әжелер

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында өнердің көшін өрлетіп, өмірлерін әнмен өрнектеп жүрген Бостан ауылының «Асыл әжелер» ансамблі өзінің есеп беру концертін өткізді.

Шаңырақтың шежіресін шертіп, ағайын-туманың татулығын сақтауға септігін тигізетін, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы болып, жас келіндерді тәрбиелейтін, немере-шөберелерін алдына алып, ауыз әдебиетінің ертегі-жырларын айтар асыл әжелер бүгінде бар ма екен?.. Қазақ қоғамында барлық рулы елге ана бола алған Қырмызы әже, Ақкенже әже, Гүлнәр әже, Дәмегүл әже, Ғалия әже, Сәулеш секілді әжелердің бейнесі өз алдына бір төбе. Олардың ақ бесігінде тербелген Абай, Шоқан сынды тұлғалар әжелерінің аялы алақанында ержеткенін де білеміз.

Өткеннің өнегесіндей бола алған «Асыл әжелер» ансамблі ауылымыздың мәдениет саласының дамуына өз үлестерін қосып, халық әндерін насихаттап жүрген асыл әжелеріміздің тобы. Өткен аптаның сейсенбі күні бұл өнер ұжымы есеп беру концертін кең көлемде атап өтті. «Керім-ай» бишілер тобы қазақ биін орындағаннан кейін, қошеметпен ортаға жеке-жеке шақырылған әжелер киіз үй төрінен орын алып, өткен күннің елесіндей болған халық әні «Дедімай-ау» және «Сәулем-ай», «Маусымжан», «Арыс жағасында», «Ақтамақ», «Ауылың сенің іргелі» әндерін салды.

Ал әжелеріміздің әндерін музыкалық аспаптармен Жаңаөзен қаласындағы оқушылар шығармашылық үйінің музыканты Бектемір ағамызды және әнші жігіт, танымал асаба Құдайбергенов Фарахат әрледі.

Асыл үрдістің желісін одан ары дамытып келе жатқан «Асыл әжелер» ансамблі осы- дан 3 жыл бұрын Бостан ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі қызметін атқарған Қырмызы Орынғалиқызының қолдауымен құрылған болатын. Жетекшілік ету барысында Қырмызы Қожахметова ұлттық қасиеттерді нақыштап, халық әндерін кейінгі ұрпаққа насихаттап, үлгі етіп келеді. Әжелер ансамблінің құрамындағы Дәмегүл Көптілеуова, Бақтыгүл Дауылбаева, Ақкенже Айзақова, Гүлнәр Жакиева, Сәулеш Әлібекова, Ғалия Алхамова апаларымыз белсенділік танытып келеді.

Тағы оқыңыздар: Шыныққан бала ешқашан ауырмайды

Дана халқымызда «Бала еттен жаратылса, немере сүйектен жаратылған» дегендей, көненің көзіндей болған өнерлі әжелеріміздің немерелері Қымбат Құлбаева мен Көктен Ерасыл әннен шашу шашып, «Керім-ай» бишілер тобы қазақ биін мың бұрала биледі.

Әжелер өнері, әжелер мектебі, олардың өнегесі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін табылмас тәрбие құралы. Оларға қандай жылы сөз айтсақ та, қандай сый-сияпат көрсетсек те артық етпейді.

«Асыл әжелер» ансамблінің халық алдында айдай болып жарқырап жүре берулерін тілейміз.

Серік ҚОЖАХМЕТОВ,

мәдениет үйінің меңгерушісі