Жетібай ауылындағы «Геофизика» және Ж.Мыңбаев атындағы шағынаудандарда сонау 1963-1965 жыл­дары бой көтерген, екі қабатты, барак үлгідегі ескі тұрғын үйлер бар. Барлығын қоса есептегенде жүзге тарта пә­те­рі бар ескі үйлердің бұрынғы иелері қазір онда тұр­майды. Көбісі жер алып, үй салып алған болса, бірнешеуі тұрғын үймен қамтылған. Қалай дегенмен, ескі үйін басқа адамдарға жалға беріп немесе арзан бағаға сатып жібергендері де көп. Ал, үй салуға дәрмені жетпей, қаржысы болмағандықтан әлі күнге дейін осынау ескі барак үйлерді паналап отырған отбасылар да бар.

Бірақ бұл үйлердегілер өз үйіне өзінің бала-шағасын да тіркеуге тұрғыза алмайды екен. Себебі үйдің құжаттары жоқ. Кезінде салдырған мекемелер қазір жоқ. Ал үйлер ешқандай әкімшілік орындарына тиесілі емес. Тұрғындар бұл үйді не жекеменшігіне өткізе алмайды, не сата алмайды.

Үйдің сапасы да сын көтермейді: қабырғасы қақырап, төбелері опырылып тұр. Үйлердің апат­ты жағдайда екендігі сонау 2001 жылы расталған, актісі бар, бірақ сол кезде қаулы шығарылмағандықтан, әлі де апатты үй­лердің санатына кірмейді. Ал апатты екендігін растатып сараптама жасатып, қаулы қа­былдау үшін пәтерлердің құ­жаттары толық және меншік иелерінің атында болуы керек екен.

Тұрғындар кезіндегі БТИ ме­ке­месіне, қазіргі әді­лет бас­қар­ма­сының ма­ман­­да­рына талай рет  ба­рып, та­бан­да­рынан тозса да еш­қан­дай шешімін таба ал­ма­ған. Өйт­кені олардың құзі­ре­тін­де еш­қандай мекеме ба­лан­сын­­да тіркеусіз тұрғын үй­ге құжат жасақтайтын пәрмен жоқ. Енді не істеу керек?

Амалы таусылған тұрғындар ауыл мен аудан әкіміне де бірнеше рет арызданған. Ақыры әкімдіктің құжаты жоқ, бірақ осы пәтерде жеті жылдан ары уақытта тұрып келген, коммуналдық төлемдерін уақытылы төлеп отырған тұрғындарды пәтердің жекеменшік иесі ретінде тану туралы сот шешімін шығарт­қаннан басқа амал қалмапты. Жүз пәтердің иесі дайын болмағанмен, осы үйде тұрақты тұратын бір топ тұрғынның көп жылдан бері қарай шешімін таба алмай сандалып жүрген түйткілді мәселесінің түйінін тауып, бір жақты болдыру мақсатында аудан және ауыл әкімдігі бірлесе отырып, аудандық соттың судьясы Н.Даргулова, аудандық прокурор І.Шауқар, аудан әкім­дігінің заңгері Л.Жолдасбаева, сондай-ақ аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бастығының м.а. А.Чу­кин және арызданушы тұрғындардың қатысуымен кез­десу жиын өткізді.

Өз пәтерін өзінің меншігі екендігін дәлелдей алмай жүрген тұрғындар жиында жарыса сөйлеп, арыз-армандарын айтып жеткізді. А.Шораханова 1989 жылы сатып алған, тоқсаныншы жылдан арызданып, құжаты әлі бүтінделмеген үйіне қазір немерелерін тіркеуге тұрғыза алмай жүрсе, Б.Бержановтың пәтеріне құжаты бар, бірақ немерелерін тіркеуге тұрғыза алмайды. Ал Ш.Бұйраева пәтерін 1996 жылы сатып алған, бірақ пәтері апатты жағдайда болғандықтан, Астана көшесіндегі қызының үйінде тұрады. Қ.Иманғазиева пәтерді сатып алып, 600 мың теңгеге жөндеу жасатып, оңдап алған. Алайда «сараптама жасайтын мамандар сыртқы сәнін көріп апатты екендігін танымай қала ма?»  — деп алаңдайды. Г.Бимағанбетова атты тұрғынның пәтерге толық құжат­та­ры бар, бірақ үйін сата алатынына кү­мәнді.

Әр тұр­ғынның сауалына тиісті нақты жауаптар бе­рі­ліп, заң­герлік кеңестер ұсынылды. Сот шешіміне жүгінем деу­ші тұрғындардың алдымен не істеу керектігі мен қандай құ­жат қажет екендігі түсіндірілді. Тұрғын үй маманы А.Чукин егер әр үйден кемінде бес пәтердің құжаты дұрысталып, тұрғындар арызданса, сараптама жасатып, үйлердің апатты жағдайда екендігін анықтатуға ат салысатындығын айтса, сот пен прокуратура  мамандары қолдан келгенінше қолдау көрсетіп, құзіреті шеңберінде шешім қабылдайтындықтарын жеткізді.

Шынар КЕНДІН

Тағы оқыңыздар: Отызыншы мешіт — Мұнайшыда