өрт

Мұнай өнімдері жанып, өрт бола қалса, оны сөндіру көптеген қиыншылықтар тудыратыны анық. Мұндай өрттің өте ауыр болуы көмірсулардың физикалық және химиялық қасиеттеріне және олардың нысан қоймасында ауқымды жерді алып жатқандығына, басқа да көптеген қосымша факторларға  байланысты болады. Сондықтан мұнай өнімдерін тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындар тілсіз жаумен шайқасуға сақадай сай тұруы тиіс.

Таяуда Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) Ақтау қаласының өндірістік аумағында орналасқан «Ақтау» басты мұнай айдау стансасы аумағында өрт-тактикалық жаттығу өткізді. Ондағы мақсат—нысанда шартты өртті сөндіруді ұйымдастыру арқылы «Ақтау» БМАС әкімшілігінің, мамандары мен жұмысшыларының әрекеттерімен жұмыстану, нысанның ерікті өртке қарсы қалыптастыру мүшелерінің Маңғыстау гарнизоны бөлімшелерімен шартты өртті жою кезінде өзара әрекетін тексеру.

Жоспар бойынша «Ақтау» мұнай айдау стансасында резервуар ішіндегі шатырдың толық жұлынуы және құлдырауымен, бу қоспасының жарылысымен байланысты апат пен барлық бос жазықтардағы мұнай отқа оранды. Өртті сөндіруге қатысушылар лезде дайын болды. Станса қызметкерлері тез қимылдап, нысан ғимараттары мен құрылысы тоқ көзінен ажыратылды.

Мұнай айдау стансасының операторы өрт туралы нысан басшылығына, аудандық диспетчерлік бөлімнің диспетчерлеріне шұғыл хабарлап, резервуардың қиылыс тиектерін жапқызды. Суару сақиналарының шартты залалдануы салдарынан жанып жатқан № 17 резервуарда салқындату шаралары жүргізілмегендігімен жағдай қиындай түсті. Жанып жатқан резервуарға салқындатуды жылжымалы өрт сөндіру техникасымен жүргізу және көбікті ұнтақты шабуылға дайындауды қамтамасыз ету қажет болды. Ақыры, шартты өртті сөндіру іргелес резервуарларды үздіксіз салқындату арқылы мүмкін болды.

Жаттығу үшін шарты өртті сөндіруге «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС МФ өртке қарсы қызметі, «KMG-Security» ЖШС күзеті, «Өрт сөндіруші» 72-ӨСБ, «МАЭК-Казатомпром» ЖШС МЕӨҚҚ, «Жалын өрт сөндіруші» ЖШС, Маңғыстау облысы ТЖД өрт сөндіру және аапаттық-құтқару жұмыстары қызметі, «Ақтау» БМАС ерікті өртке қарсы қалыптасу мүшелері қатысты. Жалпы саны жетпіске жуық адам, сексен өрт сөндіру техникасы, соның ішінде өрт сөндіру автоцистернасы, көбікті көтергіш жұмылдырылған жаттығу сәтті өтті.

  Валентина ҚОЗЫБАҚОВА