«Әннің де естісі бар, есері бар», — деп ұлы ақын Абай атамыз жырлағандай, құлақ құрышын қандырар көрікті ән тыңдарманды тәнті ететіні рас. Осы орайда, ән байқауларында жасындай жарқырап, аудан атын өзге өңірлерде асқақтатып жүрген өрендеріміз көп. Солардың бірі — 15 жастағы Алина Бакиева. Жеңімпаз қызды достары мен туыстары әсем гүл шоқтарымен «Астана-Маңғышлақ» пойызынан сән-салтанатпен күтіп алды.

Жуырда Елордада балалар мен жасөспірімдер арасында өткен алғашқы республикалық «Музыка әлемі» байқауына түрлі сахналарда шеберлігін шыңдап жүрген жалынды жас өрендер қатысты.  «Эстрадалық вокал» айдары бойынша 30 үміткердің ішінен шеберлікпен үздік өнер көрсеткен маңғыстаулық Алина Бакиева бірінші орын жүлдегері атанды. Ақтау қаласындағы №23 орта мектептің 9 сыныбында оқитын қыз 3 жасынан той-томалақта ән айтып жүріп, 6 жасында «Музыкалық вояж» байқауының 1 орын, 9 жасында «Әнші балапан» сайысының бас жүлдесін жеңіп алды. Одан басқа, облыстық «Бәйшешек» додасында бірінші орыннан көрінсе, «Жаңа есім-2016» шығармашылық жобасында «А-Лэр» тобының құрамында ән шырқап, екінші орынды иемденді. Басқа да көптеген сын сайыстарда, эстрадалық ән орындаушылар байқауларында топ жарғанын дәлелдеуші диплом, медальдары жетерлік.

Алинаның ең аяулы, асыл адамы — оның анасы. Барлық істе анасымен ақылдасып, шешім қабылдайтын қыз  осы байқау туралы жөн сілтеп, бақ сынап көруге  себепші болған анасына алғысы шексіз.

─ Анам екеуміз көп ойланбастан жолға жиналдық. Осы айдың 17-сі күні  пойызға отырып, 19-ы күні Астанада болдық. 250-ден астам Қазақстанның әр қиырынан келген жас әнші бақталастар көп болды. Бірінші орын бір, екінші орын екі, үшінші орын үш қызға берілді. Ал, бас жүлдені Қостанайдың Айша есімді қызы қанжылады. Оның даусың естігенде «бас жүлдені осы қыз алатын шығар» деп ойладым. Бұл пікірімді естіген анам: «Ия, расында, дауысы жағымды екен, бірақ сен де осал емессің»,- деп мені жігерлендіріп жіберді, — дейді Алина Бакиева.

Аудандық мәдениет үйінің директоры Маргарита Омароваға шәкіртінің жеңіске жеткеніне орай халықаралық «Жастар әлемі» фондының атынан Алғыс хат табысталды.  Жанкүйер ұстаздың қуанышында шек жоқ.

─ Алина құйттай кезінен-ақ Мұнайлыдағы «Театралдық қойылым», «Вокал» үйірмелеріне қатысып келеді. Тышқан жылында «ең кішкентай тышқан» рөлін ойнады. Ақтау қаласына көшіп, сол жақтың мектебінде оқыса да,  үйірмелерден қол үзген жоқ. «Жаңа есім-2016» шығармашылық жобасының үміткері, бес турдан өтіп, финалға жеткен жеңімпазы. «А-Лэр» тобының мүшесі. Осы жобаның гала концертінде шырқаған өлеңдерін біз қайтадан дайындап, Астана қаласына жолдама бердік. Жеңіспен оралғанына қуаныштымыз, — дейді ол. Айтуынша, осындай байқаулар еліміздің басқа аймақтарында да ұйымдастырылуда. Оған қатысуға ниет білдіруші дарынды жастар көп. Қазір олар қызу дайындық үстінде.

Айта кетейік, Алина Бакиева келесі айда Елордада өтетін халықаралық «Жарық жұлдыз» телевизиялық байқауына жолдама алды. Сәттілік!

Әсел ТАҢАТАРОВА

Өнер жастан