Ақшұқыр ауылының тұрғындары Түпқараған ауданының 40 пайызын құрайды. Яғни, елді мекеннің 12 мың тұрғыны бар. Онда туу деңгейі жоғары, жылына шамамен 350-400 бала дүниеге келеді.

Ауылда 73 алтын, 113 күміс алқа иегері бар. Жарты ай ішінде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 116 адам сол көмекті алуға өтініш берген. Бүгінде оның 96-сы АӘК-ті алып жатыр. Ал, көмекке зәру көпбалалы отбасылардың шешілмей жатқан мәселесі баспана алу болып тұр.

Ақшұқырда 600 және 900 орындық екі мектеп бар. Онда білім алып жатқан оқушылардың саны 2 мыңнан асады. 3 ауысымдық оқу жүйесін жою мақсатында тағы бір 600 орындық мектеп бой көтеріп жатыр. Білім ордасы 2020 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қоса, 2 мемлекеттік, 6 жекеменшік балабақша халық игілігіне жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта ауылда 2 жасқа дейінгі балаларға арналған бөбекжай сұранысқа ие. Ауыл әкімінің мәлімдеуінше, балабақша кезегі тұрғысында ауылда ешқандай қиындық жоқ.

Ақшұқыр облыс орталығына жақын бірден-бір елді мекен. Ауылдың қарқыны тез өсіп келе жатқандықтан, күн тәртібіндегі басты мәселе инженерлік инфрақұрылымның жетіспеушілігі болып тұр. Атап айтқанда ауылға газдың, тоқтың, ауыз судың жетіспеушілігі қиындық тудырып отыр. Қазіргі уақытта осы қажеттіліктерді талап ететін 1200-ден аса жер телімі бар. Оны шешу үшін арнаый жобаларды дайындадық. Ауылдың 85 пайызы ауыз сумен қамтылған. Ауылды толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жұмыстанып жатырмыз. 12  шақырым 200 метр асфальт жолдың жобасы дайын. Оған қарастырылған 700 млн-дай қаражаттың биыл 100 млн-ы жобаны бастауға берілді, — дейді Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылының әкімі Айсағали Нұғманов.

Елді мекенде 12 қызметкері бар мемлекеттік стационарлық емдеу орны жұмыс істейді. Одан бөлек, «Жоламан» медициналық орталығы 2017 жылы Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашылған. Аурухана жүрек, стоматология және т.б. ауруларын емдеуге арналған заманауи аппараттармен жабдықталған.

Ауылда жыл басынан 126 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Жарты жыл ішінде 31 жаңа жұмыс орны ашылып, тіркеуде тұрған жұмыссыз тұрғындар жұмыспен қамтылған.

Ақшұқырда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және «Сыбаға» бағдарламасы арқылы кәсіп бастап жатқан азаматтар қатары көбейіп келеді. Облыс әкімінің бастамасымен құрылған «Бизнес 3 күнде» бағдарламасы аясында Ақшұқыр ауылынан 7 тұрғын кәсіппен айналысуға ниет білдірген.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суретті түсірген Саби МАЙЕМЕРОВ