Сурет inform.kz алынған

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Бәйбек партияның Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс  XXXI конференциясына қатысып, өзекті мәселелер жөнінде кеңес құрды.

Басқосуға Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов,  «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының Саяси кеңес бюросының мүшелері мен облыстық мәслихат депутаттары,  бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен Б.Бәйбек күн тәртібіндегі басты мәселелерге тоқталып өтті.

«Халықтың мұң-мұқтажына құлақ түру, кем-кетіктерді толықтыру өте маңызды. Алты жыл бұрын Ақтау қаласына келдім. Бұл жолғы сапарда ажары айшықтала түскен қала келбетіне ерекше көңілім толды. Жаңа жарқабақты жағалау, демалыс орындары бой көтерген. Халық үшін жайлы жағдай жасау жоспарда бар екен. Өте қуаныштымын. Жуырда ғана тағайындалған С.Трұмов осы өңірдің жергілікті азаматы. Қызмет баспалдағының барлық сатысынан өткен, өңірді дамыту жолында жемісті еңбек еткен жан. Халықтың қолдауы арқасында өлкені өркендету ісі заңды жалғасын табады деген сенімдемін»,-деп атап өтті Б.Бәйбек.

Күн тәртібіндегі басты мәселе — «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы болып Трұмов Серікбай Өтелгенұлы сайланды. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары С.Трұмовқа партия куәлігін табыстады.

«Маған сенім білдіргендеріңе рахмет. Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды тұғырнамасының басым тармақтарын  халыққа таныстыру барысында ел азаматтарымен қоян-қолтық жұмыс жасадық. Партия жұмысында да ел президенті алға қойған он бағыттағы міндеттерді бірлесе орындаймыз деген сенімдемін. Сот жүйесін жаңғырту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сынды ауқымды істерді атқаруда қолдау танытсаңыздар деймін»,-деді облыс әкімі С.Трұмов.

Сондай-ақ конференция барысында «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізілді. Жаңа қаулыға сәйкес Саяси кеңес құрамына «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Е.Әбілов, «Yessenov University» ректоры, партия облыстық филиалы жоғары технологияларды дамыту комиссиясының мүшесі Б,Ахметов, «Қаражанбас» АҚ-ның бас директорының бірінші вице-президенті С.Алдашев, «Тұлпармұнайсервис» ЖШС қызметкері, облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі С.Мыңбаев енгізілді. Өз кезегінде Е.Әбілов облыстық партия филиалының атқарған жұмысы жөнінде есеп беріп, алда тұрған ауқымды жобаларды жүзеге асыруға партия филиалының әлеуеті толық жететіндігін мәлімдеді.

«Бүгінде ел бірлігінен асқан құндылық жоқ. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының көреген саясатының арқасында іргелі мемлекет құрып, берекелі өмір сүріп жатырмыз. Еліміз жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Партияның негізі мен тірегі — бастауыш партия ұйымдары екені сөзсіз. Нұротандықтар жүзеге асырып жатқан жұмыстарда бастауыш партия ұйымдарының үлесі зор. Партия мүшелері өздеріне жүктеліп отырған жауапкершілікке түсіністікпен қарап, партиялық шараларға белсене атсалысып келеді. Облыстық партия филиалы партия мүшелерінің сапалық құрамына баса назар аударады. Жыл басынан бері 600-ден астам адам партия қатарына қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі пәрменді түрде жүргізіле беретін болады. Мақсатымыз — бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жаңа бағыттарға лайықтап құру. Бастауыш партия ұйымдардың белсенділігін арттыру үшін ұйым мүшелерінің саяси сауаттылығын, біліктілігін арттырып, өзара тәжірибе алмасу жолға қойылды. Бүгінгі таңда Саяси менеджмент академиясымен бірлесе бейнеконференциялар, семинарлар тұрақты өткізіліп тұрады. Партияның халықпен байланысының тиімді тетігі — қоғамдық қабылдаулар. Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – азаматтармен кері байланыс орнату, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдау. Қоғамдық қабылдау халық пен биліктің арасындағы көпір. Халық «Nur Otan» партиясын өздерінің мәселелерін шешудегі ең соңғы саты деп қабылдайды, сондықтан әрбір арыз — адам тағдыры деп түсініп, мәселесін заң шеңберінде шешуге жұмыстану қажет. Осының барлығы халықтың партияға деген сенімін арттыруға септігін тигізеді»,-деді Елубай Жақайұлы.

