарұлы, бай-сақи болған Бегей Дәуілдір Қозыбақұлы, Сеңгір Дәуілдірұлы, Жарылғап Сеңгірұлы, Назар Жарыұлының атақты 4 баласы (Шотан батыр, Тастемір бай, Майлан, Құдайберген), Қаржау Төлекеұлы, Қожаназар бай Жаңайұлы, Әнет би Текейұлы, т.б. жерленген. Осындағы орналасқан аты жоқ күмбезтам Сисем ата зираты, халық аңызында мерзімделген ескерткіштерге сай, шамамен қыпщақ-ноғай кезеңіне, яғни Алтын Орда уақытында пайда болған делінеді.

Маңғыстау өңіріндегі ХVIII-ХХ ғғ. басы кезеңдерінде кең дамыған дәстүрлі сәулет өнерінің көрнекті туындылары саналатын қорымдағы бірқатар сағана-күмбездерді өлкемізге белгілі «тастан түйін түйген» шебер Жылқыбай Доралұлы және Тұрлымұрат Сатыбалдыұлы, Сақи ұлдары Дүйсенбай, Ордабай, Еңсе, Қозыбақ, Қаражүсіп балалары т.б. жергілікті тас шеберлері шығыстың сәулет өнері үлгісін қолдана тұрғызған. Маңғыстау және Үстірт өңіріне тән «Сисем ата қорымы» аймақтағы ежелгі қорымдардың арасында сақталу деңгейімен ерекше. Діни-мемориалдық кешенде тас ою өнерінің алуан түрлі үлгілері кеңінен шоғырланған.

Сисем ата қорымы — өлкені мекендеген көшпелілердің сәулет өнері мен салт-дәстүрлері, діни дүниетанымдары мен әлеуметтік-саяси даму үрдістерінен деректі мағлұмат беретін құнды ескерткіш. Қорым тарихи-сәулет ескерткіштерінің ансамблі ретінде 1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған. Сисем ата басына төңкерістен соңғы жылдары арнаулы түнеухана салынған. Ол үй сұлбасы сақталған. Бертінде жаңа үлгідегі қонақ үй салынды. Қорымның солтүстік және солтүстік-батыс бөліктерінде қазіргі заман құрылыстары көптеп пайда бола бастаған болса, ескі құрылыстардың көбісі қираған күйде тұр. Осыған байланысты 2006 жылы қорым аумағында «Маңғыстауреставрация» мекемесімен бірге «Күмбез» СПРФ жобасы бойынша қалпына келтіру жұмыстары жасалынды. Өңірдің тарихи-мәдени мұрасының құндылығы мен маңыздылығын бұзбай тарихи зерттеулерді тың қарқынмен қолға алуға тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен шыққан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор. Бүгінгі күні осы ұлттық идеяны жаңғырту нәтижесінде, жалпыұлттық мазмұны негізінде Сисем ата қорымының сакралды маңызы артып отыр.

А.ЯРИХАНОВА
«Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы»
ММ 
бөлім меңгерушісі

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН