Құрық порты

Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов келді. Ең алдымен Премьер-Министр кешені құрылысының жай-күйімен танысты. Сонымен қоса «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин «Боржақты-Ерсай» жаңа темір жол желісінің Құрық паром кешені құрылысына дейін тартылған бөлігіндегі жұмыс барысы жайлы Үкімет басшысына баяндады.

Құрық порты

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жоба құрылысы  2015 жылдың сәуір айынан бастап қолға алынды. Жылына 4 милион тонна шамасында жүк өткізуге қабілетті  паром кешенінде қазіргі таңда 250-ден аса жұмысшы еңбек етеді.  Тамыз айының соңына дейін жұмысшылар саны 500 адамға дейін көбейеді. 21 гектарды алып жатқан терминал құрылысы барысында 4 миллион 100 мың текше метр жер қазылып, 12,5 шақырым темір жол Ерсай стансасынан Каспий теңізі жағалауындағы паром кешені құрылысына дейін жеткізілген.

«Жалпы жоспарлы жұмыстың дені еңсерілді. Қазіргі таңда Ерсай станциясындағы кіре беріс темір жол телімінен Құрық станциясына дейінгі 12,5 шақырымдық   темір жол желісінің жоғары қабатын төсеу арқылы көтермелі-өтпелі көпір құрылысына қолданылатын металл құрылымдарын кедергісіз тасымалдау мүмкін болып отыр. Сонымен қатар ғимараттар мен  құрылыс конструкцияларын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 88 нысан бой көтереді деп көзделген. Желтоқсан айының аяғына дейін 50 ғимарат пайдалануға беріледі. Тамыз айының орта тұсынан бастап теңіз табанын тереңдету  үшін 800 мың текше метрге жуық  теңіз түбіндегі топырақ қазып алынады. Әрі теңіз жағалауын нығайту жұмыстары бастау алады. Паром кешені құрылысының бірінші кезеңіне 32 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылып, бүгінгі таңда 7,3 млрд. теңге қаражат игерілді. Биыл жаңа паромды іске қосу жоспарланып отыр»,-дейді Құрық порты құрылысы бойынша басқарма басшысы Әли Қарабалин.

Құрық порты

Құрық портының паром кешені құрылысының бірінші кезеңі 2016 жылы желтоқсан айында аяқталып,  пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрық паром кешені арқылы еліміздің, сондай-ақ, Каспий теңізі маңындағы шекаралас елдердің өнімдерін, атап айтсақ, халық шаруашылығы тауарлары, астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыш химикаттардан құралған тауарлар және жолаушылар тасымалданады.

«Маңғыстау әкімдігі тарапынан екі жоба ұсынылды. Бірі — Ақтау мен Баутино арасындағы 130 шақырымға созылатын темір жол құрылысы. Себебі Баутино порты Каспий теңізі секторындағы мұнай кен орындарын игерудің  тірек базасы болып табылады.  Екінші жоба «Құрық- Құм мыс» автомобиль жолының құрылысын қолға алу. Бұл жобаларды сәтті жүзеге асыру арқылы өңірдің көліктік-логистикалық инфрақұрылымын дамытумен қатар әлеумет әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарының құрылуына сеп болады»,-дейді облыс әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржанов.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ

Құрық порты

Құрық порты