1973 жыл. Біз ол кезде мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан жасөспірім мектеп оқушыларымыз.  Ол кездегі жігіттер шашын жіберіп, қылтиған қима мұрт қойып, «жерсінсе» жіңішкелеп жақсақал өсіріп, тар тақым-кең балақ (расклющ дей ме) шалбар киіп жүретін. Күн бата осындай жігіттер қолдарына гитара алып, әлдебір жаққа асығып бара жататын немесе теңіздің биік жарқабағындағы, жағадағы тастарға топ торғайдай қонып алып, ән салатын. Ондай жігіттерге қызыға қараймыз. Аташ деген ауылдың шет жағындағы біздің Қандығыстау деп аталатын жерінде Сәбит деген жігіт болды, музыка аспаптарының қайсысын да қолына алса құйқылжытып жіберетін өнерпаз еді. Оның інілері Амантай, Бекмұрат деген жігіттер де ортаның сәні, ауылдың беткеұстарлары болып өсті. Сол Сәбит ағамыз жастардың кумирі болды десек, артық емес.

Сол 1973 жылы Ақкетікте «Толқын» деген вокальды-аспапты ансамбль пайда болды. Сәбит Дәулетияров ағамыздың ұйымдастыруымен. Сейітқазы Боранов, Жайық Құлдашов, Айтберген Жаңбыршин, Исатай Жанғожин деген жігіттер осы «Толқында» ойнады. Шеттегі шағын, елеусіз қалашықтағы жас жігіттердің жағдайын жасаған кім болыпты, олар кәдімгі гитараға кішкентай магнитті дыбысалғыш (звукосниматель) орнатып, магнитофондарды дыбыс күшейткіш ретінде пайдаланып, сахнаға шықты. Тіпті,  соғатын аспаптарына дейін қолдан жасалған еді. Фонограмма деген пәлені ол кезде естіп те көрмеген, магнитофондарда болатын жаман микрофондарды қолданып, ән салып, дискотекалар ұйымдастырып жүрді. Олардың жүрген жерлерінде халық керемет көп жиналатын, өйткені «тірі» ансамбль дегенді көзімен көрген адамның өзі де саусақпен санардай еді.

Сол «Толқынның» даңқы Маңғыстау жерінде дүңкілдеп тұрды. Дүрілдетіп ел аралап, дүбірлетіп думан салып жүрмегенімен, «Толқынның» сол толқынының әрбірінің атын маңғыстаулықтар жатқа білетін еді. Өйткені Маңғыстаудағы қазақ эстрадасының дамуына, өрлеуіне осы жігіттер жаңа леп, серпін, тыныс әкелгені ақиқат. Осы жігіттерге еліктеп, жер-жерлерде жаңа ансамбльдер пайда болып жатты. Тіпті өз аулымызда да шанағы сынған жаман гитараға дыбысалғыш жапсырып, сынық бөшке мен далада жатқан жез қаңылтырдан соғатын аспап жасап, «Романтика» деген қырылдақ магнитофонға осыларды қырық құрау бірдемелермен жалғап, кеш болса даңғырлатып, көршілердің түйесін үркітіп, әлек боп жүретін жастар шықты. Мен де сол «кереметтердің» бірі болдым.

«Толқынның» қатары толықты. 1973-1975 жылдары Ермек Төлеуова, 1979 жылы Алтынай Қыдырова сынды гитарашы, әнші қыздар келді. 1975 жылы шалқыған кең дауысты Аманқос Жолдыбаев келіп, ансамбльдің атағы тіпті дүрілдеді. «Толқынға» толқын қосылып, артынан Ермек, Рухия, Сәлима, Үнзила, Қаламқас, Нұрсұлу деген қыздардың атақты «Ақбөбек» ансамблі өмірге келді. Маңғыстаудағы тұңғыш қыздар ансамблі еді бұл. Аташтан жалындап «Жалын» ансамблі шықты. Мектеп оқушылары ағаларының ізін басып «Балауса» деген ансамбльмен құрды. Бұлардың қай-қайсысы да бір-бір тарих. Әттең, солардың біразы, Сәбит, Сейітқазы, Аманқос, Ермек қазір өмірде жоқ…

1980 жылдардың басында «Толқынға» Амантай Дәулетияров, Амантай Мұқанов, Берік Жүсіпбеков, Рафаэль Қарғабаев, Мұра Жолдыбаев, Мир Қошақбаев, Есей Нұрбаулин, Серік Ізімбергенов сынды жігіттер қосылды. Жаңа аспаптар алынды, ансамбль Маңғыстаудың елді мекендерін аралап, облыстық жарыстарға қатысып, шеберлік дәрежесі де өсіп, кемелденді. Рас, сексенінші жылдардың соңына таман ансамбль тарап та кетті, бірақ, Мұра сынды жігіттердің күшімен қайта пайда болып, сахнаға қайта шығып жүрді. Дегенмен, 90-жылдардың тоқырау-дағдарысы «Толқынның» тағдырына нүкте қойғандай болып еді…

Содан бері ширек ғасырға жақын уақыт өтіпті. Заман өзгерді. Қазір теледидардан күн сайын жаңа әншіні көреміз, күн сайын жаңа клиптер, әндер пайда болып жатыр. Тіпті, үйден шықпай да «ән салып», оған компьютермен тұтас ансамбльдің «қостауын» жапсырып, дайын шығарма «шығарып» жататын көрінеді. Фонограмма! Әншілік өнер емес, пысықтар айналысатын кәсіп болып кетті.

