санитарлық тексеру

Қазақстан  Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» Маңғыстау облысындағы филиалы мамандарымен  бірлесе  халықтың арасында дұрыс тамақтануын қалыптастыруға бағытталған акция өткізді. Ақтау қаласындағы 31-шағынауданда  орналасқан «Мағаш» сауда орталығында «Қауіпсіз тағам таңда» тақырыбында ұйымдастырылған бұл шара аясында тағамдар шұғыл сараптаудан өтті. Атап айтқанда, сүт, балық, дайын кулинарлық өнімдер, шарап, бал, жемістер мен көкөністерге шұғыл әдістерді қолдану арқылы зерттеу жұмыстары  жүргізілді. Сатып алушыларға өнімдерді таңдау кезінде сыртқы түріне, сақтау мерзіміне және температуралық режиміне көңіл аудару қажет екендігі айтылып, кеңестер берілді.

Шара барысында сауда орнына келген он үш адам 32 тамақ өнімдерін ақысыз түрде, шұғыл әдістерді қолдана отырып, өнімдердің қауіпсіздігін анықтауға мүмкіндік алды. Осы он үш тұрғынның алтауы сүт, балық, дайын кулинарлық өнімдер, шарап, бал өнімдерінің табиғилығын  анықтады. Ал жеті адам «Нитротестер» құрылғысының көмегімен 26  жеміс пен көкөністердегі нитрат мөлшерін тексерді. Нәтижеде 1 қарбыздың нитрат мөлшері  шекті көрсеткіштен асатындығы анықталды, ал өзге жеміс-жидектер мен көкөністерден ондай сәйкессіздік байқалмады.

Акция барысында мамандар тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен салауатты тамақтануды насихаттау мақсатында брошюралар таратылып, тақырып бойынша әңгіме өткізді.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА