katamaran

Бүгін Ақтауда мемлекеттің қолдауымен дамып келе жатқан шағын кәсіпкерлік нысандарында пресс-тур ұйымдастырылды. Олардың барлығы да өз ісін дамыту үшін «Даму» қорының Маңғыстау облыстық филиалы арқылы несие алған.

Пресс-тур Басқұдық ауылында орналасқан тұрмыстық химия шығаратын цехтың жұмысымен танысудан басталды. 2015 жылы құрылған «BatysTradeLTD» компаниясы өткен жылдан бастап ресейлік компаниялардың технологиялары мен рецептісі бойыншатұрмыстық химия өндірісін бастаған. Компания өндіріс базасын сатып алу үшін жылдық 14% мөлшерлемемен несие алған. Оның 4% кәсіпкер төлесе, 10% мемлекет субсидиялайды.

Айына 30 тоннаға дейін өнім шығаратын цех шикізатты Алматыдан алдырады.Компания басшысы Бауыржан Искаковтың айтуынша, Ақтауда шыққан тұрмыстық химия өнімдерін облыс аумағындағы дүкендерден таба аласыз. Кәсіпкер Маңғыстаумен шектеліп қалмай Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Алматы облыстарын да қамтуды көздеп отыр. Олар тіпті Алматы облысындағы кәсіпкерлермен келісім жасап үлгеріпті.

Мемлекеттің субсидиясымен ашылған екінші цех – «MAGA-BREAD» ЖШС қарасты макарон цехі. Компания бұған дейін нан-тоқаш өнімдерін шығарып келсе, енді макарон өнімдеріншығаруды да қолға алған. Бұл үшін кәсіпкер бизнесті қолдауға арналған «Өңдеуші өнеркәсіп саласындағы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау» және «Бизнестің жол картасы 2020» атты екі мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржы тартқан.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, цехқа италиялық автоматтандырылған өндіріс желісі сатып алынған. Мұнда ұнды ыдысқа құю, қамыр илеу, одан макаронды дайындау, формаға салып кесу, ыдысқа қаптауға дейінге әрекеттің барлығы автоматты түрде жасалады.

«Макаронның тоғыз түрі шығарылады, цехтың сағатына 1 тонна, тәуліген 24 тонна өнім шығаруға мүмкіндігі бар», –  дейді компания басшысы Айтжан Сауғабаев.

Цех макарон өнімдерін дайындау үшін қазақстандық ұнды пайдаланады. Цехтың толықтай автоматтандырылуы, әрі қазақстандық шикізатты пайдаланатындығы – нарықтағы макарон өнімдері бағасының төмендеуіне септігін тигізеді.

Бұдан кейін пресс-тур теңіз жағасындағы айлақта жалғасты. Ақтаулық кәсіпкерлер Каспий теңізінде 40 адамға арналған катамарандармен саяхат-серуен турларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Өткен жылы құны 80 миллион теңге бұл жоба туризм саласындағы «Саяхат» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. «Даму» қоры берілген 7,8% жылдық мөлшерлемемен берілген несиенің тең жартысын кепілдендіріп отыр.

Компания басшысының айтуынша, катамарандар тайландтық жоба бойынша Астраханьда жасалған. Өйткені олардың жобасымен жасалған 400-ге жуық катамаран Оңтүстік-Шығыс Азия суларында жүзіп жүр. Катамарандар жалпы жүккөтерімділі 4тонна, яғни 40 адамға лайықталған. Кәсіпкер бұл катамарандар қарапайым халықтың серуендеуі үшін арналғанын айтады. «Өйткені бір сағатқа созылатын серуенге билеттің құны 1000 теңге деп белгіленді», – дейді «ГУНА-Актау» ЖШС басшысы Наталья Ворожейкина. Қазір Ақтаудың орталығында катамарандарға тұрақ салынып жатыр, компания саяхат-серуен турларын осы айдың соңына таман бастауды жоспарлап отыр.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор