Астана күніне орай елордада спорттық және әскери самбодан Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың жүлдесіне арналған әлем кубогі сарапқа салынды. Байрақты бәсекеге 18 мемлекеттен 300-ге жуық спортшы қатысты. Дүбірлі додада ел құрамасының сапында маңғыстаулық үш балуан өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Балуандарды жарысқа белгілі бапкерлер Берік Жұмағалиев пен Ерлан Серіков дайындады.

Тарқатып айтар болсақ, 52 келі салмақта белдескен Нұркен Домбаев армениялық, грузиялық, ресейлік, қырғызстандық балуандарды айқын басымдылықпен жеңіп, алтыннан алқа тағып, халықаралық жарыста әнұранымызды асқақтатты. 57 келі салмақта Руслан Сариев және 100 келі салмақта Айболат Мұратұлы қола медальдарды қанжығалап, бапкерлер үмітін ақтады.

Маңғыстаулық үш балуан Әлем кубогында топ жарды — Самбодан ҚР Президентінің жүлдесіне арналған Әлем кубогын «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында халықаралық самбо федерациясы ұйымдастырды. Жарыстың ашылу салтанатында халықаралық самбо федерациясының президенті В. Шестаков қатысып, қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Үш күнге  созылған жарыс қорытындысында жалпы командалық есепте бірінші орынды 13 алтын, 12 күміс және 29 қола медальмен Қазақстан құрамасы еншілеп, Кубок иегері атанды. Екінші және үшінші орындарға Грузия мен Ресей командалары тұрақтады. Ел намысын абыроймен қорғаған балуандардың қатарында облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Нұркен Домбаев, Руслан Сариев, Айболат Мұратұлының болғаны бізді қуантады. Халықаралық жарыста Нұркен 4 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетсе, Руслан 5 кездесу өткізіп, жартылай финалда қырғызстандық балуанға есесін жіберді. Айболат-жапониялық, қазақстандық қарсыластарынан басым түсіп, шешуші сәтте өзбекстандық балуанға жол берді. Сөз реті келгенде жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасының басшысы Б. Байжанов мырзаға және облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы М. Бисекеновке алғыс айтамыз,-дейді экстра-класс дәрежесіндегі төреші, облыстың самбодан аға бапкері Берік Жұмағалиев.

Венера МИРЛАН