Кәрім Мәсімов

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов аймақтағы жұмыс сапары барысында Ақтау қалалық «Арман жастар» орталығында болып, өңір жастарымен кездесті. Кездесу барысында Премьер-Министрге «Жаңа серпін» өңірлік жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жасалған жұмыстар жөнінде ақпарат беріліп, «Bastau бизнес», «Bastau кәсіп» әлеуметтік жобалары таныстырылды.Кәрім Мәсімов

— Бүгінгі таңда білім қуған, мамандық таңдаған талапкерлерге «Жаңа серпін» мемлекеттік бағдарламасы жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Өңірде бағдарлама жүйелі жұмыс жасап, «екі қолға бір күрек таппай» жүрген мен секілді жастарды оқытып, жұмысқа орналасуына септігін тигізуде. Мен оқу орнын тәмамдап, механик мамандығын алған соң, өңірдегі бір мекемеге жұмысқа орналастым. Өкінішке орай, қысқартудың салдарынан жұмыстан босап қалдым. Екі жыл уақытым жұмыс іздеумен өтті. Кейін таныстарымнан «Жаңа серпін» бағдарламасы жайында естіп, орталыққа келіп тың мәліметтерге қанық болдым. Осы бағдарлама бойынша қосымша дәнекерлеу, оператор мамандығын оқып алдым. Бүгінде өңірдегі «КаспийПласт» мекемесінде жұмыс жасаймын, білікті маманмын, тұрақты жұмысым бар, үйімнің жалғыз қамқоршысымын. Мұндай бағдарлама маңғыстаулық жастарға өте қажет. Осындай бағдарламаның елімізде жүзеге асуына қолдау көрсетіп, жағдай жасап отырған Үкімет басшыларына маңғыстаулықтардың атынан шексіз алғысымды білдіремін, -деді кездесуде сөз алған Жаңаөзен қаласының тұрғыны Руслан Кенжебаев.

Сондай-ақ, кездесу барысында «Bastau бизнес», «Bastau кәсіп» әлеуметтік жобалары да таныстырылды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, «Bastau бизнес» жобасы ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік қызмет негіздерін оқуға, ал «Bastau кәсіп» жұмысқа орналасуда мол мүмкіндіктер береді. Ол үшін «Naimi.kz» мобильді арнайы қосымшаны ұялы телефонынызға жүктеп алып, жұмыс беруші немесе жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет.

— Өздеріңіз білесіздер қазіргі жастардың көпшілігі әлеуметтік желілерді немесе ұялы телефондардағы бағдарламаларды пайдаланып, өзара ақпарат алмасып отырады. Сондықтан да бұл жобаның өзге де әлеуметтік жобалардан артықшылығы-ұялы телефоныңызға бағдарлама орнату арқылы, өзіңе қажетті жұмысты іздей аласыз. Айта кету керек, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Naimi.kz компаниясы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Осылайша маңғыстаулықтар үшін жұмыс іздеу мүмкіндігі молайды. Ол үшін Naimi.kz мобильді қосымшасын смартфонға енгізіп, жұмыс беруші немесе жұмысқа орналасушы есебінде тіркелуіңіз керек. Бұл жүйе қазір Астана және Алматы қалаларының тұрғындары арасында кеңінен пайдаланылып жүр. Былтырдан бері осы жоба арқылы 25 мыңнан аса тапсырыс орындалды. Осы қосымша арқылы тігінші, көлік жөндеуші, дәнекерлеуші басқа да мамандық иелері тапсырыс қабылдай алады. Сіздерден осы жобаларды әрі қарай жүзеге асыруға қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Өйткені, жоба аясын кеңейту үшін бізге қолдау мен қаржы қажет, — деді мобильді қосымшаны таныстырған Мағжан Мәдиев.

Қос бағдарламаның мүмкіншіліктерімен таныс болған Үкімет басшысы тың жобаларға қолдау білдіретіндігін айтты.

Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

Кәрім Мәсімов