Міне, осындай кезде «Толқын» жарқ етіп қайта шықты! Баяғысындай, табиғи, таза түрінде шықты. Ешқандай фонограммасыз, компьютерсіз, кәдімгі жанды, тірі, табиғи даусымен шықты! Жігіттері де сол баяғы Сәбит, Айтберген ағаларының көзін көрген, қатарласа отырып, сахнаға бірге шығып, тәлім алған, ізін басқан інілері – Амантай Мұқанов, Рафаэль Қарғабаев, Мұра Жолдыбаев, Едіге Құлдашов, Есей Нұрбаулин. Қастарына бұлардың ісін алға апарушы болып Қонақбай Саназаров және Архат Бисенбаев сынды жастар қосылыпты. Жаңа «Толқын» алғашқы шағын концертін 6-мамыр күні Отан қорғаушылар күніне арналған салтанат кезінде берді. «Дос-Мұқасан» ансамблінің композицияларын орындады.

-Ансамбльді өмірге қайта әкелу – сол «Толқынды» көрген, сол ағаларымыз – алғашқы толқынды көрген жігіттердің ортақ идеясы. Мен осы жігіттердің тапсырмасымен аудан әкімі Темірбек Асауовқа бардым. Биыл қаламыздың 170 жылдығы. Тарихы бай, тамыры тереңде жатқан қала болса, сол тарихтың бір тіні – «Толқын» ансамблі еді. 1973 жылы облысымызбен бірге құрылды, Маңғыстау эстрадасының көшбастаушыларының бірі болды. Соны жаңғыртқымыз келеді, бірақ, ынта-ықыласымыз бар да, мүмкіндігіміз шектеулі дегендей әңгіме айттым. Басшымызға мың рахмет, қолдады. Сонымен қатар қаланың 170 жылдығына орай ел-аймақты аралап, концерт берің, қаламыздың жақсы атын жая берің деген тапсырма да берді. Мына алған аспаптарымыз, мынау алғашқы концертіміз осы Темірбек Асауов ініміздің арқасы, -дейді Амантай Мұқанов.

Ансамбль жетекшісі – Мұра Жолдыбаев екен.

-Біз қазіргі жаңа үрдіспен – фонограмммен кетпедік. «Толқынның» өз жолымен – табиғи, жанды дауыспен ән салып қана қоймай, аспаптарымыздың да табиғи дауысын шығардық. Алғашқы «Толқындай» бар болмыс-бітімімізбен халық алдына шықтық. Осылай бола береді, біз жасандылыққа бармаймыз, -деп Мұра кесіп айтты.

 Осы сахнаға «Дос-Мұқасан» орындаған әндермен шығуын Мұра:

«Дос-Мұқасан» – қазақ эстрадасының классикасы. Оның орындауындағы әндер – санамыздан өшпейтін, жадымыздан кетпейтін әндер. Біз осынау әндермен шыққанда, біріншіден, сонау 70-жылдардың атмосферасын қайта тірілткіміз келді, екіншіден сол 70-жылдардың қарлығашы – «Толқынның» салған жолы, бастаған ісі жалғаса беретінін көрсеткіміз келді, -деп түсіндірді.

Қазір «Толқынның» жаңа толқыны тынымсыз дайындық үстінде. Репертуар жасақталып жатыр, онда халық әндері, сол 70-жылдардағы әндер мен қазіргі әндер, жергілікті авторлардың әндері болады. Әрине, жасы елуден асып, алпысқа да жақындаңқырап қалған жігіт ағалары үшін бұл оңай шаруа емес, оны түсінуге болады. Бірақ, айтқан сөзіне, бастаған ісіне жауапты жігіттер алған беттен қайтпақ емес. Рас, жасы келіп қалған кісілердің гитара ұстап сахнаға шыққанын біреулер ерсі көреді, күстәналайды.

Мәселе – меніңше,

«Не десең о де, тектіден қалған тентектер,

Ананың тілін, атаның жолын сақтап тұр»,

-деп Светқали айтпақшы, тасты жарып шыққан таза бұлақтай болып өмірге келіп, өзін жақсы көрген, құрметтеген, бүгінде сағынған халқын табиғи дауысымен, тума талантымен, өнерімен табындырған алғашқы «Толқынның» жолын сақтап, үрдісін сақтап, табиғи болмысын сақтап, ағаларының дауысын бүгінге жалғап, жаңғыртқан жігіттердің  қазіргі арзан, боямалы, жасанды өнерсымаққа елтіген публикаға берер өнегесінде. Саф алтындай нағыз өнерді тани алатындарға берер жан ләззатында!

Айсағали ҚЫДЫР

Суретті түсірген автор

«Толқынның» жаңа толқыны

"Толқынның" жаңа құрамы