Келелі жиын барысында бірқатар азаматтар, Маңғыстау облыстық қоғамдық штаб мүшелері ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталды.

Партия халық сеніміне қаншалықты ие?

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXXI конференциясында Бауыржан Қыдырғалиұлымен еркін форматта әңгіме орын алды. Қоғамда нағыз күйіп тұрған  мәселелер және оны шешу жолдары ашық айтылды. Ең бастысы, кез келген істе халық мүддесін көздеу, бұқарамен өте тығыз байланыс орнату, «құмға басын тыққан түйеқұс» кейпіне енбей, кез келген өзекті жайтқа жедел үн қату қажеттігі баса айтылды. Партия қатарын мәдени-моральдық нормалардан, этикадан жұрдай, сауатсыз, сөзі мен ісіне үстіртін қарайтын «босбелбеу», «бойкүйез» жандардан тазарту,  партия құрамын ел алдына именбей шығып,  өз сөзін өткізе алатын, иландыратын жігерлі жас буын өкілдерімен толықтыру қажет екендігін қатаң еске салды. Бюджет қаражатын қарапайым халықтың жайлы өмір сүруіне кедергі туғызатын өзекті мәселелерді шешуге бағыттау, ал күрмеуі қиын, наразылық тудыратын  оқиғаларда өзінің нақты ұстанымынан тайқымауға аса мән берді. Жергілікті атқарушы органдардың халықтың әрбір өтінішін мұқият саралауы, ал партия оның орындалысына бақылау орнатуы өте маңызды мәселе екендігін айтты. Қағаздан бас көтермей, халықты ұмытып кеткен партия қызметкерлеріне Бауыржан Бәйбек бюрократиялық жүйені жоюға жұмыстанатындығын да айтты.

«Қазақстан саяси қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Уақыт өткен сайын біздің қоғамда өзгеріс пен ауыс-түйіске сұраныс артып келеді. Бұл үдеріске заманауи коммуникациялар да тың серпін беруде. Жаңа технологиялар соның ішінде саяси тәсілдер өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Бұл бүкіл әлемді қамтып отырған жаһандық үрдіс. Партия – ол тірі организм. Халықпен, елмен, мемлекетпен бірге өзгеріп тұруы керек. Қазіргі таңда осы тірлікті игеріп, өзінің жұмысын жаңа дүниелермен байланыстыра білген ұйымдар ғана жетістікке жетеді. Халыққа лайықты жағдай жасау, оның құқықтары мен еркіндіктерін қорғау, жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету –партия жұмысының негізгі басымдықтары. Бұл бағытта алты жыл бұрын партия докторинасы қабылданған еді. Біздің негізгі құндылығымыз – мемлекеттік тәуелсіздігіміз. Ал басты мақсатымыз — тәуелсіздігімізді сақтау, бірлігімізді күшейту»,-деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.

Сондай-ақ ол жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, қазақ отбасына тән құндылықтарды әспеттеу, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді насихаттау, аға буын мен ұрпақ сабақтастығын жалғау сынды ауқымы зор рухани дүниеге де назар бұрды. Ол жаңа кезеңге аяқ басқан «Нұр Отан» партиясының жұмысын жаңғырту мақсатында жасақталған жеті қадам мен алдағы міндеттерге жан-жақты тоқталды.

«Біз «Нұр Отан» партиясы тарапынан шындықты айтуымыз қажет. Көп жағдайда партия үнсіз қалды. Халықта өкпе пайда болды. Сол себепті, халықпен ашық диалог құру өте маңызды. Халықтың үніне жауап қату қажет. Далаға шығумен мәселе шешілмейді. Диалог алаңдары қажет. «Нұр Отан» — билік партиясы емес, халық партиясы. Үлкен саяси күш. Партия қызметкерлері халық ортасында жүріп, мұңын мұңдап, жоғын айтуы керек. Бұл жұмыстардың сапасы төмен, ақсап тұр. Партия өз жұмысын түбегейлі қарастыруда.

Біріншіден, партияның бағдарламалық құжаттарын жүзеге асырылуын сапалы бақылауды қамтамасыз етуіміз керек. Оның ішінде ең алдымен партия атынан ұсынылып, сайланған президентіміздің сайлауалды тұғырнамасын ерекше назарда ұстауымыз қажет. Қ.Тоқаев көптеген мәселелерді ашық айтты. Әр түрлі қоғам санаттарына арналған жобаларды жасау және соны жүзеге асыру маңызға ие. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау үшін депутаттармен өзара қарым-қатынас жұмыстарын қайта қарап, күшейту қажет. Депутаттық сауалдар бүкіл қоғамды алаңдатқан аса өзекті мәселелермен үндесіп, байланысып жатуы тиіс. Партия осы бағыттағы бақылауды күшейту керек. Бақылау арқылы атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру қажет. Мемлекеттік бағдарламаларды, Елбасы мен ҚР Президенті бастамаларын жүзеге асыру сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді әрі сапалы игеру жұмыстарына мониторинг жүргізуде партия басты рөлді өзіне алуы тиіс. Халық бір нәрсе талап етсе, әкімдер өзге бір жобаны қаржыландыруы дұрыс емес. Оппозициямен ашық пікірталасқа түсу керек. Халық ашық талқылауға зәру. Партияның негізгі мақсаты –білімді, жігерлі, халыққа жанашыр, патриоттық сезімі зор азаматтарды тарту. Толығымен ашық праймериз жасаймыз. Маған берген мәлімет бойынша облыстық мәслихаттардағы депутаттық фракция жұмысы қорытындысы бойынша жасалған рейтингіде Маңғыстау облысы соңғы екі жылда көш соңында қалып келеді. 2017 жылы 14-орында, ал 2018 жылы 16-орында. Егер депутаттар белсенді болмаса, өзекті мәселелерді талқыламаса, халықпен кездепесе, БАҚ өкілдерімен сұхбат құрмаса, әлеуметтік желілерде белсенді болмаса қандай қоғамдық сенім туралы айтуға болады?! Сонықтан депуттар бұл мәселе жөнінде ойлануы тиіс.

Екіншіден, халықпен кері байланысты және қоғамның сұраныстарына сай әрекет етуді күшейтуіміз қажет. Партия халықтың үнін ести де, тыңдай да білуі керек. Біз қоғамдағы кикілжіңдерді оңтайлы шешуге белсене қатысуға міндеттіміз. Сол себепті партия қоғамдық қабылдау жұмысын күшейтуі тиіс. Билеуші партия алдымен халыққа дұрыс жолды нұсқауы қажет. Сайлау кампаниясы кезінде қолға алынған «Бірге» акциясы аясында партия азаматтардан 537 мың өтініш пен ұсыныстар жинады. Оның ішінде 18 мыңнан жуығы Маңғыстау облысынан келіп түскен. Халық назар аударған мәселелердің басым көпшілігі жергілікті атқарушы органдардың құзіреттілігіне жатады. Әр өтінішті назардан тыс қалдырмай, мұқия қарап шығу – негізгі міндет. Нақты сұрақтар бойынша атқарушы органдармен байланысып, олардың орындалысын партия бақылауында ұстау да аса маңызды. Халықтың әлеуметтік желідегі пікіріне қарап жедел әрекет етуге тиіспіз. Сондай-ақ кадрлық құрамды күшейту сұранып тұр. Қызметкерлерді ынталандыру мақсатында аймақтық және аумақтық филиал төрағаларының бірінші орынбасарларының және аппарат қызметкерлерінің жалақысын 1-қыркүйектен бастап 20 пайызға өсіреміз деген шешім қабылданды.

