Тереңінен үңілсек, қазаққа бітімгершілік жат емес. Бабаларымыз дауды да, келіспеушілікті де алысқа созбай, ағайын арасындағы татулықты сақтай отырып бейбіт шешкен. Тіпті, құн дауының өзі тараптарды татуластыру арқылы бейбіт мәреге жеткен. Сонда темір торсыз-ақ тентекті түзеген, тараптарды бірден мәмілеге келтірген дала заңының құдіреті неде?

Осы сұраққа жауап іздегенде, ең алдымен, ағайын арасындағы сыйластық ауызға оралады. Өйткені ол заманда да тентектер. Ол кезде де келіспеушіліктер болған. Жерін тартып алып, малын барымталап, әлсізге күш көрсетпек болған жуан жұдырықтар қай кезде де кездескен. Бірақ, арасынан айырылып, барын біреуге қолды еткен ағайынның өзі ашу шақырып, істі насырға шаптыруға тырыспаған. Ортаға кісі салып, мәселені мейлінше бейбіт шешуге тырысқан. Ал, бізде көршілер арасындағы келіспеушіліктің өзі сотта шешіліп жатады. Мәселен, қоршауды орнынан қозғау, қоқыс төгу, белгіленген жерден өтіп кету деген сияқты түйткілдерді ақсақалдарды ортаға салып-ақ шешуге болмай ма? Жоқ, бізде қасарысқан қос тарап міндетті түрде сотқа келіп, мәселесін үлкен мінберде талқылауы керек. Одан кейін жер, үйін тастап басқа жаққа көшіп кетсе бір сәрі. Осындай болмашы дауды қуып жүргендер «Көрші ақысы, тәңір ақысы», «Үй алар болсаң, алдымен көршіңді таңда» деген халық даналығын ескермейтін сияқты. Ертеңін ойлаған адам көршісімен жауласпас болар. Өйткені, үлкендер бір-бірімен араз болған соң ертең олардың баласы, немересі бір-біріне қырын қарайды. Мұның бәрі сот отырысы барысында азаматтардың қаперіне салынады. Бірақ, содан нәтиже шығарып, көршілердің кешірімге келуі сирек. Бұл қарапайым ғана мысал. Ал, «үйімнің төбесін бүлдірдің, қоршауын қираттың» деп қасқайып сотқа келетіндерді медиацияға шақыру мүмкін болмай отырғанда басқа құқық бұзушылықтар бойынша ортақ мәмілеге келтірудің қаншалықты қиын тиетіні айтпаса да түсінікті. Кешірім берудің азаюы кісілік қасиеттің кеміп бара жатқанын көрсететіндей.

Перизат Нұрманова 
Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маманы