Үшіншіден, партия көпшілікке қолжетімді еркін пікірталас алаңдарында қоғамдағы өзекті жайттар туралы ашық айтуы керек. Партияға өтінішпен хабарласқан азаматтарға жауап берілмейді. Мерзімді уақытта олардың сауалдарына тиісті ақпарат жеткізілмейді. Әсіресе, Маңғыстау облыстық филиалы бойынша мұндай мәселе бар. Бұл жерде тұрғындармен арадағы қатынас үзіліп қалып тұр. Осыдан кейін қандай сенім болуы мүмкін?! Әрбір келіп түскен өтініш міндетті түрде тіркеліп, толық шешілмейінше қатаң бақылауда болуы тиіс. Сондықтан түрлі деңгейдегі әкімдер, басқарма басшылары, құқық қорғау органдары басшылары біздің қабылдау бөлмелерге келіп, халық талап-арызына құлақ түруі қажет. Маңғыстау облыстық филиалы қоғамдық қабылдауына түскен әрбір 5-өтініш жұмысқа орналастыру және азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуымен байланысты болып отыр. Еліміздің батыс аймақтары үшін бұл тақырыптың қаншалықты маңызды екенін баршамыз білеміз. Партия азаматтардың құқықтарын қорғап, кәсіподақтар мен ірі мердігер мекемелермен еңбек дауларының алдын алу бойынша нәтижелі жұмыс жүргізуі тиіс.

Төртіншіден, сараптау және талдау жұмыстарын айтарлықтай күшейту қажет.

Бесіншіден, партиялық жұмыс барлық әлеуметтік топпен бірдей жүргізіліп, жобалық нақты бағыттағы тәсілдер қолданылуы тиіс. Жастарды, зейнеткерлерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды , әлеуметтік аз қамтылған топтарды, көпбалалы аналарды, жұмыссыздарды және тағы басқаларын айтып отырмыз. Қазірдің өзінде партия нақты топтарға бағытталған жақсы әлеуметтік жобаларды іске асыруда. Негізгі басымдықты жастармен жұмысқа беруіміз қажет. Себебі кез келген партия өзінің болашағымен сабақтастықты қамтамасыз етуі тиіс. Өкіншке орай, қазіргі таңда партияның тиімді жастар саясаты жоқ. «Жас Отан» өкілдері жастар арасында күн сайын өзгеріп жатырған талаптарға сай бейімделе алмай бюрократиялық ұйымға айналды. Бүгінде жастар партияға емес, тың идеялар мен құндылықтар маңына топтасқанды жөн санайды. Біз мұндай қадамды үзіксіз даму ресурсы, инновациялық идеялар мен жаңа шешімдердің өзегі ретінде қарастыруымыз керек. Бұл жастар үшін нақты әлеуметтік лифт қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік және партиялық деңгейлегі кадрлық резерв жасақтауға мүмкіндік береді.

Алтыншыдан, партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы аса маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді. Қол жеткізген нәтижелерді талдап, партияның тиімді жұмысын ұйымдастыру қажет. Маңғыстау облысында бұл салада жағдай нашар. Аймақта сыбайлас жемқорлық істері бойынша басшылар ұсталды. Бұл фактілер филиалдың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылын жөніндегі жұмысын жандандыруы керек екендігін көрсетеді.

Жетіншіден, тиімді ақпараттық жұмыс жүйесін қалыптастыру аса маңызды. Міне осы бағыттағы жұмыстарды тиімді жүргізу арқылы партия жұмысына жаңа серпін беру көзделген»,- деп тәмамдады өз сөзін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Бәйбек.

Өзекті мәселелер ортақ талқыға салынған кезектен тыс XXI конференция осылайша өз жұмысын сәтті қорытындылады.

Голрох Жеменей